Баяғы қайсар мінез қыздар қайда?
Көңілім байыз таппай қайда қонар? Шыдамай қырдан құлап сайға қонар. Ата-баба әруағы естен шығып, Тасбауырдан тастанды пайда болар.
Қошқар кетті, соңында тұсақ қалып, Тарихты қарасаң да үш ақтарып. Баяғы батыр елдің ұрпақтары, Бүгінде бара жатыр ұсақталып.
Бұл күнде дамығанда жеке нарық, Жаратқанға тәубені етем анық. Бірақ та келеңсіздік көріністер, Кем-кемнен бара жатыр етек алып.
Имансыздар күнәға батып жатыр, Олардың таңы қалай атып жатыр? Құдайынан безгендер мал сияқты, Күнәсіз сәбилерді сатып жатыр.
Қол берген періштеге тұрып барып, Шығады жақсы жандар сұрыпталып. Елдегі сәби сатқан имансыздар, Тыйылмай тұр жатса да құрықталып.
Қыздырмас қылықтар көп шекені де, Сену қиын кімнің қалай екеніне. Ар-ұяттан безгендер етек алып, Тап болдық-ау бетердің бетеріне.
Ел едік іс істемес келісілмей, Халқымның дәл бүгінгі кемісіндей. Кейбіреулер сәбиін тастап жатыр, Аштан өлген күшіктің терісіндей.
Болғасын күнделікті шұнақ қылық, Ел отыр үрейленіп құлақ түріп. Сәбилерін безбүйрек жап-жас қыздар, Туа сап кетіп жатыр лақтырып.
Үңілгендей тозақтың есігіне, Сәбиінің қойылмай есімі де. Тараздан шықты тағы тасбауыр қыз, Тастаған әжетхана тесігіне.
Төзімі таусылмайтын халық неткен, Біреулер шығып барады анық шектен. Маңғыстаудан тағы бір қыз табылды, Шаранасын құтыға салып кеткен.
Жас қыздар неге мұнша қағынып тұр? Сондықтан қоғамымыз қамығып тұр. Кәріздің құдығынан бір шарана, Талдықорған жағынан табылып тұр.
Қыз қайда ескі жолды жалғап жүрген? Ұлықтап ұлттың қамын қамдап жүрген. Піріне Бибатпадай адал болып, Қызы қайда қазақтың аңдап жүрген? Қайдасыңдар Бопайдың сіңлілері, Батырлықты ту етіп байлап жүрген? Қайдасыңдар Хиуаздың ізін басқан, Қыран құстай көгімде самғап жүрген? Қайдасыңдар Әлия-Мәншүк жолын қуып, Ерлігі жердің жүзін шарлап жүрген? Қайдасыңдар Жібектің сіңлілері, Талмастан Төлегенін таңдап жүрген? Қазақта қыз көбейіп бара жатыр, Пұшпағын айдалада қандап жүрген. Өзі туған сәбиін «жолдан таптым», Деп анасын алаңсыз алдап жүрген.
Қазақтай Мұхаммедтің Үмбетіне, Ішкі-сыртқы жаулардың міндеті не? Жарылған жұмыртқалар жиіледі, Бұл да тағы ғасырдың індеті ме? Сынақ үшін жіберген Жаратқанның, Дағдарған дағдарыстың бір беті ме? Құдайым, түсірмеші қазағымның, Сүйегіне таңба мен шіл бетіне!
«Мәңгілік ел» жобасын сілтеткізіп, Дархандығын сездіріп дала жатыр. Қойнауына қол салсаң селт етпестен, Құпиясын көмкеріп қала жатыр. Қырық үйден қызға тыю бере алмайтын, Қауқарсыз қарауылдай ана жатыр. Тастандыға айналған шарана боп, Жөргегіне жете алмай бала жатыр. Аузынан дуалы сөз шықпайтұғын, Сырт айналып бүкшиіп «дана» жатыр. Ұлт анасы атанар келешекте, Неге қыздар бұзылып бара жатыр?
