Хикая
Малай Бегейдің қызы Мәриям шеше тағдырдың тәлкегін жастайынан көріп келеді. Ақпанның азаматы Қалдықарамен бас қосқасын да бағы жанып, екі елі маңдайы жарқырап ашылып кете қоймады. Тұрмыстың ауырлығы мен заманның тарлығы қанша тұқыртса да кездескен қиындықтарға мойымады. Майысса да сынбады, сүрінсе де жығылмады. Әйтсе де, ақтар мен қызылдардың текетіресі елді әбден әбігерге салды.
Оның үстіне 1910 жылғы Иттің жұтындағы ашаршылық қабырғасын қайыстырып, бірте-бірте жұртты титықтатып бара жатты. Қалдықара мен Мәриям да «Көппен көрген ұлы той» деп бұл күндеріне де шүкіршілік етіп, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей ел қатарлы күн көріп, өмір сүріп жатты. Бірақ екеуінің қабырғасына батып, жүрекке салмақ, көңілге уайым салатыны - әлі күнге дейін сыбай салтаң жүріп, бір тырнаққа зар болуы. Яғни, Қалдықараның қарашаңырағының келешек иелерінің дүниеге келе қоймағандығы жастары қырықтан асып бара жатқан ерлі-зайыптылардың қайғысын күн өткен сайын қалыңдата түсті. Зарыққан жұбайлар жатса да, тұрса да Жаратқан Иеміз бен Бекет атадан тілейтіні сәби сүю бақытына ие болу болды. Егер көрген түсі алдамаса арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты қос ұл сүйетін сияқты. Себебі, бірде түсіне енген ақ киімді, ақ сақалды, келбеті келіскен, иман жүзді, қолындағы асасы да аса сәнді, сары шал бұған қос түйіншек әкеліп, оң қолындағысын берді. Әріберіден кейін екінші сол қолындағы түйіншекті беріп, кейін қайырылып жүре берді. Бірақ бұл қос түйеншекті қоржынға салып, есіктен сыртқа шығамын дегенше көп ұзамай әлгі шал қайта оралып, екінші сол қолымен берген түйіншегін қайтып алып, оның орнына қып-қызыл матаға оралған шағын түйіншек беріп, дұға жасап, бетін сипады.
Иә, түске кірген сары шалды Ұлысқа Ұран болған Пір Бекет атамыз шығар деп болжап, келесі жұма күні жеті шелпек пісіріп, көрші-қолаңдарға таратып, ата рухына бағыштап дұға жасады. Көп ұзамай Мәриямның жүрегі айнып, ішкен асын қайтару басталды. Бұған Қалдықара іштей қуанса, енесі шайтан тауық сойып, Мәриямға жас сорпа ішкізіп, келінін жас сәбидей әлпештеп күтті. Үй ішілік болса да Мәриямды ауыр жұмыстардың маңына жуытпады. Ондай жұмыстар болса екінші баласы Тәжіғұлдың келіншегінің мойнына жүктейтін. Ол да жетіспей жатса, өзі істей салатын. Шынтуайтқа келгенде, түйе сауып, үйді сыпырып жинап, кір қоңды жуып, шәй, тамақ пісіріп, ас әзірлеуден өзге бір әйелден артылатын жұмыс та жоқ.
Айы-күні толып, Мәриям аман-есен көз жарды. Дүниеге торсық шеке ұл келді. Әке-шеше, ата-әжесін, жалпы сол төңіректегі үрім-бұтақтың бәрін қуанышқа бөлеген тұңғыш сәбидің есімін азан шақыртып Қуанғали деп қойды. Бұл 1912 жылдың тышқаны еді. «Кәрі қыз бала тапса, қоярға жер таппайды» деуші еді қазақ. Бірақ қанша аңсап, біраз жыл зарығып барып, 42 жаста көрсе де Мәриям ата-ененің алдындағы келіндік әдептен озбады. Әрі Қалдықара Меңдіғұлдың үлкені болғандықтан Мәриям өзінің тұлабойы тұңғышына кемпір-шалдың баласы ретінде қарады. Тек ғана іргеге қарап емізген кездері шамалы езу тартып күлімдеп, маңдайынан иіскегені болмаса, ата-ененің көзінше бетінен сүйіп, айналып-толғанып, артық аса еміренбейтін. Қанша сабыр сақтағанымен іштей қатты жақсы көретін.
Мәриям көпке дейін тағы құрсақ көтермей жүріп қалды. Дегенмен құдайдың берем десе байлығы аз ба? Қуанғали 10 жасқа шамаласқанда Мәриям жүкті болды. Алдыңғыдай емес, аса шабан қимылдайды. Тұлабойын қара зіл басып, іштегі бала еркін қозғалуға мұрша бермейді. Айы-күні толғанда толғағы да жеңіл болмады. Енесі ауылдың қарулы-қарулы 3-4 кемпірін жинап, үйдің ішіне үш бақан ағаштан мосы жасатып, келінінің екі қолтығынан соған астырды. Аузына оқтау тістетті. Сөйтіп әлгі кемпірлер қазақтың ертедегі ескі ырымдарын жасауды жалғастыра берді. Өз енесі тілек тілеп жүргені, әлде дұға оқып жүргені белгісіз, әйтеуір екі еріні жыбырлап, күбірлеуден бір тынбайды. Әлден уақытта бақанға асылған әйел қатты ышқынғанда дүние есігін ашқан сәбидің шыр-р-р еткен даусы естіліп сала берді. Күнімен аңдып отырған енесі сәбиді жерге түсірмей қағып алып, жол-жоралғысымен қасындағы кемпірлердің біріне кіндігін кестіріп, өзі етегіне орап алды. Аптаның қасиетті жұма күні туылғандықтан және ағасы Қуанғалиға аты ұқсас болсын деп екінші ұлдың есімі – Жұмағали болды.
