24-27 тамыз күндері аудан орталығындағы орталық алаңда ҚР-ның Конституция күні мерекесіне орайластырылып шағын футболдан Қарақия ауданының халықаралық «Әкім кубогі» сарапқа салынды. Турнирге көршілес жатқан Атырау өңірінен 5, Маңғыстау облысынан 11, Ресейдің Дағыстан автономиялы республикасынан 1 ұжым қатысып, бақтарын сынады.
Төрт күнге созылған жарыстың алғашқы күні турнирді ұйымдастырушы - аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары қатысушы команда жетекшілерінің қатысуымен төрешілер алқасын өткізіп, жеребе тастау рәсімі арқылы аламан доп додасына қатысушыларды топқа бөліп, қарсыластарды және өткізілу тәртібін анықтады. Бірінші топта «Динамо», «Мұнайлы», «Қызылсай», «Бақтияр» бақтарын сынаса, екінші топта «Тұрмыс-Сервис», «Қызылтөбе», «Шетпе», «Доссор» командалары өзара кездесті. Үшінші топ құрамына «Бейнеу», «ЖМГ», «Қарақия», «Дағыстан», «Байшонас» ұжымдары енсе, төртінші топты «Жетібай», «Абылайхан», «Қуандық», «Медина» командалары құрады. 25 тамыз күні топтық ойындар бастау алып, алаң төрінде бір мезгілде қос кездесуден (бары 16 ойын) өткізілді. Жергілікті жанкүйерлердің қиқуынан қуат алған футболшылар жасыл алаң төрінде жасындай жарқылдап, көсіле ойнады. Жарыстың келесі күні ширек финалдық кездесулер жалғасын тапты. 25 тамыз күні кешке салым салтанатты жағдайда құрметті сапқа тұрған командалар алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е. Күмісқалиев, ауыл әкімі Қ. Құсайынов турнирге қатысушы командаларға әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жеңіс биігінен көрінулеріне тілектестік білдірді. Мың бұрала билеген аудан көркемөнерпаздары өздерінің айшықты өнерлерімен мерекенің салтанатын кіргізе түсті. Мемлекеттік әнұран орындалып,ойындарға кезек берілді. 26 тамыз күні ширек финалдық ойындар ойналып, жартылай финалда өнер көрсететін ұжымдар анықталды. Турнирдің соңғы күні жартылай финалдық кездесулер ойналды. Тартысты жағдайда өткен кездесулердің нәтижесінде «Қызылтөбе» мен «Динамо» ақтық ойынға жолдама алса, «Мұнайлы» мен «Абылайхан» үшінші орын үшін өзара кездесті.
Тағы оқыңыздар: Жомарт жандарға алғысАлаң төрінің шаңын қаққан тартысқа толы кездесулер өз мәресіне жетіп, барша жанкүйерлер назары турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға арналған сахнаға ауды. Алаң төрінен қоныс тепкен сахна төріне көтерілген Е. Күмісқалиев пен аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М. Төлегенов турнир жеңімпазы- «Қызыл төбе» командасына 600 мың теңге сыйақы, қос кубокты (ауыспалы және түбегейлі қалдырылатын), төсбелгі мен дәрежелі дипломды табыстаса, екінші орын иегері атанған «Динамо» командасына 400 мың теңге сыйақы, төсбелгі, дәрежелі диплом, кубок тапсырды. Қола медальды еншісіне байлаған «Мұнайлы» командасы 250 мың теңге сыйақы, төсбелгі мен кубок, дәрежелі дипломға қол жеткізсе, үздік төрттікті түйіндеген «Абылайхан» командасы 100 мың теңге сыйақы мен кубок, дәрежелі дипломға ие болды. Турнирді ұйымдастырушылар сонымен қатар өз деңгейінде ең үздік деп танылған жекелеген ойыншыларды марапаттауды да естен шығарған жоқ.Ұйымдастыру алқасының шешімімен - «Үздік қорғаушы» атағына «Қарақия» командасының ойыншысы Е. Нұрмаханов лайық деп танылса, «Үздік шабуылшы» атағы «Динамо» ойыншысына бұйырды. «Сұрмерген шабуылшы» атағына «Абылайхандық» Е. Досжанов ие болса, Руслан Аманиязовтың туыстары қаржыландырған «Ең үздік қақпашы» атағы «Абылайхан» командасының қақпашысы А. Бекбатыровқа берілді. Оған 100 мың теңгелік сертификат табысталды.
Жалғас БЕРДІМҰРАТҰЛЫ