Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен аудандағы №9 мектептің спорт залында грек-рим күресінен 2000-2002, 2003-2005 жылдары туған жасөспірімдердің облыстық чемпионаты өтті. Чемпионат ауданның 10 жылдығына орайластырылған іс-шаралар аясында наурыздың 11-12 күндері болды.
Грек-рим күресі бойынша ауданда тұңғыш рет өткізілген аймақтық жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Байжанов, грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының директоры Н.Жалимов, спорттық шеберлік мектебінің директоры М.Бейсенбаев, олимпиадалық даярлау орталығының директоры Қ.Озғанбаев, олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры М.Куруглиев, Басқұдық ауылы әкімінің орынбасары М.Жұмабаев қатысып, өрендердің ойынын тамашалады.
Жарыста Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан, Маңғыстау, Бейнеу аудандарынан және Басқұдық ауылынан жалпы саны 190-ға жуық спортшы сынға түсті. Мұнайлынын атынан Басқұдық спорт мектебінің 38 шәкірті белдесуге шығып, 2 алтын, 3 күміс, 7 қола жүлдені жеңді.
- Мектебімізден 66 келі салмақта Дінмухаммед Нұрлашов, 69 келіде Закир Қаржау сайыстың І орынын иеленіп, аймақтың чемпионы атанды. Олар 31 наурыз - 2 сәуір аралығында Алматы қаласында өтетін Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған республикалық турнирге, мамыр айында Қызылордада болатын ҚР чемпионатына жолдама алды. Сұңғат Аяпов, Нұрсултан Сәрсенғалиев, Бекіш Елемес күміс медальді қанжығаға байласа, Атабек Ералбаев, Нұрсултан Сейдуллаев, Айбек Асқар, Абдулла Нұрлашов, Путин Файзулла, Әлібек Өтеулиев, Арман Жамбауов ІІІ орында тұрақтады,-дейді Басқұдық спорт мектебінің оқу-ісінің меңгерушісі Мұхтар Жұмашев.
Шахида ЖҰМАН