©
Бұл туралы бүгін облыстық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Отырыстың күн тәртібінде жанар-жағармаймен, газбен, тұтыну тауарларымен қамтамасыз ету және бағасын тұрақтандыру талқыланып, тұрғындардың арыз-шағымдары қаралды.
Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев, облыстық мәслихат хатшысы Серікбай Трұмов, басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен тұрғындар қатысты.
Облыста бүгінде 47 май құю бекеті жұмыс істейді. Былтыр қыркүйек айында мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуде тұруына байланысты республика бойынша жанар-жағармайдың жетіспеуі мәселесі туындады. Өзекті тақырып бүгінгі жиынның да арқауына айналды.
- Қазір жанар-жағармай жетіспеушілігі туындамайды деген үміттеміз, себебі артық қорымыз бар. Сондай-ақ жыл сайын өңірдегі газбен жүретін көліктер саны көбейіп келеді. 2017 жылдың өзінде 8 мыңға жуық автокөлік газға көшті. Болашақта барлығы газға көшетін жағдай болса, біз оған дайын болуымыз керек. Қазір республика бойынша газдың нақты бағасы қойылды. Облыс бойынша орташа баға – 55 теңге, Бейнеу ауданында – 65 теңге. Біздегі баға өскені рас, бірақ өзге өңірлермен салыстырғанда төмен, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев.
Оның айтуынша, қазір қосымша сұйылтылған газ облысқа Ақтөбеден және осы қаңтар айынан бастап Атырау өңірінен әкелініп жатыр. Сонымен қатар Серік Аманғалиев алдағы сәуір-мамыр айында Жаңаөзендегі мұнай өңдеу зауытына профилактикалық жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сол уақытта мәселе туындамас үшін жан-жақты дайын болу қажеттігін баса айтты.
Бүгінде өңіріміздегі 64 елдімекеннің 53-і тауарлық газбен қамтылған. Ал шалғайдағы 8 елдімекен әзірге бұл тізімге енбейді. Себебі ол жерлердегі халықтың жалпы саны 1200-ді ғана құрап отыр.
- Қашықта орналасқан 30-40 үйге газ тарту біраз қаржыны талап етеді, сондықтан кейде рұқсат етілмейді. Бірақ соған қарамастан, осылардың арасында Тиген және Тасмұрын атты екі елдімекенге газ тарту жөнінде құжаттама дайындалып жатыр. Ол жердегі тұрғындар ешқайда көшіп кетпейді. Сондықтан Үкімет қаражат бөлмесе де, қалай болғанда да газды жеткізіп беруіміз керек, - деген облыс әкімінің орынбасары Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Сапар Аманбековке нақты міндеттер жүктеді.
Бұдан бөлек басқосу азық-түлік, тұтыну тауарлары, тарифтер мәселелелерін ортаға салды. Аймақтағы коммуналдық қызметтер тарифінің жоғары екендігі, азық-түлік құнын арзандату үшін тарифтермен жұмыс істеу керектігі де баса айтылды Бірнеше жылдан бері келе жатқан даулы мәселе – Қансу кен орнын зерттеуге, қаржы бөлуге облыс әкімдігінің тікелей араласуы ұсынылды.