Кей қыздың бастан бағы тайған шығар, Бұл өзі қазақ үшін майдан шығар. Бесіктен белі қатпай, жап-жас болған, Көкек сынды аналар қайдан шығар?
Ерік берсек әңгіме желісіне, Сай болар ма азамат ер ісіне? Көкек сынды әр жерге жұмыртқалау, Бүгінгі тәрбиенің жемісі ме?
Дәм кіргізер кәдімгі тұздар майға, Мықты болса іргетас ызғарлай ма? Қазағым қиналғанда атқа қонған, Баяғы қайсар мінез қыздар қайда?
Бұл туралы шариғат не дейді?
Мен жоғарыдағы шумақтарды жетіскеннен әлде еріккеннен немесе талантым тасып, бойға сыймай бара жатқандықтан жазып отырғаным жоқ. Себебі бұл тақырып соңғы кезде менің журналист әріптестерім арасында әбден сенсацияға айналды. Әрине, болып жатқан оқиғаларға да, көтеріліп жатқан тақырыптар жөнінде де бірдеңе деу оңай емес. Өйткені осындай келеңсіз оқиғалар кеше кең байтақ еліміздің ана түкпірінен дүңк етсе, бүгін мына шетінен... Ертең тағы бір жерден, тіпті осы өзіміз өмір сүріп, күнелтіп жатқан Жаңаөзен қаласынан да дүңк ете қалмасына кім кепілдік бере алады? Әуелден оқыс оқиғаларына әлем құлақ түріп тұрған Жаңаөзен қаласында, құдай сақтағай, мынадай жағымсыз көріністер орын алып, жаманат хабар шығып жатса жаңаөзендіктердің атына сын, сүйегіне таңба болмай ма? Екіншіден, мұндай жағымсыз жаңалықтардың жарияланғанын біреудің жаны сүйсе, екінші біреу құпия болғанын қалайды. Олай дейтін себебіміз, «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», сол үшін жастарымыз, соның ішінде жасөспірімдеріміз жаман әдеттерден үлгі-өнеге алмағаны жөн» деп ойлайды. Ол да дұрыс шығар. Бірақ қазақта «Ит қорыған жерге өш» деген де сөз бар. Шынында да қазіргі жастар, жалпы адамзат қорыған, жасырып бүркемелеген жерге аса құмар болады. Соны тезірек білуге, көруге, тіпті үйренуге құштар болып тұрады. Ал жариялылық болған жерде құпия құбылыстың қалың бұқара арасында ықпалының біршама төмендеуіне әсер етеді. Сондықтан біз де жастарымызды «Жаманнан жиренуге, жақсыдан үйренуге» ықпал етуді жөн көрдік. БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып, көрсетіліп жатқан келеңсіз жағдайларды түгел қайталап жатпай, жоғарыдағыдай тәсілмен оқырман жадына жаңғыртып өтуді мақұл көрдік. Сосын мамандардың пікірлеріне жүгініп, олардың айтқандарынан тиісті қортынды шығарып, талғамы биік оқырманның таразысына тартуды өзіміздің журналистік парызымыз деп есептедік.
Жоғарыдағыдай жағымсыз оқиғалар туралы шариғат не дейді? Құран, Хадистеріміз жақтай ма, әлде даттай ма? Міне, осылар жөнінде біз қаламыздың бас молдасы, Жаңаөзен орталық мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаевпен әңгімелестік.
- Келгеніңіз қандай жақсы болды. Осы тақырып бойынша жақында бізге ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының арнайы Үндеу хаты келген еді, - деп Қайрат Көштіұлы қуана қарсы алды. - Ол хатын «...Баласын тірідей өлімге қиған сол қарындастарымызға қаражат, киім, баспана, тағы басқа нәрсе жетпей жатыр деп айта алмас едік. Жастарымызға жетпей жатқаны – рухани азық, иман, тәрбие. Өйткені, Ислам екі дүние бақытының кілті» деп аяқтапты хатын. Біз осы хатты ауыл-қала тұрғындары мен мешітке келген намазхандарға оқып түсіндіріп жатырмыз. Енді сіздің сұрақтарыңыз бойынша өз ойымды өрбітіп, ортаға салайын.
