Қазақта «Алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғысы содан жүреді» деген сөз бар. Сол үшін мен де осы отбасылық кәсіп болғандықтан қазақ күресіне қатысуды жөн көрдім. Өйткені әкем Қабыл да, әкемнің әкесі Темірхан Бисенқұлы да осы күреспен шұғылданып, жас буындарды тәрбиелеп, баулып, шынықтырып келе жатқан бапкерлер. Сондықтан бұл кәсіптен мен де алыстап кетпедім.
Жалпы менің есімімді де сол ертедегі елін, жерін жауған қорғап, топырағы Түркістаннан бұйырған Шоғы сынды бабамдай батыр болсын деген ниетпен Шоғы деп қойған болар. Бірақ қазіргі заманда батыр болу үшін не істеу керек? Қандай болу керек? Соның жауабын табу қиындыққа түскесін мені балуан болсын деп ойласа керек. Әйтеуір әкем Қабыл «Сен қазақша күреспен шұғылдан. Егер тұрақты түрде жаттығуларды қалдырмай өткізсең, ертеңгі күні әлемге танымал чемпион боласың» деп қызықтырып, мені сабақтан соң жаттығу залына күнде ертіп әкететін болды. Содан бері, міне, арада екі жыл уақыт өтті. Бірқатар жетістіктерге де жеттім. Түркістанда, Қырғызстанда болған дзюдо күресінен жүлделі орындарды жеңіп алдым. Қазір Ақтау қаласындағы №5 орта мектептің 7 «а» сыныбында оқимын. Әкем жетекшілік ететін Шоғы батыр Мұңалұлы атындағы күрес мектебінің тәрбиеленушісімін. Жалпы әлемге әйгілі чемпион болғым келеді.
Кешегі Шоғы батыр бабамның атына арналған республикалық турнирге мен қатыса алмадым. Соған ренжулімін. Неге екенін білмедім? Әлде салмақ дәрежем сай келмей қалды ма, немесе турнир ересектердің арасында өткендіктен бе? Әйтпесе, әкем Қабыл да осы турнирдің басы-қасында жүрді. Әкемнің ағасы Кенжебай Елубай осы турнирдің бас төрешісі болды. Сонда да қатыса алмадым. Міне, спорттық киімдерім әлі үстімде. Келесі жылы осы жарыстың 2-республикалық турнирі болады дейді. Соған дейін жаттығуларды күшейтіп, мықты дайындалып, бәрібір сол турнирге қатысатын боламын. Оған дейін қош, сау болыңыздар. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Жаңадан-жаңа жетістіктерге жете берейік!
Шоғы ТЕМІРХАН,
Ақтаудағы №5 орта мектептің оқушысы,
Шоғы батыр атындағы күрес мектебінің жас балуаны