©
Еліміз егемендігін алып, өз алдына отау тіккеннен-ақ шет елдерде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз ағылып келе бастады. Өздері туып-өсіп, кіндік қаны тамып, балдәурен балалығы мен жарқылдаған жастық шағы өткен туған жерлерін, бір үзім нанды бөліп жеген, ұлты басқа болғанымен, тілегі бір достары мен қуаныш-қайғысын бөлісіп келген көршілерін атажұрты үшін көзі қиып, тастап кетті. Қызыл саясаттың қыспағымен басы ауған жаққа шашыраған аталардың ұрпақтары бүгінде елдің құтын арттырып, берекесін кіргізуге барынша үлес қосып жүр.
Тәңірберген Оспанов та алдыңғы лекпен атамекеніне оралғандардың бірі. Тоқсаныншы жылдардың ортасында отбасын Ақтау қаласының сыртындағы саяжайлардың біріне көшіріп әкелген ол құжаттарын рәсімдеп алғаннан кейін ешкімге алақан жаймады. «Жерінен айрылған — жеті жыл жетім» демекші, қоныс ауып, тұрмыс өзгергендіктен қиыншылықтар да шаш-етектен. Елім деп, еңіреп келіп, осы жолда бар ауыртпалықты арқалауға бел байлағасын қарап жатуға болмайды. Алдымен, өзіне қарай аузын ашып отырған отбасын асырауы керек. Жаратылысынан еті тірі, аңғарымпаз аға айналасына бір қарап жіберіп, халыққа қалай қызмет қылу жағын бағамдады. Еңсесін көтере алмай отырған елге не керек болса, соны жеткізіп тұрды. Алыстан көшіп келген ағайындар тұрғын үйге айналдырып алған саяжайларға газ құбыры тартылғанша оларды отынмен қамтыды. Сонау Екібастұздан вагонмен көмір тасыды. Баспана тұрғызып жатқандарға тас әкелді. Не істесе де, халыққа пайда, бала-шағасына нәпақа болды. Саяжайларды мекендеген бауырлардың Мұнайлы ауданы құрылғанға дейінгі төмен ахуалын көтеріп, жағдай жасау жолында ат салысып, ресми орындардың есіктерін тоздырды.
Перзенттерінің алды қыз бала болғанымен, соңынан ерген ұлдары жастайынан әкелеріне көмекшілікке жарады. Дастархан басында бастары біріккен сайын еңбеқор әке:
- Жан баласына көздеріңді сатып, алақандарыңды жаюшы болмаңдар. Ешкімнің ештеңесін қызғанып, күндемеңдер. Бойларыңдағы бар күштеріңді адал еңбекке жұмсаңдар. Маңдай термен тапқан нан ғана тәтті де берекелі болмақ. Банктен несие алып, оған жағдайыңа қарамастан әдемі көлік, қымбат киім сатып алып, кейін оны өтей алмай жүруден сақтаныңдар. Қолға түскен ақшаны пайдалы іске ғана салу керек, -дегеннен жалықпады.
Деп қана қоймай, өзі өнеге бола білді. Жұмысы басынан асып жатса да, ата діннен ажырамай, бес уақыт намазын оқып жүрген ол Мекке барып, қажылық парызын да өтеп қайтты. Кісінің ала жібін аттамастан, дамылсыз жұмыс істеумен жүретін әкенің жанынан екі елі қалмайтын балалары да көргенін істеді. «Анау кәсіптен пайда аз, мынаның машақаты көп, мынау қиын» демеді, жұмыс таңдамастан орайы келген істі атқара берді. Күн шыққанша ұйықтап, керіліп-созылу дегеніңіз бұл үйдің ұл-қыздарына жат әдет. Табыстарын шашау шығармастан бір ортаға жиып, кішігірім жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, техникалық қызмет көрсетумен де айналысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, бір үйдің балалары бір мақсатқа ауызбіршілікпен жұмылғандықтан береке де күннен күнге арта берді. Ұлдар үйленіп, қыздар тұрмысқа шықса да, тіл-көзден аулақ, бір жұдырықтай жұмылған қалпында.
Іс тетігін іздеп, дөп басып таба білетін олар осыдан үш жылдай бұрын Баянды ауылында тұралап қалған жанар-жағар май құятын стансаның жерін сатып алды. Ондағы ой — осы жерден үлкен мал шаруашылығын ұйымдастыру.
Жақында жұмыс бабымен Баяндыдағы «Усманов» деп аталатын осы шаруашылық базасында болдық. Бізді ең алдымен қайран қалдырғаны мал-құс бағылатын жердің тап-тұйнақтай тазалығы еді. Атқораның өзі асқан ұқыптылықпен ұсталғаны сүйсінтті. Базаның қақ ортасында күйсеп тұрған түйелердің де айналасы тап-таза.
[embed]https://youtu.be/xby_UbD-OAI[/embed]Біз барған соң көп ұзамай мал жайылымға айдалды. Кең аулада тауықтар қалды. Арасында сұлу қанатын жарқырата жаятын тауыс құсы да жүр жайылып. Оның алақандай бір жұмыртқасының өзі он мың теңгедей тұрады екен, ал балапаны алпыс мың теңге шамасында.
[embed]https://youtu.be/IzUa9iw7vzQ[/embed]Қазір мұнда жиырма шақты жылқы, төрт түйе, алпыс шақты тауық, он шақты қой бар. Тәңірберген аға келешекте шаруашылығын кеңейткісі келетінін айтты.
- Атакәсібімізді дамытып, мал санын көбейтіп, түйені отызға, жылқыны елуге жеткізгіміз келеді, - деді ол. - Бірақ қаржы жетіңкіремей тұрғасын субсидия сұрауға мәжбүрміз. Жақында облыс әкімі Ералы Тоғжанов келіп, шаруашылықты өз көзімен көрді. Өз күшімізбен кәсіп ашанымызға ризашылық білдіріп, жақсы лебіз айтты. Жанындағы Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев пен ауыл әкіміне бізге көмек көрсетуді тапсырды. Субсидияға қол жеткізуімізге де жәрдемдесетін болды. Бұйырса, жайылымға жер аламыз. Әкімнің тапсырмасымен бізге жағдай жасалатын болса, алға қойған үлкен жоспарымыз бар. Мына жылқының барлығы дерлік буаз. Көктемде осы жылқыларды сауып, шамамызға қарай сүт өнімдерін өндірсек дейміз.
[embed]https://youtu.be/mo4Zv2WMVpg[/embed]Шаруашылықты өркендетуді көздеп отырған Оспановтар жылқы және түйе сүтімен қоса ешкі сүтін де сатуға шығаруды ойластырып отыр. Осы жерде мал сойып, тұрғындарды етпен, жұмыртқамен қамту да қолға алынбақ. Шаруашылықты ірілендіру үшін, әрине, қажет болатын қаржы аз емес. Базаның қасынан дүкен ашу, сүт құятын құрылғылар алу сияқты толып жатқан жұмыстар күтіп тұр алда. Бұл жұмыстар оңынан оралып жатса, ауылдың біраз тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік туары анық. Ал қазір бір шаңырақтан өрбіген ұл-қыздар өз отбасыларымен бірге бір кісідей жұмылып, осынау үлкен істі абыроймен атқару қамында.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47378,47377,47376,47391,47374,47379"]