1930-32 жылдардағы аштықтың екінші толқыны халыққа аса ауыр тиді. Оның үстіне кеңес өкіметі ұжымдастыру саясатын жүргізіп, елдің маңдайын сыпыра бастады. Байлардың бар малын тартып алып, өздерін кәмпескелеп жатты. Сталиндік нәубетті бүркеншік еткен Голощекин Қазақстанда кіші Қазан төңкерісін жасаймын деп елде жасанды ашаршылық орнатуды көздеді. Қарсы шыққандарды «Бай», «Кулак», «Шпион» деп қудалады. Ел ішінде тігерге тұяқ қалдырмады. «Жұт – жеті ағайынды» демекші құдайдың көгілдір аспанынан да нәр тамбай қойды. Қолда өскен мал түгілі даладағы жабайы хайуандардың да көздері құрып бара жатты. Осындай аштықтың зардабынан хайуан түгіл адамдардың да өзі мыңдап, миллиондап қырылып жатты. Ал тірі қалғандардың көпшілігі ұрпағының тұздай құрып кетпеуін ойлап, кіндіктерінің қаны тамған, табандарының табы қалған туған жер топырағын еріксіз тәрк етіп, «Адасқанның алды-жөн, арты-соқпақ» дегендей алыс-жақын шетелдерге ауыл-ауыл болып қоныс аударуға мәжбүр болды. Солардың қатарында «Бесқала» өңірін бетке алған Қалдықараның ауылы да болды.
Батыстан шығысқа бет алған бұлар арқа жағы Арал теңізіне құятын, шалқып ағып жатқан Әмудәрияға тірелетін Қарақалпақстанның Хожелі ауданындағы «Құмжыққын» (қазіргі Піржан Халмұратов атындағы дихан фермер қожалығының аймағы: - М.Ұ) массивіне табан тіреп қоныстанды. Ол кездері «Құмжыққын» Өзбек КСР «Главзаготскота откорм» бірлестігінің Қарақалпақстан АССР-ындағы бірден-бір мал семіртуші «Кәтеп» кеңшарына қарасты болатын. (Кәтеп – жүк артқанда салмақты өркешке түсірмейтін түйенің ершігі: - М.Ұ). Бұлардың ішінде Қалдықараның екі баласы Қуанғали, Жұмағали шешесімен, Бөпеш молда балалары Әдина, Қайпанмен, Ақпан Елмағанбеттің үйі, Қосқұлақ Рахайдың (Қазір осы Рахайдың немересі Нұрадин 31 телеарнадағы «Информбюро» жаңалықтар қызметінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі: - М.Ұ) үйлері болды. Рахайдың қайын жұрты осы Ақпандар.
Маңғыстаудан келіп қоныстанған бұл ауылдың адамдары жапатармағай білгілі бір кәсіппен айналысып, «Кәтеп» кеңшарының малдарын бағумен шұғылданды. Үлкендері кеңшардың малын бағып, жазы-күзі жем-шөп жинаса, жастар жағы тракторшылық қысқа курстарда оқып, білім алып, мамандық иелей бастады. Солардың ішінде Жұмағали да бар. Жалпы «Құмжыққын» мен Хожелі ауданы орталығының арақашықтығы 20-25 шақырымдай. Малшылардың балалары Ет комбинаты поселкесінде орналасқан №24 орта кәсіптік техникалық училищесінің (СПТУ-24) жатақханасында жатып оқитын.
«Кәтептің» Қарақалпақстан АССР-ы бойынша бірден-бір мал семіртуге арналған кеңшар екендігін жоғарыда айттық. Сондықтан кеңшар шаруалары бұрынғы Одақтың кез келген жеріне семірген малдарын айдайтын. Әуелгі кездері шаруалар алыс-алыс аймақтарға малдарды атпен айдап апаратын. Пойызбен тасымалдаған дегенді естімеппін. Себебі, «Ташкент-Мәскеу», «Ашхабат-Мәскеу», «Душанбе-Мәскеу» бағытындағы пойыздардың бәрі де беріде, яғни 1965-68 жылдары «Қоңырат-Бейнеу» темір жол құрылысы біткеннен кейін жүре бастады. Онда да Қарақалпақстандағы Хожелі, Қоңырат стансаларының үстімен өтетін. Өйткені, Қарақалпақстанның басқа жерлеріне темір жол тартылмаған кез болатын. Керек болса Автономиялы республиканың астанасы Нөкіс қаласының өзіне темір жол 1985-90 жылдары жетті. Сондықтан «Кәтептің» малдары жан-жаққа жаяу айдалатын. Мал айдауға қарулы-қарулы жігіттер таңдалып алынатын. Соның өзінде мал айдаған шаруалар ауылға үш-төрт, тіпті кейде Қиыр шығыс, Солтүстік өңірлерге кетсе 7-8 айда оралатын болған. Сол кездері олардың әке-шешелері мен бала-шағалары жандарын шүберекке түйіп, жолаушылап кеткен азаматтарының амандығын Алладан тілеп отыратын болған. Тек соғыс басталардың алдында ғана малдарды паромға жүктеп, Әмудәрия арқылы Еуропаға жіберетін. Ал теңіз форты Қарақалпақстанда да, Түрікменстанның Ташауыз облысында да болмаған. Су жолын пайдаланушылар Түрікменстанның Шаржау шәһәріндегі теңіз фортының қызметіне жүгінген.
