Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты - Қырандай күшті қанатты. Мен жастарға сенемін! - деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай біздің халқымыз жастарға үнемі сенім артып келеді. Сондықтан оларға ізбасарымыз, жолымызды жалғастырушы деп есептеп, тәрбиелеп, түзу жолды нұсқап отырады. Осы қағида, осы ұстаным осы күндері де өзінің сол құндылығын жойған жоқ. «Жастар – біздің келешегіміз», «Болашақ – жастардың қолында» деп олардың әрбір қимылына, жігерлі істеріне сүйсініп, өмір бойы бас-көз болып келеді. Бұл үрдіс тәуелсіздік жылдарында да жалғасын таппақта. Сол үшін де ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келесі 2019 жылды «Жастар жылы» деп бекерге айшықтап отырмаған болар.
Жалпы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру – егеменді еліміздің саналы да салауатты ұрпағын тәрбиелеу. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар туралы» заңы 2015 жылдың 9 ақпанында күшіне енді. Жастар саясаты туралы заңмен бірге «Қазақстан-2020; Болашаққа жол» ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасы да кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде орындау мақсатында 2002 жылдың шілде айынан бастап «Жаңаөзен қалалық жастар орталығы» жұмыс жасап келеді. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңының 23-бабына сәйкес, 2016 жылдың 8 ақпанында Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қаулысымен орталық атауы «Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта қалыптасты.
Биыл «Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «Жыл үздігі – 2018» жастар сыйлығы осымен алтыншы рет табысталып отыр. Онда «Үздік жас спортшы», «Үздік жас тәрбиеші», «Үздік жас мұнайшы», «Үздік жас кәсіпкер» сияқты 17 аталым бойынша жастар сыйлықтанып, диплом және арнайы естелік мүсіндермен марапатталды.
Қала, ауыл жастарының азаматтық ұстанымдарын жандандыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға жәрдемдесуге белсенді түрде атсалысқандары үшін бір топ жас жігіттер мен қыздар қала әкімінің алғыс хатына ие болды. Сыйлықтарды қала әкімі Әділбек Дауылбаев салтанатты түрде табыстады. Салтанатты шара әсем ән, мың бұралған билермен өрімделіп отырды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН