Бұл жарыс ресми түрде дзю-додан жасөспірімдер арасында облыстық турнир деп аталғанымен де облысымыздың қалалары мен аудандарынан басқа көршілес Атырау мен Ақтөбе облыстарынан да жалпы саны 150 спортшы қатысып, бақ сынады.
Жарысқа сақадай сай дайындықпен келген спортшылар боз кілемнің үстінде әртүрлі салмақ дәрежесінде спорттық шеберліктерін көрсетіп, сынға түсіп, жанкүйерлерін тамаша өнерлерімен тәнті етті. Төрешілер жарыс шарттарына сәйкес оларды белгіленген уақыт ішінде алған ұпай сандарымен бағалап, жеңімпаздарды анықтап отырды.
Опорный компрессор станциясының аумағы атшаптырым спорт залын жаңғыртып, дүбірлеткен жарыс күн ұзағына қызықты да тартысты бәсекемен өтті. Дзю-дошылардың спорттық шеберліктеріне тәнті болып, көңілі толған көрермендер мен жанкүйерлері дүркін-дүркін қол соғып, қошемет көрсетті. Әртүрлі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен спортшылар арнайы медаль және дипломмен марапатталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда 78 отбасыға пәтер кілті табысталдыЖарыс қорытындысында жалпы командалық есеп бойынша ұпай санымен Атырау облысы Мақат ауданының командасы 1-орынды иелеп, 70 мың теңгенің сертификатын алса, Маңғыстау ауданының командасы 2-орынды иелеп, 50 мың теңгенің сертификатын алды. Сондай-ақ 3орынды Ақтау қаласынан келген «Жас батыр» спорт мектебінің командасы иелеп, 30 мың теңгенің сертификатын алды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде жарысты ұйымдастырушы Мұратбек Жәуперов және аудан әкімдігінің қызметкерлері жеңімпаз спортшылар мен төрешілерге заттай сыйлықтар тапсырып, құттықтады. Құттықтау сөзінде М.Жәуперов жарыстың жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
К.БӨКЕНБАЙТЕГІ