Аймағымызда тазалық айлығы басталғалы бері бір айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде облыс орталығы ажарын аздырып, көшенің көркін қашыратын күл- қоқыстардан тазартылды ма? Тазалықты ретке келтіру жұмыстары ширай түсетін мезгілде қалдықтар жиналды ма? Осы сауалдардың жауабын іздеген БАҚ өкілдері кеше рейдке шығып, қала ішін аралап шықты.
Алдымен Жарқабақ мүйісіне барып, жағалаудың тазалығын қарадық. Мұнда келген тұрғындар әртүрлі қалдықтарды арнайы қоқысқа апарып салуға ерініп, жағалауға тастап кеткен. Ел аузында База Орс аталып кеткен аумақта көкөніс, жеміс- жидектердің қалдықтары, картон қағаздары шашылып жатыр. Ақтау электр желілері басқармасына қарсы жол жиегінде бірнеше қалта құрылыс материалдарын кім қалдырып кеткені белгісіз. Сондай-ақ осы маңайда үйілген қоқыстар шаһардың шырайына нұқсан келтіріп тұр.
– Мен осы жолмен күнде жүремін. Білуімше, бұл қоқысты теміржолшылар осы жерге үйіп, тастап кетті. Қоқыс үйіндісі бұл жерде жатқанына біраз уақыт болды. Жауапты орындар қоқысты неге уақытында алып кетпейді?,– деді 3 шағынауданның тұрғыны Александра Гүлмағанбетова.
Ақтау қаласының шағынаудандарының ішін аралап жүргенімізде 22 шағынауданның 16 үйінің қасында шашылып жатқан қоқыстарды көрдік. Тұрғындардың айтуынша, қоқыс жәшігінен таяқ тастам жерде жатқан қалта- қалта киімдер мен тұрмыстық қалдықтарды жексенбі күні кешкісін сол шағынауданның тұрғындары әкеліп тастаған. Сонымен қатар 2 шағынаудандағы «Ақтау» конақүйінің артында құрылыс материалдарының қалдықтары үйіліп жатыр.
Рейдтік шара барысында тұрғындардан сұрағанымызда бірі қаланың тазалығына көңілі толатынын айтса, енді бірі шағынаудандардың ішінде, жағалауда қоқыстардың шашылып жататынын алға тартты. Кейбір тұрғындар қыста суықта, жазда ыстықта еңбек ететін көше тазалаушыларға тазалықтың бар жүгін артып қоймай, әрбір адам қаланың көркеюіне, гүлденуіне атсалысуы керектігін жеткізді. Қаланың тазалығына жауап беретін «Қала жолдары» ЖШС алдағы уақытта жоғарыда аталған және өзге де аумақтарды тазартуды бақылауға алып, сенбі сайын сенбілкке шығатын еңбек ұжымдарын осы іске жұмылдырса жақсы болар еді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН