Маңғыстаулық спортшылар Қостанайдан жүлдемен оралды. Бұл жолы кикбоксшылар Қазақстан Республикасының кадеттер арасында өткен чемпионатына қатысып, 11 жүлдені еншіледі. Осылайша, Маңғыстау облысының командасы үшінші орыннан көрінді.
Үш күнге созылған жарысқа аймақтан 28 спортшы қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасынан 45 келі салмақта Берекет Құлқашев, 67 келі салмақта Ғани Әбілқанов, 71 келі салмақта Жалғас Сағатов, 81 келі салмақта Ақылбек Құдайбергенов жарыс жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты. 54 келі салмақта Ақберен Бегендіков, 60 келі салмақта Сержан Тұщыбекұлы, 71 келі салмақта Рүстем Тілегенов, +81 келі салмақта Дамир Амангелді күміс медальді қанжығаларына байлады. Одан бөлек, 42 келі салмақта Арыс Тарғынов, 48 келі салмақта Аян Қанатұлы, +81 келі салмақта Ақжол Жылқыбай қола медальдардың иесі атанды. Осылайша облыс қоржыны 4 алтын, 4 күміс және 3 қола медальдармен толықты.
-Жарысқа еліміздің әр аймағынан келген жалпы саны 290 спортшы қатысты. Кикбоксингтің фулл-контакт, к-1, лоу-кик бөлімдері бойынша өткен жарысқа облыстан 28 спортшыны апардым. Оның 11-і жүлделі орындарды иеленді. Маңғыстау облысының командасы Жамбыл мен Шымкент облыстарынан кейін үшінші орынға тұрақтады. Бұл-үлкен көрсеткіш. Жалпы бүгінгі таңда облыс орталығындағы «Толқын» спорт кешенінде кикбоксингпен 90 бала жаттығып жүр,-дейді Маңғыстау облысының кикбоксингтен аға жаттықтырушысы Есенмұрат Селиков.
Венера МИРЛАН