©
Ауданда әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері басталды. Алғашқы дәстүрлі жиын Маңғыстау ауылында өтіп, оған ауыл тұрғындары, аудандық мекеме басшылары мен халық қалаулылары қатысты.
Басқосу барысында Маңғыстау ауылының әкімі Қалқатай Өтемұратов 2017 жылы жасалған жұмыстары мен ауылдың ахуалы жайында баяндама жасады. Сөз басында өткен жылғы кездесуде тұрғындардан түскен ұсыныстарды тілге тиек етіп, нәтижесінде «Айшат» мейрамханасынан мектепке дейін қатқыл табанды жол төселгенін, Маңғыстау-3 тұрғын үй массивінен 640 орындық мектеп салуға жер телімі нақтыланып, жобалық сметалық құжаттарын жасақтауға ұсыныс берілгенін айтты. Сонымен қатар Маңғыстау-1, 2 тұрғын үй массивтерінде жаяу жүргіншілер жолын салу жөнінде ЖСҚ жасақталып, Маңғыстау-3 тұрғын үй массивін құбыр арқылы сумен қамтамасыз ету жұмыстары мемлекеттік сараптамадан қорытындысы алынып, бюджеттік тапсырыс берілгенін жеткізді.
«Ауылда биыл халық саны 8%-ға өсті. Оның 911-і жаңа өмірге келген сәбилер болса, 406-сы көшіп келгендер. Ал білім саласына келсек, өткен жылы мектеп бітірген 156 түлектің 145-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. 14 оқушы Алтын белгі, 12 оқушы үздік аттестатқа ие болды. Тестілеу қорытындысы бойынша №5 Шоғы батыр атындағы мектеп облыстағы үздік 10 мектептің қатарына кірді» – деп, әр сала бойынша жасалған жұмыстарға жеке-жеке тоқталған ауыл әкімі мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды да атады.
Айтып өтсек «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы 2017 жылдың қаңтар айында Маңғыстау ауылының 15 кварталында және Есмамбет, Шапағат көшелерінде құбыр арқылы ауыз сумен қамтылған. Маңғыстау-4 тұрғын үй массивіне «Дизайн Скулл» ЖШС өткен жылы ауыз су тарту жұмыстарын бастап, биыл сәуір айында пайдалануға бермек. Сондай-ақ, Маңғыстау-3, 5 тұрғын үй массивтерін ауыз сумен қамтуға жасақталған ЖСҚ-ның мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік тапсырыс берілген. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында төрт қабатты 24 пәтері бар он екі үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.
Кезекті сөз тізгінін алған аудан әкімі Нұрлан Тәжібаевта аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар жағымды жаңалықтармен бөлісті. Жер қойнауын пайдаланушылар есебінен Маңғыстау ауылынан 500 орындық Мәдениет үйі мен бюджет саласының қызметкерлеріне арналған 100 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатқанын және осы жылы аяқтау жоспарда бар екенін айтты. Сонымен қатар Маңғыстау-1, 2, 3, 4, 5 секілді тұрғын үй массивтеріне атау берілетінін жеткізді.
500 адамға арналған залды толтыра жиналған халық жиында белсенділік танытып, Маңғыстау-5 тұрғын үй массивінен қоғамдық көлік жүргізу, балалар ойын алаңын салу, көшелерге батырлар мен танымал тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныс-пікірлерін білдіріп, әкімдерге «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47314,47316,47315"] Тағы оқыңыз: Бәрі мамандық таңдай білуден басталады