«Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы спорт кешені ашылды
10 мыңнан аса тұрғыны бар, күн санап дамып отырған Ақшұқыр ауылында бұрын соңды бүгінгідей қуаныш болмаған шығар. Көптен ауыл жастары сұрап жүрген спорт кешені де 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысуымен ашылды. Ауыл жастарына қуаныш сыйлаған кәсіпкер әрі депутат Айтқали Төлеумағанбетов ашқан «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы спорт кешенінің жалпы аумағы 400 га жерді алып жатыр. 400 адам жаттығуға арналған кешен 65 миллион теңге қаржыға салынып, «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламалық Елбасы мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасы негізінде ел игілігіне беріліп отыр. Түпқараған ауданының Құрметті Азаматы Күзембаев Аманғали Жұмашұлы және кик-боксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Словакия, Индия елдерінде өткен әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының 9 дүркін чемпионы атанға Жасұлан Нежимов жаңа ғимаратың лентасын қиды.
Облыс әкіміне жаңа ғимаратты таныстыған Төлеумағанбетов Айтқали Азанұлы ауыл жастарының уақыты тиімді пайдалануға мүмкіндік туып, талай спорт дүл-дүлдері шығатынына қолынан келген бар мүмкіндікті жасағанын жеткізді. Жаңа ғимаратпен танысқан облыс әкімі жас спортшыларға спортта жетістік тіледі.
Ақшұқыр ауылының жылдағы әкім есеп беруіне бара қалсаң көтерілетін бұл мәселесі де жомарт жанды ауыл азаматы арқасында шешімін тапты.
Ауыл жастары ауылына игілігін тигізген кәсіпкерге риза. Өз қарабасының қалтасын қампитпай, елмен бөлісе білген ел азаматына облыс басшысы да алғысын білдірді. «Елде жастарына жанашыр, дарындарына қолдау білдіре алатын атымтай азаматтар көбейсе, мәселелер тез шешімін табары анық. Дәл осы жомарттықты спортшы жастар талай додаларда көк туды көкке көтере ақтайтынына сенім мол. Елбасының бағыт берер бағдарламалары да ел азаматтарының ел мәселелеріне тікелей араласуы арқылы шешімін табу екенін көздейтіндігін жеткізді.
Жеке медициналық орталық жұмысы таныстырылды
Ақшұқыр ауылында былтырдан бері ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп отырған нысанды облыс әкімі қатысуымен салтанатты түрде ашты. Облыс басшысы «Жоламан» медициналық орталығының жүрек, қан-тамыр, тіс, көз, құлақ, мұрын тағы басқа ауруларды қарайтын аппараттармен танысты. Бір мезетте 15 адамды қарай алатын орталықтың мүмкіндігін өз көзімен көріп, танысып шыққан облыс басшысы ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалау бағытында жасалып жатқан жақсы жұмысқа ризашылығын білдірді.
Жетінші жеке меншік балабақшада артықшылық көп
Аймақ басшысының сапары үлкен ауылдағы жетінші болып ашылғалы отырған жеке меншік 140 балаға арналған «Алма» балабқшасының ашылу рәсіміне қатысуымен жалғасты. Балабақша барысымен арнайы танысқан облыс әкімі -Маңғыстауда жылына 20 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сондықтан қазіргі таңда ата-аналар үшін ең керекті нысан – балабақша. Болашақта облыста бөбекжай жетіспеушілігін толық жоюға мүмкіндік жасалуда, - деді.
140 балаға анайы ашылып отырған «Алма» балабақшасына жеке кәсіпкер 640 млн теңге қаржы жұмсаған. 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отырған балабақша бұл үлкен ауылдағы кәсіпкерлердің қаражатына салынған 7-ші балабақша. Одан өзге ауылда екі мемлекеттік балабақша қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, бұл балабақшаның өзге балабақшадан ерекшелігі - инклюзивті білім беру жүйесі қолға алынып, мүгедек балаларға да арнайы қызмет көрсетілмек. Балабақша да екі топ арнайы бағамен терең білім беруге, ағылшын тілін тереңдетіп үйретіп, баланың тұлғалық қалыптасуына бағытталған қызмет ұйымдастырылатынын балабақша әдіскері атап өтті.
Халық қаржысына жаңа мешіт бой көтерді
Тұңғыш Президент күні мерекесінде ақшұқырлықтар үшін ауыл ортасынан көк күмбезді мешіттің бой көтеруі ерекше қуаныш болды. Өзге ауылдарға үлгі боларлық істі Ақшұқыр ауыл халқы бастап, кәсіпкерлері қолдап, өздері жинаған 50 млн теңге қаржыға бір мезетте 500 адам құлшылық жасай алатын мешіт тұрғызды.
Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында бой көтерген ғибадат үйінің ел игілігіне берілуіне арналған салтанатта Құран оқылып, облыстағы 31-мешіттің ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі құттықтауын арнады.
- Діннің тазалығы – елдің тазалығы. Елдің тазалығы – халықтың рухының биіктігі, осының арқасында қазақ елі де, халқы да бір бола алады. Басқа бағытқа кеткен елдердің жағдайы бәріңізге мәлім. Еліміздегі бірлік пен бейбітшілікті мақтан тұтайық және соған берік болайық. Имандылыққа бастаған ниетпен жиналдыңыздар. Тойымыз құтты болсын! - деп жаңа мешітке жиналған жамағатқа ақ тілегін арнап, мешітке Құран кітабын сыйлады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейтбеков дұға-тілегін арнап:
- «Иманды елді дауда алмайды, жауда алмайды» деген біздің бабаларымыз. Сондықтан имандылығымыз күшті болса, береке мен бірлігіміз күшті болмақ. Біздің елімізде кешегі 1992 жылы бар болғаны 68 мешіт болса, бүгінде 2600-ге жуық мешіт болды. Қазір ашылғалы тұрған мешіт, біздің облысымыздағы 31-ші мешіт. Осы мешітке қандай да бір көмек беріп, ең аз дегенде сөз жәрдемін берген адамдарға да сауаптан жазылады, - деп сөз алып, жаңа ашылған ауыл мешітіне жоғары діни білімді, магистр дәрежесі бар азамат Оспан Әбдіхановты еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен имам етіп тағайындағанын таныстырды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