Маңғыстау станциясында жолаушылар пойыздарында халыққа түрлі құқықтық мәселелер бойынша консультативтік көмек көрсету мақсатында "Бақытты отбасы - бақытты ел!" ұранымен "Сенім купесі-2017" акциясы ұйымдастырылды.
Шара "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" халықаралық акциясына орай өткізілді. Ақтау станциясындағы ІІЖб ЮПт учаскелік полиция инспекторы Жәнібек Абилакимовтың айтуынша, онда "Нұр Отан" партиясы Мұнайлы аудандық филиалының, Маңғыстау көлік прокуратурасының, "Мейірім" кризистік орталығының өкілдерімен бірлесе №377-378 "Маңғыстау-Алматы", №309-310 "Маңғыстау-Ақтөбе" пойыздарының штаб вагондарында радио жүйесінен хабарлама беріліп, жолаушылармен сұқбат жүргізіліп, арнайы үнпарақтар таратылған.
Біз де "Маңғыстау-Ақтөбе" пойызының №8 вагонындағы әйел-қыздармен болған әңгімелесуге қатысқан едік. III купедегі атын атамауды өтінген жолаушылардың бірі өзінің 14 жастағы қызы бар екенін айтып, әсіресе өтпелі кезеңдегі жасөспірім қыздарды біреулердің арбауына түсіп, шалыс қадам басудан қорғау үшін мектеп инспекторы мен әкімшілігінің қатаң талап қоюы қажеттігін сөз етіп:
- Өзім вахталық тәртіптегі жұмыспен үйде көп бола бермеймін. Қызым қазіргі жасына байланысты қыдыруға шыққысы, кафе, ресторандағы туған күнге, отырыстарға барғысы келеді. Тиым салсам "Мама, қойыңызшы, бәрі барады ғой", - дейді. Мектеп инспекторлары сондай бір жұмыстар жүргізсе, біз айтқаннан пайдасы көбірек болар еді, - деді.
Профилактикалық жұмыс көлік объектілеріне жақын орналасқан жалпы білім беру мектептері мен мекемелерде жалғасын тапты.
- Сондай-ақ айта кететін тағы бір жайт - бүгінде Ақтау станциясы ІІЖб мен Бейнеу станциясы ЖПб-не зорлық-зомбылық көріп жәбірленген немесе заңды құқығы шектеуге ұшыраған қыз-келіншектердің арыз-шағымын қарайтын арнаулы комиссиялардың жұмыс жасауы. Қажет болған жағдайда көліктегі полиция тарапынан жәбірленушілерді облыс орталығында осы мақсатта ашылған "Мейірім" орталығына орналастыруға, оларға сол жерде моральдық, психологиялық, басқа да көмектер көрсетуге мүмкіндік бар, - дейді Ж.Абилакимов.
Шахида ЖҰМАН