Елімізге келіп, отбасын асырайтын нәпақа тауып жүрген еңбекші-мигранттар арасында туберкулездің алдын алу жұмыстары жеті өңірде — Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды қалалары мен Алматы облысында жүріп жатса, биыл Тараз қаласы да қосылды. Бұл өңірлердегі еңбекші-мигранттар негізінен Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келетіні анық. «ХОУП жобасы» қоры осы елдер және Қазақстан журналистерімен Алматы қаласында халықаралық медиа-тренинг өткізгендегі мақсат та іске асып жатқан шаралардың аясын кеңейтіп, сапасын анағұрлым арттыру болса керек.
«Еңбекші-мигранттар арасындағы туберкулез мәселесін БАҚтарда жариялау» тақырыбында өткен халықаралық семинарға қатысқан біз өзбек, тәжік, қырғыз елдерінен келген әріптестерімізбен бірге жоба жетекшісі, тәжірибелі фтизиатр Бахтияр Бабамурадовтың баяндамасын тыңдадық.
- «Еңбекші-мигранттар арасындағы туберкулезді, дәріге төзімді туберкулезді және ЖИТСті трансшекаралық бақылау және емдеу» жобасына көші-қон полициясы, емдеу мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары тартылған,-деді ол.-Өткен екі жылда және биылғы екі айда жоба аясында 600 адам оқытылды. Қазақстандағы ішкі және сыртқы мигранттар арасында туберкулез анықталғандар көбейді. Бұл туберкулезбен ауыратындар қатарының көбейгенін емес, жұмыстың дұрыс жолға қойылғанын, мигранттардың емханаларға қаралуына мүмкіндік артқанын көрсетеді. Мәселен, 2015 жылы жоба аясында 1 710 мигрант тексеруден өтіп, 22 адамнан туберкулез анықталды. Ал өткен жылы тексерілген мигранттар саны 10 есе, ауру анықталғандар екі жарым есе артты. Сыртқы мигранттардан 2012 жылы анықталғаннан 15 есе көп. Статистикаға сүйенсек, өкпе туберкулезінің белсенді түрімен ауыратын бір адам жылына 10-15 адамға ауру жұқтыруы мүмкін. Дерттің алдын алу шаралары жүргізілмеген болса, ауру жұқтырғандар саны арта түскен болар еді. Бүгінде пилоттық жоба жүзеге асырылып жатқан сегіз аймақта 45 емхана, 10 туберкулезге қарсы күрес ұйымдары «Проект ХОУП» қорымен бірге жұмыс жүргізуде. Соңғы кезде кейбір жекеменшік клиникалар да осы жобамен жұмыс істеуге ынталылық танытуда. Астана, Алматы және Қарағанды қалаларының билік органдары еңбекші-мигранттар арасында туберкулезді анықтап, емдеу үшін қоғамдық ұйымдарға грант бөлді.
Шыны керек, жобаның ойдағыдай жүзеге асырылуында үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше. Олар былтыр 44000-ға жуық мигрантқа туберкулез және одан емделу туралы ақпарат жеткізіп, ауырып қалғандарының әрқайсысына 20000 теңгелік азық-түлік пен гигиеналық тауарлар сатып алу сертификатын тапсырған. Орталық Азия елдерімен тығыз байланыс орнап, еларалық келісім жобасы жасақталуда. Осынау ауқымды мәселенің ТМД елдері арасында алғаш біздің елімізде мемлекеттік деңгейде қолға алынып, туберкулезге қарсы күрес жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар дайындалғаны біз үшін үлкен жетістік.
Б.Бабамурадов Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінде арнайы құрылған жұмыс тобы дайындаған осы елдер арасындағы ынтымақтастық туралы жобаны да екі жылдық жұмыстың нәтижесі деуге болатынын және бұл жобаның қазір сарапшылар қарауында екендігін атап өтті. Оның айтуыша, биылғы қараша айында туберкулезді трансшекаралық бақылау бойынша халықаралық келісімге қол қою адвокациясы жөнінде кездесу өткізу жоспарланған. Келісім ауруды анықтау және емдеуде бірдей жағдай жасауға, емнің үздіксіз жүруі және қаржыландыру механизмдерін құру үшін өзара ақпарат алмасуға бағытталған.