Жалпы біздің қасиетті Ислам дінінде бұл жағдай өте ауыр күнә екені айтылады. Себебі, ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз айтады: «Әрбіріңіз шопан тәріздісіңдер. Шопан алдындағы малын қалай қорғап, бағатын болса, сіздер де өз әміріңіздегілерге, яғни отбасы мүшелеріңізге жауаптысыздар. Өйткені, ахыреттеи Алланың алдында жауап бересіңдер» дейді. Соның ішінде Ислам дінінде перзенттерінің алдындағы ата-ананың ақысы, баланың ата-анасының алдындағы ақысы Құранда және Пайғамбарымыздың хадистерінде нақты көрсетілген. Әке ең бірінші баласына азан шақырып жақсы ат қойып, дұрыс тәлім-тәрбие беріп, түзу жолды көрсетуі тиіс. Ол әкенің мойнындағы парызы.
«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан қиын-қыстау, азапқа толы талай ауыр күндер өткендігі тарихтан белгілі. Бірақ қаншама ашаршылыққа ұшырап, нәубет кезеңдердің небір қуғын-сүргіндеріне тап болып, адам төзгісіз қиын күндерді бастарынан кешсе де қазақ өзегін жарып шыққан бауыр еті баласын далаға тастамаған. Ит пен құсқа жем қылмаған. Көрінгеннің тәлкегіне айналдырмаған. Қазіргі жағдайдағы жастардың мынадай ойсыз істері Алланың алдында кешірілмес ауыр күнә, ал адамның, заңның алдында ауыр қылмыс болып есептеледі.
Адам ата мен Хауа ана салып кеткен жолмен жүру, яғни адам пенде болып жаратылғаннан кейін отбасын құру парыз. Ол Құран мен Хадисте де нақты көрсетілген. Бірақ үйленудің жолы осылай екен деп, қалай болса солай үйлене салуға болмайды. Себебі, әрбір парызды өтеу алдында оның орындалуы тиіс шарттары бар. Мысалы, үйлену біреулерге парыз болуы мүмкін. Ал тағы біреулерге сүннет болады. Парыз болатын себебі, жағдайы жақсы, сол отбасының жүгін ары қарай тартып жүре алатын дәрежеде болса, жасы келсе, онда ол адамға үйлену парыз болады. Әрі арамнан өзін сақтай алмай жүрген болса парызы болады.
Ал үйленудің арам болатын, яғни тыйым салынған жағдайлары да бар. Егер үйленгендердің қосылғаннан кейін бір-біріне зияны тиетініне көзі жетіп тұратын болса, онда ол адамға үйлену шариғатта арамға саналады. Мысалы, әйел мен еркек үйленгеннен кейін бір-біріне зиян келтіретіндей дәрежеде денсаулығында кінәрат болса, қанға сіңіп кеткен мінезінде оғаштық сезілсе, ол арамға есептеледі.
Мәкүру болатын жағдайлар; қазір кейбір жастарымыз ертеңгі күні шаңырақты шайқалтпай ұстап жүре ала ма, жүре алмай ма, отбасы жауапкершілігін мойнымен көтере ала ма, көтере алмай ма, оған қарамай отау құрып жатады. Нәтижеде ол үйленулері шариғат тұрғысында адал ма, арам ба оған да көңіл бөлмейді. Құран мен Хадистерде арамға есептелген олтбасылардан дүниеге дұрыс перзент келуі екіталай. Сондықтан некесіз қосылып, бойына біткен шараналарын кез келген жерге тастап кетіп жатқан қыздарды күнәға белшесінен батқандар деуге анық болады. Олар ертеңгі күні ахыреттік жазадан құтыла алмайтынына қазірден көңіл бөлмейтіні өкінішті.
