Қазақстан Ұлттық құрамасының Олимпиадаға жеңіп алған жолдамалар саны толығымен анықталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ресми түрде хабарлады.
Қазақстандық құраманың еншісінде 57 жолдама бар:
мәнерлеп сырғанаудан - 3,
фристайл-могул-4,
биатлон - 10,
тау шаңғы спорты-2,
шорт-трек - 12,
конькимен сырғанау - 12,
шаңғы жарысы - 7,
шаңғы спорты -1,
фристайл-акробатика-5,
трамплиннен секіру-1.
Олимпиада қалашығы Пхенчхан және Каннын қазірде біздің құраманы қарсы алуға әзір. Қалашыққа ең алғаш болып биатлоншыларымыз жол тартады. Олар жоспар бойынша 1 ақпан күні кіреді. Ал 7 ақпан күні еліміздің көк байрағы көтеріледі.
Дүбірлі додаға 95 мемлекеттен 2 900 спортшы мен ресми өкілдер қатысады деп жоспарланған. Пхенчханға ең көп спортшы апаратын елдің де есімі белгілі. АҚШ құрамасы 242 жолдамаға ие болған. Олар спорттың барлық 15 түрінен бақ сынайды. Құрамадағы 139 спортшы төрт жылдық додаға алғаш рет қатысқалы отыр.
Өздеріңізге белгілі, Ресей құрамасы басты бәсекеге қатысу құқығынан шеттетілді. Бұл елдің атлеттері тек «Ресейден келген Олимпиада қатысушылары» деген атпен Олимпиада туының астында өнер көрсетеді. Жеңіс тұғырынан көрінгендерге Олимпиада жалауы көтеріледі.
Естеріңізге салайық, ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47355,47356,47357"]