Еліміз үшін мерекелі де берекелі жыл болған 2017 жыл санаулы күндерден соң тарих қойнауына жол тартпақшы. Республика көлемінде еңбек адамдарының қызметі бағаланып, өнер, спорттағы жетістіктері саралануда. Жыл бойы тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін тер төккендер құрметтің құшағына бөленді. Жуырда Алматы қаласындағы қазақ спорт және туризм академиясында республикалық «Спорт жұлдыздары» журналы мен Қазақ спорт және туризм академиясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткен «Жыл үздіктері-2017» байқауында Маңғыстау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі «Үздік аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» атағын жеңіп алды.
Сонымен қатар «Үздік спорт жанашыры» номинациясы бойынша жерлесіміз, елдік істердің көшін бастап жүрген Сұңғат Мұңалбаевқа, «Үздік самбо федерациясы» атағы облыстық мәслихат депутаты, халықтың нағыз қызметшісі деген атаққа лайық азамат Нұрпейіс Сәрсенбайға табысталды. Аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Манарбек Бисекенов басқарып отырған облыстық «Жас батыр» спорт мектебі «Үздік спорт мектебі» номинациясымен марапатталды.
Ел чемпионаттарында, халықаралық, әлемдік бәсекелерде баптаған спортшылары топ жарып жүрген біздің спорт мектебіміз республика бойынша ең үздік атануға әбден лайық. Бүгінге дейін мектептен бір халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 36 Қазақстан Республикасының спорт шебері мен 393 спорт шеберлігіне үміткерлер шықты.
Бүгінгі таңда мектепте дзюдо, самбо, грек-рим, қазақ күресі, кикбоксинг, бокс, джиу-джитсу, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, волейбол, футбол сынды спорт түрлерінен 1100 оқушы жаттығады. Осы спорт түрлерінен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаттары, Қазақстан біріншіліктерінен 88 алтын, 83 күміс, 148 қола жүлде алған балғын спортшыларымыздан бапкерлерінің күтер үміті мол. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдегерін шығарған спорт мектебінің бапкерлерінің қазақ спортының дамуына қосқан үлесі мол. Жасөспірімдер арасында Азия чемпионаттарынан 6 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде алған балғын спортшыларымыздың қоржынын қоңды етуге аянбай еңбек етуді мақсат еткен бапкерлер жасөспірімдер арасында әлем кубогының чемпионын, 3 күміс, 2 қола жүлдегерін және Европа Кубогының 1 қола жүлдегерін шығарып үлгерді.
Ал, спортшыларымыздың жастар арасындағы байрақты бәсекелерде бағындырған белестері бір төбе. Әлем чемпионатының 3 қола жүлдегері шықса, бір спортшымыз әлем чемпионы атанды. Азия чемпионаттарынан 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдені жеңіп алсақ, ел чемпионаттарының 17 чемпионы, 4 күміс, 20 қола жүлдегер шықты. Он екі спортшымыз Қазақстан кубогының иегері, екі спортшы қола жүлдегері атанды.
Ересектер арасында бір спортшымыз әлем чемпионы деген атқа ие болса, бір спортшы қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ Европа кубогының 1 чемпионы, күміс және қола жүлдегері де аудан спорт мектебінің спортшылары. Европа чемпионаттарының күміс, қола жүлделерін қанжығаларына байлаған жерлестеріміз әлі талай биікті бағындырары сөзсіз. Әр түрлі деңгейдегі халықаралық, Республикалық жарыстардан да аудан спортшылары әрқашан алда көрініп келеді, мұның айқын дәлелі 193 чемпион, 161 күміс, 205 қола жүлдегеріміз. Әлем, Азия, Европа чемпионаттары мен кубоктарынан үміт күткен 11 спортшымыз жеңімпаз атанып, ел мерейін еселеді.
Қазақстан Республикасының ІV Жастар ойындарына 12 спортшы, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 28 спортшы жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының біріншіліктерінде 6 спортшы, Қазақстан Республикасының кубоктарына 11 спортшы ие болды, Әлем, Азия, Европа, ірі халықаралық турнирлерге 14 спортшымыз қатысып қайтты. Өзге өңірдің спорт мектептерінен көші ілгері тұрған, чемпиондар шығаруда аудандар арасында көш бастап жүрген аудандық спорт мектебінің жетістіктері алдағы уақытта да толастамасы анық. Өйткені, еселі еңбек бар жерде жеңістің бары белгілі. Көк туымызды көкте желбіретіп, ауданның ғана емес, еліміздің абыройын асқататып жүрген спортшыларымызға жаңа жеңіс, спорт мектебінің ұжымына табыс тілейміз!
Жанна АМАНҚҰЛОВА
Тағы оқыңыздар: Руханият жанашыры жоғары атаққа ие болды