- Осындай мал айдаушылардың қатарына өзі қайратты жас жігіт болғандықтан «Кәтеп» кеңшарының басшылығы менің әкемнің туған інісі Жұмағали ағамызды да қосады, - дейді батырдың қарындасы Мақпал Қуанғалиқызы Қалдықараева. - Негізінде олар малдарды пойызға ма, әлде паромға ма жүктеу үшін айдаған сияқты. Сондай-ақ менің ойымша Ресейге жіберу үшін айдағандары жылқы емес, сиыр секілді. Өйткені, қарекеңдер жылқы, түйе өсіруге аса құмар халық емес. Тіпті ертедегі ата-бабалары беріге келгенше «Жеті жылғы жел-құзымды қозғайды» деп қорқып, жылқының етінен ат-тонын ала қашатын. Сондықтан олар жылқы етін мүлдем жемейтін болған. Ал қазіргі қарекеңдерді білмедім, мүмкін жылқы түгіл басқа аңдардың да етін жеуге үйренген шығар. Сондағы айтайын дегенім, Жұмағали ағамды сол сапары қасындағы өзімен қатар жолдас жігіттерімен бірге Шаржауда жасақталып жатқан болашақ сарбаздарға қосып, майданға аттандырып жібереді. Түрікменстанның Шаржау шәһәрінен майданға аттанғасын ағамның абыройына шерік болу үшін түрікменстандықтар да иемденгісі келген ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, әжем де, әке-шешем мен басқа да ауылдас, ағайын-тумаластардың бәрі де осы «Құмжыққын», «Кәтеп», «Әмудәрия» ұжымшарындағы «Шаншар түбек», «Ақ қораның», «Терең сайдың» айналасында өмір сүргендер. Тағы да менің ойымша, егер Жұмекең өз еркімен әскерге аттанатын болса, ауылға келіп, Хожелі аудандық әскери комиссариатына арыз жазып, өз еркімен майданға аттануына болатын еді ғой. Әйтпесе, сонау Қарақалпақстанның Хожелі ауданынан Түрікменстан КСР-інің Шаржау облысына мал айдап барған жігіттерді ата-анасына айтпастан, отбасыларына хабарламастан, ауылдас, тума-туысқандарымен қоштастырмастан қан майданға аттандырып жіберуге бола ма екен?
Иә, Жұмағалидың Шаржауға мал айдап барып, әскерге шақырылмай-ақ, аяқастынан майданға аттанып кеткені анасы Мәриям мен жалғыз ағасы Қуанғалиға ауыр тиді. Тіпті бұлар оның соғысқа кеткенінен екі-үш айға дейін хабарсыз да болды. «Кәтептің» малын Ресейдің ет комбинаттарының біріне айдап кеткен шығар, аман жүрсе, ауылға оралар деп алаңсыз отыра берді. Анау әлгі Шаржауға мал айдар кездегі ат артына бөктеріп алған азық-түлігі мен жылы киімдері, ат үстінен еңкейіп, анасының бетінен сүйіп, Қуанғали ағасымен жұдырық түйістіріп қоштасқаны, бұлардың бұл дүниеде ең соңғы рет дидарласуы екенін дәл сол сәтте ешкім ешқандай аңғармады. 71 жастағы Мәриям шешенің көп жылағандықтан болар, жанары солғын тарта бастады. Жасы отызға жақындаған Қуанғалиға да бір шүйкебас бұйырмай жүр. Қашан бұйырмысы болары тағы белгісіз.
Арадан ай, жылдардан жылжып жыл өте берді. Оқта-текте майдандағы Жұмағалидан үш бұрышты хат келіп, аманшылықты білісіп тұрады. Тұрмыстың тауқыметімен мектеп партасында көп отырмаған Жұмағали көбінесе хатты қасындағы қарулас жолдастарына жаздыратын сияқты. Ол хаттар сонау Белоруссияның қалың жынысты ормандарынан қия шеттегі «Құмжыққынның» ит тұмсығы батпайтын тоғайының арасында отырған Ақпан ауылына араға ай салып, әрең жетеді.
Кеңес Одағының Батыры Жұмағали Қалдықараев
1944 жылдың қаңтар айының аяғында Мәриям шешеге Белоруссия майданынан қуанышты да, қайғылы да хабарлар қосарлана жетеді. Қуаныштысы – Жұмағали Қалдықараевтың 1944 жылы 15 қаңтарда Днепр өзенінен өтер кезде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылғандығы. Ал қайғылысы – ұсынылған құрметті атақ пен ең жоғарғы награда, Алтын Жұлдыз және Ленин орденін алып үлгерместен арадан 11 күн өткенде, яғни 1944 жылдың 26 қаңтарында Белоруссияның Мозырь қаласы үшін болған ауыр шайқаста ерлікпен қаза тапқаны. Мәйіті сол қаладағы бауырластар зиратына жерленгені.
