Мұнайлы аудандық зағыптар қоғамдық қоры мен «Қамқор Ақтау»жастар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен аудандағы зағип жандарға «Ақшам» мейрамханасынан дастарқан жайылып, көңілді кеш ұйымдастырылды.
Қамқорлық шарасына аталған үкіметтік емес ұйымдардың басшылары Асқар Досмухамедов, Кенжегүл Тайғара, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының кеңесшісі Қадырбек Жексенбаев және облыстық «Зағиптар қоғамдық бірлестігі» корпоративтік қорының директоры Амангелді Мұхамедов, зағиптар қоғамы оқу өндіріс орнының өкілдері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Мерекелік жиынды өнер мектебінің оқушылары мың бұралған биімен, облыстық филармония әншісі әнімен әрледі. Шақырылған қонақтар да өнерден құралақан емес екен. Отырыстың тартымды өтуіне олар да атсалысты.
- Бірлестігіміз әйелдер күніне орай қарттар үйіндегі апа-әжелерімізге мерекелік тартумен, Басқұдық ауылында тұратын өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғын А.Қожабекованың үйіне азық-түлікпен барып, көңілдерін көтеріп қайтқан еді. Бүгін аудандағы зағып жандарға қуаныш сыйлауды мақсат тұттық,- дейді кешті ұйымдастырушылардың бірі Кенжегүл Тайғара.
Шара соңында К.Тайғара мен А.Досмұхамедов «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталды.
Шахида ЖҰМАН