Жастарды рухани, мәдени, тарихи құндылықтармен тәрбиелеу –кітапханашының міндеті. Тағылымды тарихты, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын тануда кітаптың берер көмегі ұшан-теңіз. Ол үшін оқырмандардың кітапханаға деген көзқарасын қалыптастыру керек. Заман толқынында тербеліп, өзінің қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан кітаптың адамның рухани азығы екені даусыз.
Біздің балаларымыз осы қайталанбас Ыбырай Алтынсарин, Мұзафар Әлімбаев, Өтебай Тұрманжанов, Қалижан Бекқожин, Сырбай Мәуленов, Тайыр Жароков, Бердібек Соқпақбаев, Сапарғали Бегалин, Марат Қабанбай, Астрид Линдгрен, Корней Чуковский сынды ғажап балалар әдебиетінің нәрімен сусындап, бойына сіңіріп өссе екен дейміз. Бірақ қазіргі заман балаларының кітаптан басқа ермегі көп. Көгілдір экраннан таңнан кешке дейін көрсетіліп жатқан әсерлі мультфильмдер мен атыс-шабыс фильмдер, түрлі компьютер ойындары бала мен көркем әдебиеттің арасын алшақтатып, ойының дамуына кері әсер етіп жатыр.
Мектепте берілген тапсырманы орындау үшін оқушылар кітапханаға барады, ізденеді, кітапханашының көмегіне сүйенеді. Бірақ ақыл-ойының, шығармашылық оқырманға насихаттау мақсатында кітапханада және кітапханадан тыс өткізілетін әдеби-кештердің, зияткерлік ойындардың, тақырыптық кітап көрмелерінің, кітапрының маңызы өте зор.
Жуырда Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында балалар мен жасөспірімдердің ақпараттық мәдени құндылықтарды және түсінуді дамыту, кітап оқуды адамның рухани өмірінің маңызды факторы ретінде насихаттау, оқырмандардың кітапқа қызығушылығын ояту, сапалы білім, саналы тәрбие алу үшін көп оқып, көп іздену ке- рек екенін түсіндіре отырып,жас ұрпақты адамгершілікке, мейірімділікке, әдептілікке тәрбиелеу мақсатында №22 орта мектепте «Үздік оқырман – 2017» байқауы өтті.
Байқауға №14, 15, 17, 21, 22, 24, 27 орта мектептердің оқушылары қатысып, үздік оқырман атына лайық болу үшін өз білімдерін ортаға салды. Алғашқы кезеңде қатысушы өзін таныстырып, портфолиялары, шығармашылық материалдары ұсы- нылды. Екінші кезеңде «Білгенге маржан» деңгейлік сұрақ-жауап болса, келесі кезең бейнеленген карточкалардан кейіпкерлерді табуға арналды. «Мықты болсаң тауып көр» кезеңінде оқушылардың тапқырлығы пен жүйріктігі сыналса, «Кім жылдам?» кезеңінде кітапхана бойынша сұрақтарға жауап берді. Байқау барысында қатысушылар сахналық қойылым қойып, еркін тақырыпта көрініс көрсетті. Кітап оқуға деген қызығушылықтарын дәлелдеп, қазіргі жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, шығармашылық қабілеттерін де көрсетті. Әділ қазылар алқасының төрайымы Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығы директорының орынбасары Райса Қонысова байқауды қорытындылап, жүлдегерлерді марапаттады.
Сайыс нәтижесінде №21 жалпы білім беру орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әділ Бүркітбай 1-орынды жеңіп алып, «Үздік оқырман» байқауына жолдама алды. №14 жалпы білім беру орта мектебінің 8-сынып оқушысы Салтанат Нұрланова мен №22 жалпы білім беру орта мектебінің 10-сынып оқушысы Гүлназ Құрбанбай 2-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ №15 жалпы білім беру орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айбек Исмаханбет, №24 жалпы білім беру орта мектебінің 6-сынып оқушысы Гауһар Сисембек және №27 жалпы білім беру орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әйгерім Сарсенбаева 3-орынды иеленді. Ынталандыру сыйлығымен №14 жалпы білім беретін орта мектептің 8-сынып оқушысы Ақбота Маратқызы, №17 жалпы білім беру орта мектебінің 6-сынып оқушысы Мариям Тыныштық ие болды.
Назгүл ӨТЕПБАЕВА,
Ақтау қаласындағы №24 жалпы білім беру
орта мектебінің кітапхана меңгерушісі
Тағы оқыңыздар: Әкімдер ақындарды іздеген күн