©
Маңғыстау ауданының спортшы жастары әлемдік, республикалық, облыстық сайыстарда аудан абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан жиі көрініп келеді.
Жуырда Францияда өткен джиу-джитсудан «Grand Slam Paris Open» халықаралық турниріне Қонысов Қуандық пен Закарин Жанболат қатысып, 56 келі салмақта Қонысов Қуандық күміс жүлдеге қол жеткізді.
Дзюдодан 3-5 мамыр күндері Өскеменде 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында 60 келі салмақта өнер көрсеткен Мамаев Рамазан күміс жүлдеге қол жеткізсе, 57 келі салмақта өнер көрсеткен Қарасайқызы Кәмшат ел чемпионы атанды.
Маңғыстау ауданының былғары қолғап шеберлері жеңіс шыңдарынан талай рет көрініп жүр. Бокстан 3-7 мамыр аралығында Көкшетау қаласында өткен Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин атындағы ХVI дәстүрлі турнирде 46 келі салмақта Қайпы Баянғали үшінші орынды иеленсе, 42 келі салмақта Бектұрғанов Бекболат пен 44 келі салмақта Ұлықпанов Айдос турнир жеңімпазы атанды.
Дзюдодан Ақтауда 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасындағы Маңғыстау облысының чемпионатында өз салмақтарында Жолболдин Данияр екінші, Қартбаев Жолдас үшінші орын тұғырынан көрінді.
Бокстан Ақтауда «Спорт жемқорлық пен лаңкестікке қарсы» ұранымен және «Жеңіс күні» мерекесіне арналған 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық біріншілікте Төлеген Мансур мен Мақсат Естай үшінші орынды иеленсе, Сисенбаев Айғазы жеңімпаз деп танылды.
Джиу-джитсудан ерлер мен әйелдер арасында 3-6 мамырда Ақтөбеде өткен ҚР кубогында 56 келі салмақта өнер көрсеткен Қонысов Қуандық күміс жүлдеге қол жеткізді.
Спорттың басқа түрлерінен де жастарымыздың жеткен жетістіктері аз емес. Тоғызқұмалақтан классика, рапид, блиц бойын- ша жасөспірімдердің Бейнеуде өткен Маңғыстау облыстық біріншілігінде өз жас шамаластары арасында классика түрі бойынша Жұмажан Інжу бірінші, Бауыржан Дәурен, Үркімбай Динара, Алтыбай Ұлжан екінші, Бікірбай Сағадат үшінші орынды, рапид түрі бойынша Жұмажан Інжу, Алтыбай Ұлжан екінші, Жұмажан Гүлбарша, Кеңес Сымбат үшінші, блиц түрі бойынша Үркімбай Динара бірінші, Жұмажан Інжу, Алтыбай Ұлжан екінші орынды иеленді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 10 жасыңмен, «Балауса!»Дзюдодан Ақтөбеде өткен Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық турнирде Жеңісов Әмірбек қола жүлдені қанжығасына байлады.
Дзюдодан кадеттер арасында Ливанның астанасы Бейрут қаласында өткен Азия чемпионатына Қуанышұлы Нұрбек пен Зұлхарнаев Мұхаммед қатысып, өз салмақ дәрежесінде Зұлхарнаев Мұхаммед Азия чемпионы атағын иеленді.
Дзюдодан Бейнеуде 2007-2009 жылғы жасөспірімдер арасында ТОО «Ханкелді & К»-ның 10 жылдығына байланысты өткен І облыстық ашық турнирде өз салмақ дәрежелерінде Нұралы Саффат пен Әділбекұлы Рысбай турнир жеңімпаздары атанса, Бижан Әнуар, Қонысбай Ақниет, Радик Ақжол үшінші орынды қанағат тұтты.
Спортты жанына серік етіп, дүбірлі додаларда топ жарып жүрген жастарымыздың жеңісті күндері көп болғай деп тілейміз.
Өз тілшіміз
Коллаж сайттың архивінен