Әуесқой бокста 81 келі салмақта бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Лондон және Рио олимпиадасының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов спорттық карьерасын қашан аяқтайтынын айтты.
- Әділбек, жақында ғана Алматыда өткен «Конфедерация кубогы – 2017» финалында Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарының боксшылары кездесіп 7:3 есебімен Оңтүстіктің оғыландары чемпион атанды. Ал маңғыстаулықтар күміс медаль алды. Жалпы жарыс қалай өтті?
– Конфедерация кубогы – 2010 жылдан бастап өтіп келе жатқан жарыс. Жылдан-жылға деңгейі өсіп келе жатыр. Енді біздің Маңғыстаудың құрама командасы, өзіңіз білесіз, басталғаннан бері жеңіліп көрген жоқ. Жыл сайын қолаға да, күміске де, алтынға да ие болып жүр. Айта кетсек, осы жетістіктің бәрі – біздің бапкеріміз Марат Жакиев ағамыздың еңбегі, сосын федерация басшылары, барлығы көмектесіп қолдап жатыр. Бәріне рахметімізді айтамыз. Жігіттерімізді көрдіңіздер, барын салып бокстасты, рингте бар күш-жігерін салды деп ойлаймын. Жекпе-жек 7:3 есебімен аяқталды. Командада жастар көп, бәрі енді өсіп келе жатыр. Оларға ризамын, қолдарынан келгенін рингте көрсетті. Финалда ұтылдық, оны да мойындай білу керек. Спортта кейде ұтасың, кейде ұтыласың. Бұйырса, келесі жылы жоғарғы жетістікке жетеміз деген ойдамыз.
– 81 келі Маңғыстаудың салмағы деп бапкерлерден естиміз. Осы салмақта 2020 жылы Токио олимпиадасына қатысасыз ба?
– Токио олимпиадасына әлі 3 жыл бар. Оның алдында талай жарыстар бар: Азия ойындары, әлем чемпионаты, Азия чемпионаты бар. 2019 жылы әлемдік біріншілікте олимпиада ойындарына іріктеу басталады. Алла Тағала денсаулық берсе, сол жарыстарда өзімізді көрсете білсек, жеңсек, әрине, қатысуға дайынмын.
– Екі олимпиадаға қатыстыңыз. Алтын алмадым деп өкінбейсіз бе?– Әрине, алтын ала алмай қалдым-ау деген кейде өкініш болады. Бірақ бұл спорт, кейде жеңесің, кейде жеңілесің. 2 рет күміс алғаныма шүкіршілік етемін. Құдай қаласа, үшінші рет бағымды сынап көремін. Әрине, алтын алуға тырысамыз.
– Кәсіпқой боксқа ауысатын ойыңыз жоқ па?– Кәсіпқой боксқа ауысатын ойым жоқ. Өзім осы әуесқой бокстан бастадым, әуесқой бокспен аяқтағым келеді. Бұйырса, Токио олимпиадасынан кейін бокстан бір жола ке- темін.
– Қазақтың жас боксшыларының қайсысынан көбірек үміт күтесіз?– Кеше бізде Қазақстан біріншілігі өтті, шамамен бір ай бұрын Шымкент қаласында болды... Сол кезде көптеген жастарымыз шықты. Оны халық көрді, Құдай қаласа, Токиодан кейін келесі олимпиада ойындарында топ жаратын мықты жастарымыз өсіп келе жатыр. Өзім де көрдім, жастарымыз осылай өсе берсін дегім келеді. Олар үшін, әрине, қуанамыз. Бәрінен үлкен үміт күтемін.
– Артыңыздан ерген жас буын боксшыларға не тілейсіз?– Ізбасар жас боксшыларға тек шыдамдылық тілеймін, төзімді болуға шақырамын. Осылай жаттығуын қалдырмай, бапкерлерінің айтқанын тыңдап жүрсе, олимпиада ойындарының чемпионы шығады деп үміттенемін.
– Головкин мен Альварес екінші рет кездессе, кім жеңеді. Қай боксшы мықты?– Әрине, өзімізге жақыны Геннадий Головкин ағамызға болысамыз ғой. Бірақ қарсыласы да әлсіз емес. Өз басым жерлесіміз Головкинге жанкүйермін. Нәтижесін рингте көреміз.
– Биыл қыркүйек айында Гамбургте өткен әлем чемпионатында Куба боксшысы Хулио Сесар Ла Круз 81 келі салмақта чемпион атанды. Ла Крузбен неше рет кездестіңіз?
– Мен Ла Крузбен 4 рет кездескем. Үш рет жеңілдім, бір рет ұттым. Ең бірінші кездесуім 2011 жыл, әлем чемпионатының финалында ұтылдым. Одан кейін Алматыда Президент кубогында ұттым. 1:1 болды. Алматы қаласында 2013 жылы әлем чемпионатында фи- налда жеңілдім. Сосын Рио олимпиадасының финалында жеңілдім.
– Алдағы 2018 жылы алға қойған қандай жоспарларыңыз бар? Үйленіп, отбасын құру ойыңызда жоқ па?
– Келер жылы спорт саласында Азия ойындары болады. Ең ірі жарыстардың бірі. Ал отбасына келетін болсам, үйлену туралы... Құдай қаласа, көреміз. Біздің шаңырақты қуантатындай, әке-шешемді бағатындай келін тап болса... Әрине, үйленуге дайынмын.
– Сұхбатыңызға рахмет!Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі