©
Спорт – салауаттылық кепілі, денсаулық тірегі. Әдетте кез келген адам спортпен шұғылдана білуі мүмкін, бірақ шын спортшы болуы екіталай. Өйткені ол – спорт өнерінде қайтпас қайсар мінез бен күш-жігерді үйлестіре білген кісі ғана ұтатын өмір шындығы. Осындай қарапайым спорт түрі емес, соңғы жылдары елімізде кең қанат жая бастаған дзюдо және самбо күресі.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Өтес орта мектебінде мектебіміздің жас спортшы оқушыларының дзюдодан Азия чемпионатының ІІ дүркін жүлдегері, Еуропа кубогының 4 дүркін жүлдегері, кезіндегі мектебіміздің оқушылары, жерлесіміз Кәмшат Қарасайқызы және самбо күресінен Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аққал Өтебек және анасы Алмагүлмен кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында оқушыларымыз чемпион қыздарға сұрақтар қоя отырып, спортшылардың өмірі туралы көптеген қызықтарды, қанша жеңіске қолжеткізгендігі туралы, спортшылардың қалай тамақтанатыны туралы білді. Чемпион қыздар жас спортшыларға спортпен айналысатын болса қандай жағдайларға назар аудару, салауатты өмір салтын ұстану қажеттігін және өздері барған әлем қалалары мен халқының ерекшелігі туралы айтып, «Жетістік кілті - табандылықта», – дей отырып, алға қойған мақсаттары олимпиада ойындарына қатысу екендігін де жасырмады. Алдағы жоспарлары Индонезияда 2018 жылдың маусым айында өтетін Азия ойындарына қызу дайындық үстінде екендігін айтты.
Чемпион қыздардың жекпе-жек барысындағы түрлі бейнеролик пен фото-суреттері көрсетілді. Жеңімпаз қыздар кездесу барысында спорттық тәсілдерімен де бөлісіп үлгерді. Мектеп директоры Алтынгүл Назарова чемпион қыздар мен анасына сыйлық пен жылыжайдың раушан гүлдерін ұсынып кездесуге уақыттарын бөліп келгендеріне рақметін айтты.
Кездесуден кейін әрбір оқушы көкірегінде туған жерге деген зор сүйіспеншілік, салауатты өмір салтын сақтай отырып спортпен айналысуға деген құлшыныс, ешбір жанға ешқашан таптатуға болмайтын Ар мен Намыс ұғымын жоғары қоюға деген талпыныс пайда болды. Ең бастысы, кездесуді ұйымдастырудағы мақсат осы болатын.
"Мен чемпион апаларыммен кездескеніме өте қуаныштымын. Осы кездесуден өзіме керекті ақыл-кеңесті алдым. Мен де өскенде әлем чемпионаттарына қатысып, чемпион боламын", - дейді10 сынып оқушысы Досан Жұбандық.
Гүлсім НАДИРОВА,
Маңғыстау ауданы
Өтес орта мектебі директорының орынбасары
Тағы оқыңыз: Қазақстанның 12 өңірінде коммуналдық қызмет тарифі көтеріледі