Бұл қайғы ауылдағы анасы мен туған ағасына қатты батты. Екі көзінің қос қарашығының бірі майданда мерт болды. Баласына өлер алдында батыр атағы беріліпті. «Берілсе батырлығына, жасаған ерлігіне қарай берілген шығар. Байғұс бала, жастайынан ожар, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей еді. Қулық-сұмдық дегеннен жаны таза, барынша адал еді-ау. Кісіге көлгірсу, жағымпаздану, жәдігөйлену дегендерге жаны қас еді. Ағайын-туыстарға мейірімді, кім көрінгенге қайырымдылық жасауға құмар еді. Жасы үлкендер жағы біреуді бір жерге жұмсаса, елпілдеп қасына бұл еріп кететін. Тіпті «Оның орнына мен-ақ барайын» деп кейде өзгенің орнына, өзі кете беретін ақкөкірек еді. Баяғыда Шаржауға мал айдағандарында өтірік ауырып тұрған біреудің орнына «Малды мен айдасайын» деп совхоз директорына барып өзің сұранып кетіпсің-ау, құлыным. Сені орнына жіберткен әлгі «ауру» сендер ауылдан шығудан «Құлан таза айығып кеткен» көрінеді. Әрине, мұның бәрін біз сен кеткеннен кейін елден есіттік. Құдай білсін, осы елпілдеген елгезектігіңнің себебінен Шаржауға барғасын да алды-артыңды ойламай біреудің орнына майданға кете салдың ба? Әлде Шаржаудағылар бір түрікменнің орнына майданға кетіп бара жатқандардың қатарына еріксіз тығып жіберді ме, кім білсін. Құлыным-ау, сенен басқа біреу болғанда «Ауылыма барамын, ұрысқа кететін болсам, ата-анамның батасын алып, ағайын-туыс, ел-жұртыммен қоштасып, Қарақалпақстаннан-ақ кетемін» дер еді ғой. Ал сен болсаң... Сосын батыр атағына сенен басқа біреу ұсынылса, қашан мерзімі бітіп, ауылға қайтқанша, ауруханаларды паналап, әйтеуір аман қалудың айла-шарғысын жасап бағар еді-ау. Ал сен өйтпедің! Себебі, сенің бойыңдағы қайсарлық, өжеттік, бірбеткейлік, адамгершілік, имандылық, қайырымдылық күннің нұрымен, мен емізген ақ адал сүт пен әкеңнен дарыған қан арқылы өтіп тұр. Енді келіп, өз қолымды өзім қалай кесейін. Өзім берген тұрақты тәрбиенің нәтижесі солай болса, Алланың ісіне шара бар ма?» деп уһілегенде іштегі күйік сыртқа жалын болып атылып жатқандай. Бәрінен де өкініштісі, Қалдықараның қарашаңырағына ие болады-ау деген екінші ұлы Жұмағали қан майданда қаза тауып, сүйегі жат жұртта қалды.
Жұмағалидың ағасы - Қуанғали Қалдықараев
Қуанғалиының үйленгеніне біраз жылдың жүзі болды. Бірақ әлі келінінің пұшпағы қанайтын емес. Құдай бермесе қайтесің. Алланың ісіне шара бар ма? Мәриям шеше кейде Жұмағалиды аңырап жоқтаса, Қуанғалидың жәйін ойлап, құдайдан қорыққанынан қоя салады. Дегенмен күні-түні іштей егіледі. Уайым-қайғы жүрегін жегі құрттай кеміріп барады. Сөйтіп жүргенде «немере сүйсем екен» деп тілеп жүрген үміті үзіліп, арманы адыра қалды. Өйткені, жалғыз келіні бала көтерместен, баласымен 17 жыл отасқаннан кейін ауырып, бақилыққа аттанып кете барды. «Көтере алмасаң қосып арқала» дегендей Мәриям кемпірдің қайғысына қайғы жамалып, қабырғасын қайыстыра түсті. Осының бәрі қарияны әбден есеңгіретіп, бұрыннан нашар көретін қос жанары су қараңғы болып қалды. Себебі, «Орта жолға барғанда атың өлмесін, орта жасқа барғанда қатының өлмесін» дегендей қырықтан асып, елуге қадам басқан Қуанғалиға да жарынан айырылып, соқыр шешесінің күтіміне қарау әрине оңай болмады. Сондықтан ілгеріде күйеуі қайтыс болып, үш қызы жетім қалған, Қараштың жесірі Ілияға үйленеді. Шырақбай Қосқұлақ Мамыт ақсақалдың күйеуінен жесір қалған қызы соғыстан кейінгі ауыр жылдардың салмағы иығын жаншып, үш перзентін әрең асырап отырған Ілия Мәриям кемпірдің өтінішін жерде қалдырмай, көп ұзамай Қуанғалимен бас қосады. Мәриям шешейдің «Құдайым-ау, қыз да болса бір тырнаққа зар қылмай, Қалдықараның қарашаңырағын құлата көрмеші!» деген тілеуі періштенің құлағына шалынды ма, кім білсін, әйтеуір келесі жылы «Құмжыққында» отырған Қуанғалидың шаңырағында сәбидің іңгәсі естіліп сала берді. Дүниеге келуден етегіне орап алған Мәриям кемпір қызыл шақа шақалақты еміреніп иіскелей берді. Жаббар Иесіне шүкірлік айтып, күліп тұрып жылайды, жылап тұрып күледі. Себебі, баяғы Жұмағали туылғалы бұл шаңырақтан сәби даусының естілгені осы. Әрине, 40 жылдық үзіліс аз уақыт емес. Сондықтан соқыр көзден жас шығып, беттегі шимайланған әжімдерді қуалай сорғалап, төмен қарай жылжи берді. Бұл өмір бойы аңсап, әбден зарығып барып қол жеткен қуаныштың көз жасы еді. Құдайдың жолына бозқасқа садақа айтып тұрып, Мәриям шеше немересінің жолы тағдырдың тәлкегінен аман болып, өмір жолы мақпалдай жұмсақ болсын деген ниетпен жас шақалақтың есімін Мақпал деп қояды.