Сосын біздің шариғатымызда немесе қазақтың салт-дәстүрлерінде бала асырап алуға болады. Себебі, Мұхаммед Пайғамбарымыздың өзі бірнеше баланы асырап бағып, өсіріп тәрбиелегені кітаптарымызда жазылған. Бірақ баланы сатып, ақшаға айналдырып пайдалануға шариғат тыйым салған. Сондықтан шариғат тыйым салған ережелерге бару Құдай алдында ауыр күнә, заң алдында ауыр қылмыс болып есептеледі. Сол үшін адам саудасымен айналысқан жандар заңның жазасынан құтылып кеткенімен, ахыретте Жаратқанның жазасынан қашып құтыла алмайды. Тіпті оның зардабы келешек ұрпақтарына да тиюі әбден мүмкін.
Сәбиін сатып сазайын тартты
Енді осы тақырыпқа орай Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінен алған деректерге назарларыңызды аударып көрелік. Себебі, өткен жылдың күзінде қаламызда Өзбекстан азаматшасы Б. өзінің жаңа туылған сәбиін сатып жатқан сәтте полиция қызметкекрлерінің қолына түсті.
Әңгімемізге арқау болып отырған Б. 2013 жылы күнелту мақсатында Жаңаөзен қаласына келеді. Келуден әртүрлі қолынан келген жұмыстарға араласты. Қаладағы асхана, кафелерде ыдыс-аяқ та жуды, автотұрақта автокөліктерден ақша жинаушы да болды, базарда балық сатумен де шұғылданды. Керек болса облыстағы бір қорым басындағы асханада аспазға көмекші болып та жұмыс істеді. Қалтасына тәп-тәуір қаражат жиналды.
Қазақта «Құнажын көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген сөз бар. Ал көрші мемлекет тұрғындары «Үйренген әдет қала ма? Көтере бер мұшыңды» деп жатады. Сол айтылғандай Б. оңай олжа аяқтың астында шашылып жатқандай сезінеді. Сондықтан көп ұзамай жеңіл жүріспен ақша табудың жолына түседі. «Дәніккеннен құныққан жаман». Ақшаның ізіне түсіп, жезөкшелікпен айналысып, «қызық» қуып жүріп аяғының ауырлағанын аңғармай қалады.
Бір күні ол Г. деген танысымен таксиге отырып Ақтауға жол тартады. Жолда іші ауырып, толғақ қысады. Әбден шыдатпағасын жолдағы асханалардың бірінің тұсына таксиді еріксіз тоқтатады. Аспаз қыз-келіншектер Б-ны асханада босандырып алады. Дүниеге аман-есен 7 айлық қыз бала келеді. Сол жерде «Жедел жәрдем» жетіп, Ақтаудың перзентханасына апарады.
Перзентханадан шыққасын Б. Жаңаөзендегі танысының үйіне келеді. Бұрыннан еркін жүріп-тұруға үйреніп қалған келіншек тұсаулы биедей төрт қабырғаның арасына сыймайды. Баласы қырқынан шыққанша әлгі жерге әрең шыдады. Екіншіден, қаражат тапшылығы да айқын сезіле бастады. Жұмысқа шығуға бала қолбайлау болды. Әйтсе де, әлгі танысына күніге 1500 теңгеден ақша беріп баласын бақтыруға келіседі. Өзі қала тұрғындарының той-мерекелерінде қазан-табақ, ыдыс-аяғын жуып азды-көпті тиін-тебен тауып жүрді. Сонда да қаражат қиындығы жалғаса берді. Сосын «Сәбиімді сатсам ба екен?» деп таныстарымен ақылдасып кеңесті. «Іздегенге сұраған» дегендей сегіз жылдан бері балалы бола алмай, бір тырнаққа зар болып жүрген ерлі-зайыптылар тап бола кетті. Б. оларға баласын 100 мың теңге ақшаға сатып жатқан жерінде құқық қорғау органы қызметкерлерінің қолына түсті. Нәтижеде Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 135 бабының 1-бөлігімен (кәмелетке толмағандар саудасы, яғни кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау – деген құқық бұзушылықты жасаған) қылмыстық іс қозғалған. Соның нәтижесінде сотталып кете барды. Қандай өкінішті. Сөйтіп сәбиін сатамын деп сазайын тартты.
