Наурыз айының аяғында мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған облыстық «Математикалық регата» байқауы өткізілген-ді. Араға бір ай салып, Ақтау қаласында батыс облысты қамтыған аймақтық байқау ұйымдастырылды. М.Өскінбаев атындағы филармонияда өткен шараның ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова, ардагер математик ұстаздар, мектеп басшылары мен мұғалімдер қатысты. – Құрметті қонақтар, сайысқа қатысушылар! Биыл 4 рет өткізіліп отырған байқауды алғаш рет Батыс Қазақстан облысы ұйымдастырған болатын. Бұл сайыс мұғалімдердің бір-бірімен танысуына, тәжірибе алмасуына, білімі мен білігін арттыруға мол септігін тигізеді деген сенімдемін. Жыл басынан бері облысымыздың білім саласы жетістіктерге жетті. Ақтауда гуманитарлық бағытта республикалық олимпиадада бас жүлдені алдық. Жаратылыстану бағыты бойынша өткен республикалық олимпиадада 2-орынды иелендік. Бұл жетістіктеріміз – мұғалімдердің еңбегінің жемісі. Баршаңызды бірлік күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін!, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова. Салтанатты шарада ардагер ұстаздардың атынан сөз сөйлеген ардагер ұстаз Ордалы Қосай Маңғыстауда білім саласының дамуына үлес қосқан әріптестерінің еңбек жолын жас мұғалімдерге үлгі етті. Болашақта ел дамуының тұтқасын ұстайтын жастарға білім беретін ұстаздардың қызметіне табыс, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Өнерпаз ұстаздар мен мектеп оқушылары сахна төрінде ән салып, би билеп, кештің көрігін қыздыра түсті. – Бүгінгі сайысқа 28 мұғалімнен құралған 7 топ қатысады. Бірінші кезеңде өздерін таныстырса, екінші кезеңде күрделі есептер шығарады. Бұл байқау сабақтың бағдарламасына сай оқушыларға арналған есепті шығарып жүрген мұғалімдердің ой-өрісін дамытуға, кәсіби тұрғыда жетілуіне мүмкіндік береді. Сайысқа біздің өңірімізден облыстық сайыста үздік деп танылған Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қалаларының командалары қатысып отыр, – деді облыстық оқу дәстемелік және қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Ырысгүл Иманбаева. Жиында Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының командалары өздерін таныстырып өтті. Байқаудың тәжірибелік кезеңі Ақтаудағы №5 орта білім беру мектебінде қазақ және орыс тілді бағытта өтті. Сайыс нәтижесі бойынша 1-орынды Маңғыстау облысының «Пирамида» мен Ақтөбе өңірінің «Экстрим» командасы жеңіп алды. Тартысты өткен байқаудың 2-орыны Батыс Қазақстан облысының «Батыс», «Вектор» командаларына бұйырды. Атырау аймағынан келген «Пирамида» мен «Константа» топтары 3- орынды еншіледі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