Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы биікке көтеру мақсатында алты жоба ұсынылып, соның бірі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы болатын. Бұл жобаның негізі халқымыздың ұлттық құндылығын бекемдеу, жат идеологияға төтеп беретін қалқанды нығайту, атамекеніміздегі киелі мекендерді, тарихи мұраларды таныту болып табылады. Осы «Сакралды география» жобасы аясында Жаңаөзен жастар ресурстық орталығы Шақпақ ата жер асты мешітіне қаламыздағы белсенді ерікті жастарды тарта отырып, экскурсия ұйымдастырды.
Алдымен Түпқараған ауданы Таушық ауылынан 25 км қашықтықта, Сарытас-Қошақ шығанағына жақын Оңғазы тауының етегінде орналасқан Шақпақ ата мешітімен танысып, зиярат еткен жастар, кейін Каспий теңізі жағасында әртүрлі бағыттағы тренингтер, ұжымдық ойындар өткізді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Туу туралы куәлік алу тәртібін білесіз бе?Сапарға қалалық жастар ресурстық орталығы қызметкерлері мен ерікті жастар шығып, барлығы 50-ге тарта адамды құрады. Сондай-ақ, экскурсияға Ақтау қаласынан Маңғыстау облысы "Жас Отан" жастар қанатының мүшелері қосылды.
Абида Ермеков, ерікті жас:
- Жалпы, Маңғыстаудың табиғатын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Халық жазушысы Әбіш атамыз «мың бояулы» маңғаз өлкенің табиғатын «Маңғыстау – аспан асты мұражайы» деп бағалаған еді. Осы сапарда бұл теңеудің бекерден-бекер айтыла салмаған сөздер екенін тағы бір ұққандаймын. Жол бойы автобустың терезесінен туған жердің кең даласын тамашалаған жастар кереметтей жерлердің куәсі болды. «Шақпақ ата» жер төле мешітіне барып, құпиялы мекеннің киесіне қанықтық. Біздей жастарға мұндай орындардың барын тек оқулық арқылы ғана жеткізіп қоймай, көзбен көруге мүмкіндік жасаған Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығына рақмет айтамын.
Жазира АҚБАЛАЕВА, орталықтың жастармен жұмыс жөніндегі маманы