Маңғыстау ауданының 90 жылдығы және Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген Қызан ауылындағы қуанышты жағдайдың куәсі болдық. Ауданнан 110 шақырым қашықтықта орналасқан Қызан ауылында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл, жастарының бастамасымен, атымтай жомарт азаматтардың қолдауымен салынған Қызан спорт кешені пайдалануға берілді. 2016 жылдың маусым айында құрылысы басталған жалпы көлемі 2000 шаршы метрді құрайтын бұл құрылыс ауыл тұрғындарының көптен күткен тілегі еді. Ешқандай бюджеттен қаржы бөлінбей, тұрғындардың, жанашыр кәсіпкерлердің көмегімен 25 млн. теңгедей қаражатқа салынған нысан мамыр айының 6-сы күні халық игілігіне ұсынылды.
Иә, бұл күн қызандықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Тұрғындардың, әсіресе ауыл жастарының тілегі қабыл болып, жаңа типтегі спорт кешенінің лентасы қиылды. Ауызбіршілігі мықты ауыл халқы бұл күнді жай ғана атап өте салмай, «Бозашы-Қызан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аламанат шаптырып, дүркіретіп той жасады. Екі күнге созылған қуаныш иелерін құттықтаған аудан әкімі Ж.Айтуаров: «Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында бой көтерген спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Мұнда болашақ олимпиада ойындарының чемпиондары дайындалады деп сенеміз, ауылдың дарынды балалары кәсіби спортпен айналысып, ойдағыдай дайындықтардан өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Бұдан былай сендер бізді спорттағы ең жоғары көрсеткіштермен, биік спорттық жетістіктермен қуантыңдар! Бүгін пайдалануға берілгелі тұрған спорт мектебінде дені сау, рухы таза, патриоттық сезімі мол, еліміздің көк байрағын биіктетер спортшылар шығатынына сенімім мол. Сондай-ақ осы кешеннің салынуына атсалысқан кәсіпкерлер С.Мусабаев, С.Мұңалбаев, Б.Тұраров, И.Бимурзаев және ауыл азаматтарына алғысым шексіз», -деді.
Қуанышты атап өткен алғашқы күні жастар арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Облыстың түпкір-түпкірінен жиналған 9 команда тартысты ойын көрсетті. Мұнан соң кикбоксингтен түрлі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшылар біріне бірі есе жібермей, ұзақ алысып, жеңімпаз деп танылғандар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ат жарыссыз тойдың көркі қыза ма, әне-міне дегенше ауыздықпен алысқан шабандоздардың атойлаған дауыстары әр жерден шыға бастады. Тай, құнан жарыстарынан алдыңғы орында келгендерге ақшалай сыйлықтар табысталып, аламан бәйгенің бірінші орынына мотоцикл, екіншіге тоңазытқыш, үшіншіге телевизор сынды бағалы сыйлықтар табысталды.
Ауыл кешін әнге бөлеген ақындар айтысының тартысы тіптен бөлек. Түн ауғанша жалғасқан ақындар айтысы халықты бір серпілтіп тастады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мемлекеттік қызметкерлер қайта смартфон ұстауы мүмкінКелесі күні жаңа нысанның лентасын салтанатты түрде аудан әкімі Ж.Айтуаров пен Ұлы Отан соғысының ардагері Т.Телбаев қиды.
Кешен ішін аралаған көпшілік, мұнан соң ауылдағы мектеп, балабақша ұжымдарының қойған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Спорт кешені салынады дегеннен ауыл азаматтары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен іске кірісіп кетті. Бірі қол көмегін берсе, бірі спорттық жабдықтармен қамтамасыз етті. Мінекей осындай үлкен қажыр-қайратпен, маңдай тердің арқасында салынған спорт мектебі қоғам назарын өзіне аудартып отыр.
Спорт мектебінің ашылуына ауылдың кішкентай болашақ спортшылары жиналды. Олар бұл күнді ұзақ күткен-ді. Енді оқудан тыс уақытта балалар салауатты өмір салтын қолдап, спортпен шұғылданады.
Айгүл РАХМЕТОВА