Мақпалдың әңгімесінен
Мақпал Қуанғалиқызы Қалдықараева
- “Тілеулі бала жылаулы» дегендей дүние есігін жаңа ашқан менің де өмірім қайғы мен қасіретке толы болды. Тек әуелі Алла, одан кейін әжемнің арқасында тірі қалып, аяулы әкем мен кеңес өкіметінің қамқорлығын көп көрдім. Әрине, туған ананың мейірім шапағатына, ыстық құшағы мен аялы алақанына бұл дүниеде тең келер ештеңе жоқ екендігі баршаға белгілі болар. Әйтсе де, жарық дүниеде маңдайымнан сипап, жақсылық жасаған жандарды ұмыту, әрине мүмкін емес. Әлдеқалай ұмытып кетсең әділетсіздік болар еді деп ойлаймын. Әрі ондай қасиет адамгершілікке жатпайды. Сондықтан таразының басын тең ұстауға тырысамын.Менің туған шешем Ілия қайтыс болғанда мен небәрі алты айлық нәресте екенмін. Содан Қалдықарадан қалған жалғыз ұрпақ болғандықтан әжем мені бауырына басты. Әкем Қуанғали жасы елуден өткен шағында екі көзі су қараңғы қарт анасы мен көзінің қарашығындай жалғыз түйір перзенті, яғни мені ешкімге көзтүрткі еткісі келмей, қайта үйленбепті.
Бұл дүниеде Құдайдың құдіретіне әсте шек келтіруге болмайды. Ол мүмкін де емес. Оған мысал ретінде мен адам айтса нанғысыз мына бір оқиғаны баяндап берейін. Жаңа жоғарыда айтқанымдай, анамнан алты айлығымда қалған мені әжем бауырына басады. Көзалдында жүрген Жұмағалиынан қапияда айырылып қалған әжем менен де көзкөрекі айырылып қалмаудың түрлі жолдарын жасап бақты. Сол үшін мені қызғыштай қорыған көрінеді. Бұрыннан бала емізіп отырған Ақпанның келіндеріне де еміздірмеген. Себебі, мен қызда болсам Қалдықарадан қалған жалғыз ұрпақпын. Сондықтан мені өзі бауырына басып, өзі емізді. Тоқсанға шыққан қарт әже қу шандырға айналған тас емшекті аузыма салғанда, әжемнің тұлабойы босап, 62 тамыры толық иіп, аппақ сүт бұрқылдап қоя беріпті. Алғашында әжем мені еңкілдеп жылап отырып емізіпті. Тіпті есейген кезімде де сирек те болса «Емшегім шыдатпай бара жатыр» деп өзі шақырып алып емізетін. Ауылдағы қатар-құрбыларымнан ұялсам да, әжемнің көңілі үшін оның өтінішін орындайтынмын. Содан мен әжемді бақандай сегіз жыл, яғни өлгенінше емдім.
Бір күндері «Құмжыққаннан» «Кәтеп» кеңшарының орталығына көшіп бардық. Макаренко атындағы орта мектептің дәл түбіндегі бірінші үй біздікі болатын. Мен сол мектепке 1 сыныпқа оқуға бардым. Бізді сол жылдары «Қызыл ізшілер» қоғамының мүшелері іздеп тауып, үйге келіп тұратын болды. Пионерлер келіп қолқабысын тигіз тұрды. Қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер бәрі де қолдан келген көмектерін аямайтын. 1967 жылы әкем інісі Жұмағалидың басына барып, зияраттап қайтты. Кетерінде бізді, яғни әжем екеумізді «Құмжыққындағы» Бөпеш молданың екінші баласы Қайпан ағамның үйіне қалдырып, тапсырып кетті. Әкем Белоруссиядан келгесін «Кәтептегі» үйімізге қайта бардық.
1968 жылы қайран әжем 99 жасында дүниеден озды. Сол кездегі көріністер бала болсам да әлі көз алдымда. Әкем азанмен шаруашылық басшыларына хабарлады. Көп ұзамай үйге адамдар жинала бастады. Іштерінде «Кәтеп» кеңшарының сол кездегі директоры Бақсиық Сәтбергенов, мамандар бөлімінің басшысы Мұқан (Сары Мұқан) Жолдасов, бас есепші Тәжіаяқ Әбдіраманов сияқты басқа ағаларымыз келіп ұйымдастыру шараларын жасақтады.
Жаназа намазы күні қаралы митинг болды. Аудан, республика орталықтарынан басшылар мен мектеп оқушылары қатысты. Хожелідегі Жұмағали Қалдықараев атындағы орта мектеп ұжымы түгелімен осында болды. Бәрі де әжемді гүл шоқтары мен гүлдестелерге көмкеріп тастады. Қаралы жиында Өзбекстан Компартиясы Қарақалпақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы Қаллыбек Камаловтан бастап біраз адам шығып сөйледі.
Үкімет басшылары әжемді жерлеуге гроб жасатып, оркестрін де қоса әкеліпті. Содан әкем «Мен шешемді мұсылманша жерлеймін. Орыстың салтын жасатпаймын. Гробыңды да, музыкаңды да, гүлдеріңді де алып кетіңдер. Менің шешемнің намазы сендерге той емес» деп қиғылық салады. Ақыры бетін аштырмай, кәдімгі қазақы атағашқа салып аттандырады. Дегенмен жұртшылық әжемнің мәйітін мәшинеге салмай, «Кәтептен» 15 шақырымдай қашықтықтағы «Мәздімхан сұлу» қорымына кезектесіп жаяу көтеріп апарып, соңғы сапарға шығарып салады.
