©
Қаһарын төккен қатігез соғыс Жеңіспен аяқталып, бейбіт күннің таңы атқалы бері 72 жыл өтіпті. Жеңіс күні қарсаңында ел басына күн туып, неміс басқыншылары тұтқиылдан еліміздің тыныштығын бұзған зұлмат жылдарда Отан үшін қыршынынан қиылған боздақтарды еске алып, елге оралған жауынгерлерге қапысыз құрмет көрсету үрдісі жарасымды жалғасып жатыр. Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов және өңірдегі «Каспийбитум», «Мага бред» ЖШС басшылары ардагерлерді мерекемен құттықтап барды. Облыс әкімі бастаған қонақтар алдымен 92 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Нұх Капизұлының шаңырағында болып, сый- құрмет көрсетті. –Қанды қырғын басталған жылы әскери комиссариаттан шақырту келіп, небәрі 17 жасымда әскер қатарына алындым. 1943 жылға дейін Орал қаласындағы жаяу әскер училищесінде курсант болдым. Осы жылдың мамыр айында Украинадағы майдан шебінде бөлімше командирі, қару- жарақ командирі болдым. 1944 жылы 20 наурыз күні түнгі уақытта жауға қарай 10 шақырымдай жақындап, окоп қазып жауға қарсы шабуылдауға дайындалып жаттық. Сол сәтте неміс басқыншылары біздің келгенімізді біліп қойып, қарсы оқ боратты. Сол сәтте жараландым. Одан кейін Германияда соғыста болып, Жеңісті сол жақта қарсы алып, елге 1946 жылы оралдым, – деді естеліктерді еске түсірген ардагер Нұх Капизұлы. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аманат еткен ата-баба ерлігіне кейінгі ұрпақ мәңгі қарыздар екендігін айтып, Жеңісті жақындатуда майдан даласында кеудесін оққа тосып, Отан үшін от кешкен ардагерге ұзақ ғұмыр тілеп, спорттық құрал- жабдық табыстады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов ардагер елге оралғаннан кейін еңбекке араласып, оқу- ағарту саласында еңбек еткенін, баянды еткен бейбіт күннің қадір-қасиетін ұмытпайтынын жеткізді. Мерекелік көңіл- күй ала келген қонақтар ақжарма лебіздерін білдіріп, ардагерге гүл шоқтарын сыйлап, азық- түлік қоржындарын табыстады. Бүгінде майдангер атамыз бейбіт күннің бақытына тәубе деп, 10 ұл-қызынан тараған 23 немере, 15 шөбересінің ортасында ғұмыр кешуде. Көңілі бір жасап қалған қария «Тәуелсіздікті қадірлеп, қастерлей біліңдер» деген тілегін жеткізді. Ерен ерлікке тағзым етіп, ардагерлерді ардақтау салтын жалғаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жеңісті жақындатқан жауынгер Виктор Нечаевтің шаңырағына барды. Қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған атамыз емен-жарқын әңгімелесті. 1943 жылы өзімен қатарлас 30-ға жуық бозбаламен бірге әскер қатарына алынып, пулеметші ісіне машықтанады. Белорусия майданында ерлікпен шайқасып, жаудан азат етуге қатысқан. Жараланғанымен жаудан қайымықпай қарсы күрескен жауынгер ерен ерлігі үшін бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Виктор Васильевич туған жерге оралған соң, елдің еңсесін көтеріп, халықтың тұрмысын оңалту жолында еңбек етіп, көптеген кен орындарының ашылуына зор септігін тигізді. «Елбасы Н.Назарбаев елдің ішіндегі бірлік, татулық, тыныштыққа баса мән беріп келеді. Көптеген мемлекеттер бірлігі мен ынтымағы жарасқан елімізді үлгі тұтады. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, ардагерлерді ардақтау, қарттарға қамқорлық көрсету, тағзым ету парызымыз. Ең бастысы, елдің тыныштығы мен тұтастығына, іргесі сөгілмес ынтымаққа шүкір айтайық. Егемен еліміз татулық пен тыныштықтың тұғырынан таймасын. Болашақ ұрпаққа бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге қарыздармыз. Деніңізге саулық тілеймін!» деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов майдангерге теледидарды тарту етті. Дастархан басында басқа да қонақтар парыз бен намысты алға қойып, елі мен жері үшін аянбай күрескен қайсар мінезді жауынгерге алғысын жеткізді. Мерекелік лебіз, ілтипат пен шынайы пейіл қарт көңілді жадыратты. – Мектептерде, оқу орындарында жастармен жиі кездесемін. Ел болашағының тұтқасын ұстайтын жастарды білімді болуға, сондай-ақ геология мамандығын меңгеріп, жер байлығын игеруге шақырамын. Көшеде, қоғамдық орындарда жастар мені танып, амандасып, хал-жағдайымды сұрап жатқанда қуанып қаламын. Бізден кейінгі ұрпақ сұм соғысты көрмесін. Бейбітшілік болсын!, – деді ардагер Виктор Нечаев,Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