Биылғы ит жылы Маңғыстау ауданы спортшылары үшін де жеңісті жыл болды. Жыл басталысымен қанжығалары майланған спортшылар қай жарыстан да құр алақан келген емес.
Жуырда бокстан Ақтөбеде өткен 2003-2004 жылы туған жасөспірімдердің Батыс аймақтық чемпионатына облыс құрамасының сапында Ұлықпанов Айдос, Қайпы Баянғали, Өтебай Расул, Надиров Рахымжан, Бектұрғанов Бекболат қатысып, 48 келі салмақта өнер көрсеткен Ұлықпанов Айдос күміс жүлдеге қол жеткізіп, қаңтарда Өскеменде өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алды.
Дзюдодан ҚР тұңғыш Президенті күніне орай Ақтауда өткен командалық ашық турнирде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер командасы жүлделі екінші орынды иеленді.
Джиу-джитсудан 2008-2010 ж.т. жасөспірім ұлдар мен қыздардың "Маңғыстау-Арена" спорт клубының ашық біріншілігінде өз салмақтары бойынша файтинг-систем бойынша Есболат Рамазан, Ерсұлтанов Әдебиет, Адайұлы Әнуар, Ерболов Бекдос, Саматқызы Құралай бірінші, Тәңірберген Райымбек, Өтеш Руслан, Кемелхан Мейрамбек екінші, Жақсылықұлы Жанарыс, Әліби Жанахмет, Саматқызы Тілектес үшінші орындарды иеленсе, неваза-систем бойынша Адайұлы Әнуар, Кемелхан Мейрамбек, Тәңірберген Райымбек, Серікбаев Асылжан, Өтеш Руслан, Ерболов Бекдос, Саматқызы Құралай бірінші, Әділғали Рамазан, Әліби Жанахмет, Саматқызы Тілектес екінші, Есболат Рамазан, Жұмахан Есболат, Ерсұлтанов Әдебиет, Нұрлан Әбіш, Жексенбайұлы Әзиз, Сайлаубай Мағжан, Таласбай Ақмұрат, Сейітқалиев Қуандық үшінші орын алды.
Маңғыстау ауданының спортшы жастарына алдағы күндерде де биіктерден көріне беріңіздер демекпіз.
Өз тілшіміз