Сылдырлатпай кесені, шай құяр ма еселі?! Бұл сұрақ үмітпен бала өсіріп, арманмен келін түсіретін қай қайсы ата-ананы да ойландырмай қоймасы анық. Өйткені қазіргі қоғамда Шал ақын айтпақшы "Ас құй десең төккісі келетін, "төкпей құй" десең сөккісі келетін" келіндер де баршылық. Қызылтөбе мәдениет үйінде өткен аудандық жеңешелер сайысы міне осындай келіндерге үлгі болса ғажап емес.
Осымен қатарынан үшінші жылы ұйымдастырылып отырған сайысты мәдениет үйінің өнерпаздары "Ененің әңгімесі" атты театрландырылған қойылыммен ашты. Бұл жолы үйде келін, мектепте мұғалім рөлін атқарып жүрген келіндер сыналды. Олар үйде де, жұмыста да ұрпақ тәрбиесіне жауапты жандар емес пе? Сондықтан байқау шарттары да оңай болмады. "Өнерлінің өрісі кең", "Отағасының сүйік тағамы", "Сылдырлатпай кесені, шай құяр ма еселі?!", "Адам көркі шүберек" деген сынақтар бойынша сән үлгісін көрсетіп, қолынан шыққан тағамдарын ұсынып, тосыннан келген сұрақтарға жауап беріп, өздерін түрлі қырынан паш етті. Жарысқа отбасы мектебінен 15-30 жылдық тәжірибелері бар аналар қазылық етті.
Жарыс қорытындысында жан-жақтылығымен төрешілерді ерекше тәнті еткен Қызылтөбе лицейінен Қалжан Давишова I орынды, №5 мектептен Айгүл Сәтбергенова II орынды, №12 білім ордасынан Айнұр Ануарбекова III орынды жеңіп алды. №1 мектептен Лязат Өтесинова "Инабатты жеңеше", №9 мектептен Жанат Кенжаева "Өнерлі жеңеше", №11 мектептен Таңшолпан Өмірзақова "Ақылды жеңеше" номинацияларымен марапатталды. Келіндердің барлығы да бұл атақтарға өзара татулығын көрсетіп, берілген сыннан қайынсіңлілерімен бірлесе өту нәтижесінде ие болды.
- Ұлттық салт-дәстүрді қадірлеуге, туыстық қатынасты нығайтып, соның ішінде келіннің отбасындағы рөлін артыру, олардың бойына инабаттылық, әдептілік, имандылық, ибалық қасиеттірін дарыту үшін мұндай іс-шараның маңызы өте зор болмақ. Келіндер бір-бірлерінен білмегенін үйренеді, өзгелерге үлгі көрсетеді. Әрі өз шаңырағының, тәрбие берген ата-анасының, үй тірлігіне үйреткен енесінің мерейін асырады,-дейді келіндер байқауына төрелік жасап, олармен өмірлік тәжірибесін бөліскен ақжаулықтылардың бірі Набат Қолат.
Шахида Жұман