Айтпақшы, 1947 жылы әжемді Мәскеуге шақыртып, Сталин Жұмағали ағамның Кеңес Одағы Батыры атағы берілгендігі туралы куәлікпен, бірге Алтын Жұлдыз және Ленин орденін қоса тапсырған. Себебі, Алтын Жұлдыз бен Ленин ордені берілмей тек ғана куәлігі тапсырылуы мүмкін емес. Мен ол Алтын Жұлдызды өз көзіммен көргенмін. Әкем кейде қай-қайдағылар еріксіз есіне түсіп көңілі қамыққанда, жалғыз інісін сағынып зарыққанда, мені қасына отырғызып, осы Алтын Жұлдыз бен Ленин орденін ашып көрсетіп, «Мақпалжан, батыр ағаңнан қалған жалғыз естелік осы ғана. Одан бала-шаға да қалмады» деп біраз ойланып отырып, құжаттар мен ұсақ-түйек нәрселер салынған темір қобдишаға қайта салып, қара құрымға мұқияттап орап қоятын.
Біз «Кәтептің» басында отырғанда әкем ауырды. Мен Макаренко атындағы орта мектебінде небәрі 3 сыныпқа дейін ғана оқыдым. Содан бізді Қайпан Бөпешов ағамыз «Құмжыққындағы» үйіне көшіріп алып, әкем екеумізге бір бөлмесін босатып берді. Көп ұзамай әкем сол үйде қайтыс болды. Әкемді ақ жуып, арулап бүкіл ағайын-туыс, жекжат-жұрағат Қайпан ағамның үйінен ақтық сапарға аттандырады. Баяғы құжаттар мен ұсақ-түйектер салынған темір қобдиша сол қара құрымға оралған күйі әкем шыққан Қайпан ағамның үйінде қалды. Ол кезде оған мән беріп жатқан ешкім болмады. Себебі, ешкім қажетсінбеді. Мен небәрі 13 жастағы баламын. Мен темір қобдишадан гөрі өзімнің келешегімді ойлаймын, «кімнің үйінде боламын, қайда оқимын?» деген сияқты сан түрлі сұрақтар мазалайтын шаққа жеткенмін. Өйткені, «Құмжыққынның» малшылар отырған ауылында мектеп жоқ екенін жақсы білемін. «Кәтептің» орталығындағы үйімде жалғыз өзім тұра алмаймын. Сол үшін сол кезде «Әмудәрия» кеңшарындағы Ленин атындағы бөлімнің №6 бригадасында тұратын Бөпеш молда атамыз (Қайпан ағамның әкесі:-М.Қ) мені үйіне алып кетті. Сол жердегі Белинский атындағы орта мектепте бір апта оқыдым. Содан кейін мені аудан орталығындағы Жұмағали Қалдықараев атындағы орта мектептің басшылығы келіп алып кетіп, сол мектеп жанындағы мектеп-интернатқа орналастырды. Ол жерге барудан менің өмірім күрт өзгеріп сала берді. Интернатта әр ұлттың өкілдерінен құралған 32 бала тұрамыз. Менен басқасының бәрінің әке-шешелері бар, кілең теміржолшылардың ұл-қыздары. Іштеріндегі тұлдыр жетім жалғыз мен ғана. Бірақ сол жерде мұғалім болып оқушыларға сабақ беретін Әуелбай Демесінов деген рулас ақсақал мені бала қылып асырап алды. Ол үйдегі екінші шешем Өтебике Айтжанова сол кезде осы мектеп-интернатта аспаз болып жұмыс істейтін еді. Бұл шешемнің қазір көзі тірі, 90 жастың үстіне шығып отыр. Осылар мені аса қамқорлыққа алып, аялы алақандарының жылуын аямады. Қасымдағы балалар әр сенбіде үйлеріне кетсе, мен осы екінші әке-шешемнің үйіне барып, жексенбі күні түстен кейін интернатқа қайта оралатынмын.
Сондай-ақ сол кездегі мектеп басшылары Салах Музагитұлы Шарафуддинов, интернат жетекшісі Леонид Борисұлы Ким. Иманды болғыр бұлар да менің бақытыма өте мейірімді, жақсы жандар еді. Мектеп директоры Салах Музагитұлы үнемі іссапарға шықса ылғи да маған әртүрлі киім әкеліп, бүкіл мектеп оқушыларының алдында киіндіріп, «Енді еңсеңді тіктеп ұстап, былай жүресің, былай жүресің» деп жалықпай өзі көрсестіп отырушы еді. Сосын Татьяна Семенқызы деген пионер вожатыйымыз болды. Сол кезде Алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген Мамыт Досмырзаұлы мені үнемі ерекше назарда ұстады. Мамыт ағамыз бүгінгі таңда осы Мұнайлы ауданында тұрады. Әсіресе, Шарафуддинов ақсақал мені тамағы тоқ жүрсін деп мүсіркейтін шығар, әйтеуір әр жылғы жазғы демалыста Шаржаудағы «Орленок» пионер лагеріне жіберетін. Және ол кісі мені мектеп бітіргесін, яғни 1978 жылы Хожелідегі Плис Нұрпейісов атындағы педагогикалық училищеге оқуға тапсыртты. Ондағы ойы маған әуелі педучилище бітіртіп, осы ағамның атындағы мектепке мұғалім етіп қабылдап, одан әрі жоғары оқу орнына сырттай тапсыртып өмірдің биік шыңдарына қанат қақтыру екен. Бірақ ол мақсатқа Жарының сары баласы (күйеуі Мұрат Серікбаевты нұсқап, жымиып қойды) жеткізбеді. 1978 жылы тамыздың ақырында мені алып қашып кетті. Мұны балалығымның жаңылыс қадамы деп есептеймін. Өйткені, сол кісінің айтқанын тыңдап оқып, сол мектепте мұғалім болып жұмыс істегенімде, батыр ағамның рухы да риза болар ма еді?
Түйін
Мен осы материалды бұдан 22 жыл бұрын, яғни 1995 жылы бастап жазғанмын. Себебі, сол жылы Жеңістің 50 жылдығына орай Ақпан ағайындар Ж.Қалдықараев атындағы мектепте Жұмекеңнің рухына бағыштап ас-садақа беруге қызу дайындалып жатқан. Сол астың қарсаңында бүгінгі сұхбаттасым, батырдың қарындасы Мақпал Қуанғалиқызы мені сұрастырып жүріп тауып алып, осы әңгімелерді айтып берген. Мен ол кезде Ташкентте қазақ тілінде шығатын республикалық «Нұрлы жол» газетінің Қарақалпақстан және Хорезм облысы бойынша меншікті тілшісі едім. Сондықтан Мақпал қарындасымыздың айтқан уәждеріне құлақ түрдім. Біраз адаммен сөйлестім. Жан-жақты зерттедім.
Мақпал әуелі Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында, яғни мектепте өтетін асқа әзірлік барысында баяғы әкесі қайтыс болғандағы Қайпан Бөпешовтің үйінде қалған қара құрымға оралған темір қобдишаның ішінен ағасы Жұмағалиға Кеңес Одағы Батыры атағы берілгендігі туралы куәлік шығып, Алтын Жұлдыз бен Ленин орденінің жоғалып кеткеніне қынжылады. 1947 жылы Сталин әжесін Мәскеудегі Кремльге шақырып Алтын Жұлдыз бен Ленин орденін бермей, тек куәлігін тапсырып қоя берді деген уәжбен келіспейді. Сол Алтын Жұлдызды әкесінің көзі тірі кезінде өз көзімен көргенін айтып налиды. Қанша айтып, жүгіріп іздегенімен нәтиже шықпаған соң журналистке жүгінуге мәжбүр болған.
Біз оқырманның өтініші бойынша жазатын тақырыбымызды түбегейлі зерттеуге кірістік. Сонда байқағанымыз Алтын Жұлдыз үйінде қалды деген Қайпан Бөпешовті бұрыннан да жақсы танушы едім. Қайпекең кісінің ала жібін аттамайтын момын, өте қарапайым шаруа кісі еді. Ол біреудің атақ, абырой, беделін пайдаланып баюды мақсат ететін жан емес. Алтын түгіл гауһарға да қызықпайтын адал адам болды. Сондықтан Қайпекеңе кінә тағудан аулақпыз. Егер Алтын Жұлдызды жеке өзі пайдаланғысы келсе әлгі куәлікті де, куәлік салынған темір қобдишаны да, темір қобдиша оралған қара құрымның да көзін жойып жіберуге әбден болатын еді ғой. Сол үшін Қайпан Бөпешовті кінәлауға толық негіз жоқ. Сонда да кім біледі, өмір бойы өкіметтің малын баққан малшының үйінің көшіп-қонып жүретіні заңды құбылыс. Мүмкін осындай аласапырандардың бірінде жоғалып кетуі де ғажап емес.
Бірақ Қайпаннан Жұмағалидың құжаттарын көп жыл Белинский атындағы орта мектепте мұғалім болған Оңдаған Жалмағанбетов деген Ақпан бірнеше рет сұрап ала алмапты деп естідік. Сөзіміз ауыр болмасын, сол үшін екеуі ренжісіп те қалған көрінеді. Дегенмен сол Оңдаған Жалмағанбетовтің «Жұмағали Қалдықараевтың жалғыз мұрагері менмін» деп Хожелі қаласының Титов көшесінен ескілеу үй алып, үлкен баласы Баяшты (Бағдәулетті) соған отырғызып қойғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазір Бағдәулет (Баяш) Алматыда тұрады. Сондағы айтайын дегеніміз Жұмағалидың Жұлдызы осындай себептерге байланысты жоғалып кетті ме, кім білсін. Ал Алтын Жұлдыздың куәлігі әлі күнге дейін Қайпан Бөпешовтің Қарақалпақстанның Хожелі ауданында тұратын кенже ұлы Тіркештің үйінде сақтаулы тұр деп естідім.
Қайткенде де, Кеңес Одағының Батыры Жұмағали Қалдықараевтың қыз да болса жалғыз мұрагері – Мақпал Қуанғалиқызы. Оны адамгершілік, пендешілік жағынан қарасаңыз да, заң тұрғысынан қарасаңыз да біздің бұл пікірімізді ешкім жоққа шығара алмайды. Осы ойымызды сол кезде (1995 жылғы аста) Ақпан ағайындардың ақсақалдары мен бас көтерер азаматтарына айтқанбыз. Дегенмен олар бізге қанағаттанарлық жауап бермеді. Қайта бізден қашқалақтауға тырысты. Сосын біз көрген-білгеніміз бен көңілге түйгенімізді қағазға түсіріп, яғни мақала жазып, Мақпалдың өзіне оқытып көрсету үшін Хожелі қаласындағы «Тақиятас айналмасында» (Тахиаташ поворот) тұратын үйіне арнайы барғанбыз. Олар сол кезде Маңғыстауға көшуге дайындалып, жүктерін буып-түйіп қойған екен. Бірақ неге екені белгісіз, Мақпал жазып барған мақаланы оқып көріп, соңына «танысып шықтым» деп қол қойып берудің орнына, әуелгі айтқандарының бәрінен айнып шыға келді. Қол қойып беру түгіл, жазған дүниемізді оқып көруден де бас тартты. Ол кезде қазіргідей диктофон, немесе ішінде диктофоны, фотоаппарат, аудио, бейне камералары бар ұялы телефондар тірі пенденің өңі түгіл түсіне кірмеген кез еді. Мақпал айтқандарынан айнып қалғасын, дәлелдескенде табан тірерлік айғақ болмағандықтан жазған материалымды газетке бермей қалғанмын. Егер жоғарыдағы аттары аталған көптеген кісілердің көздері тірі кезінде БАҚ-тарға жарияланғанда Алтын Жұлдыздың бір дерегі табылып қалар ма еді, кім білсін?
Мақпал жанұясымен
Екіншіден, жасыратыны жоқ, соңғы кездері Маңғыстаудағы Жұмағали Қалдықараев туралы жазылып жүрген деректерде жаңсақтықтар өте көп. Тіпті қиялдан құрастырылған сияқты. Қолымыздағы бар деректер тиянақсыз болғасын біраз жыл тіс жармай үнсіз жүргеніміз рас. Бірақ ақиқатты, білетінімізді айтпай тұра алмадық. Сондықтан бұдан 22 жыл бұрын сұхбаттасқан Мақпал қарындасымызды қайтадан іздеуге мәжбүр болдық. Жан-жақтан сұрастырдық. Біреуден ұялы телефонының нөмірін алдық. Қоңырау шалдық. Жауап болмады. Сосын көршілеріне қоңырау соқтық. Мекенжайын анықтадық. Өзінің ұялы телефонына хабарлама жаздық. Әйтеуір, бірер күннен кейін телефон тұтқасын көтерді-ау. Баяғы жарияланбаған сұхбатты ұмытпапты. Сәуір айының сәрсенбісінің сәтті күндерінің бірінде қайтадан сұхбаттасуға келістік.
Келісілген мерзімде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының «Маңғыстау-3» деген елдімекеніндегі үйіне ат басын тіредік. Жолдасы Мұрат Серікбаев екеуі ыстық ықыласпен қарсы алды. Әрине, Мақпал баяғыдай емес, 4-5 баланың анасы, 3-4 немеренің сүйікті әжесі болыпты. Яғни, отбасының кемеңгер ақыл айтар анасына айналыпты. Сонда да «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей фотоаппарат, дыбыс жазу құралдары сияқты журналистің күнделікті «қару-жарақтарын» арқалап алып бардым. Көңілді күпті етіп жүрген көптеген сұрақтарыма нақты да, тиянақты жауаптар алдым. Қазіргі жазылып жүрген жаңсақ деректердің олқы тұстарын толтыру мақсатында мақала, суреттеме, әлде очерк деп айдар тақпай, түсінікті болу үшін оқырмандар назарына хикая ретінде ұсынуды жөн көрдім. Бұл туралы қосымша пікір жазамын деушілердің де қалауы білсін. Бірақ шектен шығуға болмайды. Қазірше айтарым осы.
Айтпақшы, кез келген жерде айтылып, зерттелмеген дүниелерге сене берсек, шежіремізден шатасып, тарихымыздан адасатынымыз анық. Ертеде Қарақалпақстанның барлық жерінде «Қарақалпақстан қыранлары» деген баннерлер тұратын. Сонда Жұмағали Қалдықараевтың ұлты әуелгі кездері сол баннерлердің барлығында қарақалпақ деп жазылған болатын. Осыларды біз дер кезінде қайта-қайта газеттерге жазып, жоғарғы жақтардан сұранып, кейбір қателерді түзеттіруге септігіміздің тигенін де жасырмауымыз керек. Содан соң батырлардың барлығының жазылған ұлтын алып тастады. Сонда он ба, он екі ме (қазір ұмыттым:-М.Ұ) қарақалпақстандық қырандардың бесеуінің ұлты қазақ еді. Екі-үш орыс ұлтынан шыққан батырлар болды. Қалғандары өзбек ұлтының азаматтары. Мысалы, Жұмағали Қалдықараев Маңғыстаудың тумасы болса,. Жұман Қарақұлов (1921-1944) ұлты қазақ, Қарақалпақстанның Ахунбабаев ауылында туылған, Қатардағы жауынгер, Украина, Солтүстік Кавказ майдандарында шайқасқан. Чехословакияны азат ету үшін болған ұрыстарға қатысып, ерлікпен қаза тапқан. Біліс (Плис) Нұрпейісов (1919-1945), Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында туылған. Ұшқыш. Аға лейтенант. Авиациялық барлау полкінде қызмет етіп, ерліктер көрсеткен. Мақаш Балмағанбетов 1914 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында туылған. Днепетровск облысының Бородаевка қыстағы маңында болған шайқаста қаһармандық, теңдессіз батылдық көрсеткен. Іният Наурызбаев 1910 жылы Ақтөбе облысының Алға ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Қарақалпақстанда дүниеден өтеді.
Міне, осылардың бәріне Қазақстанда есімдерін есте сақтау үшін аттары көше, мектеп, ауылдарға, елдімекендерге, стансаларға берілсе нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН Өзбекстан және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі