Маңғыстаудағы Өтес орта мектебінде саяхатты жақсы көретін оқушылар өте көп. Балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру және олардың туризмге деген ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оқушыларды туристік жорыққа алып шығу мектепте жолға қойылған.
Атап айтсақ, мектебіміздің «Сейсмо-8» жас геолог командасы Сайөтес Үстірттің батыс кемері Тұзбайыр Үстірттің батыс кемері Өрмелі Сайөтес бағытындағы жартылай жаяу және автомобилді туристік-геологиялық жорыққа шықты. Геологиялық жорық Сайөтес ауылынан оңтүстік-батысқа Сынды құлау жолы арқылы басталды. Үстірттің батыс кемерінен тау жыныстарының үлгісін алды. Үстірттің ернектерін алғаш көрген оқушылар еріксіз таңғала тамсанып қарады. Өйткені табиғаттың қолмен жасап қойғандай керемет көріністері әрбір адамға ерекше әсер, ғажап сезім сыйлап тұрды. Туристік жорық барысында балалар геологиялық кесік, полентологиялық, минералогия және петрографиялық бағыттағы кіріспе жұмыстарды байқап көрді. Үстірттің батыс кемеріне туристік дағды бойынша техника қауіпсіздігі негіздерін сақтап , құз жартаспен көтерілді. Одан әрі жорық жылжи отырып, Тұзбайырға барды. Тұзбайыр – туристердің де, ғалымдардың да қызығушылығын туғызатын аймақ. Алғаш барған балалар таңғажайып мекеннің көзді тамсандырар табиғатын көріп қызықты. Үлкен аумақты алып жатқан сорға қараудың өзі бір ғанибет. Ортада теп-тегіс болып жылтырап жатқан тұз – тұз емес, шаңғы тебетін мұз айдыны сияқты. Ал әк тастан тұратын шатқалдар алыстан қарағанда алып қамалдарды еске салады. Балалар бақылау, барлау жұмыстарын жүргізіп, ізденгенде балықтардың сүйектерін (кейін анықтатқанда акулалардың тісін) тапты. Тапқан заттарының тану мүмкіндігіне ие болды. Бұл жер расында, ежелде жойылып кеткен балықтар мен жәндіктердің қалдығына бай. Оның себебі осыдан 14-10 млн. жыл бұрын, яғни неоген дәуірінде, бұл жер "Сармат теңізі" деген қазіргі Венадан Тянь-Шаньға дейін созылған үлкен теңіздің түбі болған. Әсіресе, балалар бір орында тұрмай, "Тағы бірнәрсе тауып алармын. Тағы бір нәрсе көріп қалармын" деген оймен жотадан-жотаға шығып, айналадағы тіршілік иесінің назарын өздеріне аудартып, мәз-мейрам болды. Оқушылар туған жері туралы көптеген мәліметтер алып, күнделік жүргізді. Күнделікке жорық барысында байқағандарын белгіледі. Қарапайым тәжірибе жасап, коллекция жинақтап, ауа-райы мен айды бақылап, болжам жасап, арқандар арқылы жоғары шығуды, шатыр құруды, алау жағуды үйреніп, табиғаттан асқан суретші жоқ екенін түсінді.
Өлкетану жұмыстарына балалардың ерте кезден араласуы олардың ой-өрісін дамытады, қоғамға қажетті білімге құштарлық, байқағыштық, тапқырлық, ізденімпаздық қасиетке, өз бетімен шығармашылық іске ұмтылуына, болашақ мамандық таңдауына да игі әсер етері сөзсіз..
Гүлсім НӘДІРОВА, Өтес орта мектебінің география пәнінің мұғалімі