-Біз осылайша жемісті жұмыс жүргізу арқылы өз мемлекеттерімізде туберкулездің тамырына балта шаба аламыз деген үміттемін,-деді ол.
Халықаралық медиа-тренинг барысында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында болып, мамандармен кездескенімізде мұнда да кадр мәселесі мәз еместігін білдік. Фтизиатр мамандығы дәрігерлер арасында айтарлықтай құрмет пен дәрежеге ие болмағандықтан шығар, жас дәрігерлердің фтизиатрлықты қалап жатқандары некен-саяқ. Қазіргі мамандардың көпшілігі бұрыннан келе жатқан егде жастағы дәрігерлер екен.
Орталықтың бөлім меңгерушісі Панагүл Жазыбекова журналистерге туберкулез ауруының белгілері, жұғу жолдары мен емделуі туралы әңгімелеп, заман талабына сай жаңа жабдықтармен таныстырды. Емделіп шығып, емханада дәрі қабылдап жүрген пациенттердің дәрі ішкенін бейнеқұрал арқылы бақылап отыратын да мүмкіндік бар екен мұнда. Шетелдік журналистер жұмысқа келіп, осында емделіп жатқан жерлестерімен тілдесіп, хал сұрасты.
Өзбек, тәжік, қырғыз журналистері өз елдерінен Алматыға табыс іздеп келген бауырларын «Болашақ» базарында көптеп кездестіріп, ашық-жарқын сөйлесті. Бұл кездесу осындағы «Забота» дағдарыс орталығы мен Алатау ауданының № 25 қалалық емханасы ұйымдастырған акция барысында өтті. Акция аясында базарда жұмыс істеп жүрген шетелдіктердің барлығы жылжымалы флюорографияға түсіп, тексерілді. Жұмысшыларға туберкулез ауруының белгілері және бұл белгілер байқалған кезде қайда барып, не істеу керектігі қазақ, орыс және олардың ана тілдерінде жазылған жадынама таратылды. Олармен өз тілдерінде әңгімелескен журналистер жұмысшылардың Қазақстанда ешқандай кемсітушілік көрместен, емін-еркін жұмыс істеп, елдеріне тәуір табыспен аттанып, бір ай демалыстан соң қайта келіп, тірлік жасап жүргендерін білді. Екі аптаға дейін жөтеліп, қызуы төмендемесе, әлсіреп, асқа тәбеті жоғалса, уақыт өткізбестен дәрігерге көріну керектігін, ол үшін ақы төлемейтінін айтып, түсіндірді.
Жалдамалы жұмысшылардың барлығы дер шағындағы, қайратты қыз-жігіттер. Алайда, олардың жүздерінен алыстағы отбасына, бала-шағасына деген сағыныш анық сезіліп тұр еді. Бірі ауру баласын, бірі жасы келген қары ата-анасын, енді бір келіншектер емізулі сәбиін амалсыз тастап кеткендерін, тезірек ақша жинап, үйлеріне кеткісі келетіндерін айтқанда, көздеріне іркілген жастарын көргенде өз еліміздегі тұрмысымызға шүкір дедік... Әрине, олар бізге бүйтіп сырын аша қоймайды ғой, өз елдерінен келген журналистерге мұңын шағып жатқандары да.
Қандастарының Қазақстандағы жағдайын көздерімен көрген әріптестеріміз туберкулезге қарсы күрестің қарқынды жүріп жатқанына куә болып, біздің елімізге қатысты жақсы лебіз білдірді. Сондай-ақ олар ауа арқылы жұға беретін бұл аурудың алдын алу шаралары туралы өз елдерінде насихат шараларын барынша кеңірек жүргізетіндеріне сендірді.
Үш жылдық жоба биылғы қыста мәресіне жетпек. Бірақ бұл жоба аяқталып, еңбекші-мигранттар осыдан бірнеше жыл бұрынғы күйіне қайта түседі деген сөз емес. «Проект ХОУП» жобасы Қазақстанмен қатар бүкіл Орталық Азия елдерінде осы бағытта түрлі шаралар жүргізуге ықпал етті. Биылдың өзінде еліміздің кей өңірлерінде жарияланған еңбекші-мигранттар арасында туберкулездің алдын алу жөніндегі әлеуметтік гранттардың жұмыс нәтижесі уақыт еншісінде.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА