«Хан-Шахар» салтанат сарайында «Жастар сыйлығы-2017» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанған жастарды облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов құттықтап, марапаттады.
- Жастар – елдің ертеңгі тізгінін ұстаушы, ұлан-ғайыр жерімізді гүлдендіруші күш. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов әрдайым жас толқынға үлкен сенім білдіріп, зор қолдау көрсетеді. Белсенді, талантты жастарға мол мүмкіндіктерге жол ашады. Қазір айдан алқа, жұлдыздан жүзік жасайтын сіздердің жастық шағыңыз! Осы әдемі жастық кезіңізде қоғамдық жұмыстарда көзге түсіп, іске іркілмей атсалысып, құрдастарыңыздың арасынан озуға, мықты болуға тырысуыңыз қажет! Сіздер бұрыс жолға түскен замандастарыңызға үлгі болып, олардың арманына асығуына, еңбекқор да талапты болуына септесесіздер! Баршаңызды еліміздің ұлық мейрамы – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің игілікті істеріңізге, жарқын бастамаларыңызға табыстар тілеймін! - деп ақ тілегін білдірген Мақсат Нұрлыбекұлы облыстың жастар саясатын дамытуға сүбелі үлес қосып, биік белестерді бағындырып, еңбектері жанған жастарды марапаттады.
Барлық жеңімпаздар облыс әкімінің атынан арнайы марапатқа және қымбат сыйлықтарға ие болды. Олардың құрметіне жергілікті өнерпаздар өнерін паш етіп, көтеріңкі көңіл күй мен қайталанбас әсер сыйлады.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44618,44620,44619"]