Балалы болған балалар бізде де бар
«Сыбырлағанды құдай естімей ме?». Қанша қазақы қалпы қалыптасқан қала болса да Жаңаөзенде кәмелетке толмай жыныстық қатынас жасап, жүкті болып, аяғы ауырлап, жастай балалы болған «балалар» жоқ емес. Қалалық ішкі істер басқармасының мәліметіне қарағанда өткен жылы 16 жасқа толмаған 6 қызбаланың үстінен ҚР ҚК 122 бабымен (он алты жасқа толмаған адаммен жынысатық қатынас немесе сексуальдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) қылмыстық іс қозғалған. Олардың төртеуі қаладағы колледждердің студенттері болса, екеуі мектеп оқушысы. Колледж, қалалық білім бөлімі басшыларының араласуымен, жан алқымға келгенде үгіт-насихат жұмыстары еріксіз күшейтіліп, «сүйген» жігіттері алатын болып, перзентханадан бөбегін құшақтап шыққан жап-жас қалыңдықтар баратын болып, екі-жақтың ата-аналары мәжбүри құда-жекжат болады. Себебі, өзгелердің біреудің ұлы мен қызы үшін жазықсыз жерде жазықты болып, жеп отырған нанынан айырылып қалуы ғажап емес. «Іш ауру өзімен кетпей, дамбалды ала кетеді» деген сөз осындайдан айтылса керек. Сондықтан жастарға оқу-тәрбие беруші мекеме басшылары мен тиісті мамандары өздері үшін жан аямай жүгіреді. Әрине, таяқтың екінші ұшы тимеу үшін. Нәтижеде бірін-бірі «сүйген» жап-жас жұбайлар қосылады. Ел аман, жұрт тыныш, мекеме басшыларының да басы бүтін. Қалалық ішкі істер басқармасына тіркеліп, содан кейін ҚР ҚПК 35 бабының 1-бөлігінің 12-тармағы және ҚК 68 бабына сәйкес қозғалған қылмыстық іс өндірістен қысқартылады. Бірақ адам пендесі тірліктегі ар азабы мен ахыреттегі жан азабынан қалай құтылмақ?
Ендігі мәселе қалай болады? Оның түкте қиындығы жоқ. Мектепте оқитындары кешкі мектепке ауысып, оқуын «жалғастырады». Колледждегілер сырттай бөлімге ауыстырады, әйтпесе қайта-қайта академиялық демалыс алып, әйтеуір әупірімдеп жүріп оқуын бітіріп, дипломға қол жеткізеді. Күй-жағдайы жақсы, бақуат отбасыларға келін болып түскен жас қыздар қараға ілесіп, адам болып кетуі мүмкін. Бірақ жастай балабасты, күлді-көмеш болып, отбасы ошақ қасында жүнжіп қалған жап-жас келіншектерден білікті, сауатты, тиянақты маман шығуы екіталай. Сондықтан қаламыздың бас имамы Қайрат Маманбаев айтқандай перзенттерді дұрыс тәрбиелеу ата-ананың ең басты міндеті. Яғни, құдай алдындағы парызы. Тірлікте ар азабын, ақыретте жан азабын тартпас үшін ұрпақ тәрбиесін бір сәтте назардан тыс қалдырмайық! Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы айтқандай жастар бойындағы жетпей жатқан рухани азықты, имандылықты, тәрбиені күшейтуге бүкіл қоғам болып атсалысайық! Өйткені бүгінгі жастарымыздың әрбір шалыс басқан қадамына бәріміз жауаптымыз. Себебі шариғаттың шарттары мен мемлекеттің заңдарына керсолқы қараймыз. Соның салдарынан ел арасындағы жағымсыз құбылыстарға дер кезінде тойтарыс бере алмай, іштей іріп бара жатқан сияқтымыз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі