1950 жылдың күзінен бастап Меңдекешпен бірге оқыдық. Бұл кезде оның әкесі де, шешесі де қайтыс болған еді. Ал бұған дейін Меңдекеш басқа мектепте оқыған болатын. Меңдекеш бала кезінен ұстамды, мінезге бай, көңілді кезінде болмаса басқа уақытта тұйық, көп сөйлемейтін, маған үнемі ой үстінде жүргендей көрінетін. Ал көңілді кезінде екі езуі екі құлағына жетіп, мәз бола күліп, күлдіргі сөздер айтып, отыратын.
Меңдекештің бойындағы ерекше бір қасиеті бала болып ойнамайтындығы. Басқа балалар ойнап жүргенде ол ойынның қызығына қарап үнсіз ғана отыратын. Немесе сабағына дайындалып, әдеби кітаптар оқитын. Оңаша бірдеңе жазып отырғанда үстінен шықсаң жалма-жан дәптерін жаба қоятын. Бақсақ өлең жазады екен.
Ақкиізтоғай ауылындағы Амангелді атындағы жеті жылдық мектепте Меңдекеш қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Бастауыш комсомол ұйымының бюро мүшесі, «Комсомол» қабырға газетінің редакторы, класс старостасы, мектептегі әдебиет үйірмесінің белсенді мүшесі ғана емес, оны ұйымдастырушының бірі болды. Ал әдебиет үйірмесінің негізгі ұйымдастырушысы Қабиболла Сыдиықов еді. «Комсомол» газеті ай сайын дер кезінде шығып тұратын. Бастан-аяқ мақаланы бір өзі дайындап, газетті өзі көркемдеп шығаратын. Редколлегия мүшесі біздерге де мақала дайында деп тапсырма бергенімен біздердің қолымыздан ештеңе келмейтін де, егер мақаласымақ жаза қалсақ оны түгел дерлік өзі өңдеп қайта жазып шығатын-ды.
Біз оның ақындығын қабырға газетіне шығарған өлеңдері арқылы білдік. Меңдекеш лирикалық өлеңдермен қатар сықақ, әзіл өлеңдерге бала кезінен шебер-ді. Сабақ үлгермейтін, тәртіпсіз балаларды қабырға газетінде әшкерелеп отыратын. Меңдекештің шығарған қабырға газеті мақалаларының әр алуандығы мен көркемдігі жөнінен мектептегі бірден-бір мақтаулы газет болатын. Меңдекеш жасынан ерінбейтін ізденгіш еді. Қайдан табатынын білмеймін, әр алуан суреттер тауып фотомонтаж жасап, класс ішін жайнатып қоятын. Колхоз кеңсесі мен мектеп қабырғасына қағылатын барлық ұрандар Меңдекештің қолымен қызыл матаға көркемделіп түсетін.
Біздерді көркем әдебиет оқуға баулыған қазақ әдебиетінен сабақ беретін ұстазымыз Қабиболла Сыдиықов болатын. Ал Меңдекеш көркем әдебиетті оқуға насихатшы, үгітші ролін атқарды десем артық айтқандық болмайды. Ол өзінің оқыған кітабының мазмұнын айтып бергенде қызықтыра, адамды еліктіре аса тартымды айтатын. Оның айтқан әңгімесін үнсіз тыңдап, соңынан әлгі кітапты алып оқуға кітапханаға жүгіретінбіз. Кейде бір кітаптың бастапқы бірер тарауын айтатын да ең қызықты жеріне келгенде айтпай отырып алатын.
- Әй өздерің де оқисыңдар ғой, мен айтқасын оқығанда қызығы болмайды, - дейді. Енді әлгі кітапты тауып алып оқымай көр. Қайран дос біздерді әдебиетті сүйіп оқуға осылай баулыған-ды.
Меңдекештің ақындық талабын құптап, кеңес берген Қабиболла ағай болатын. Ол кісі Меңдекештің өлеңдерін оқып, өзінің ұсыныс-пікірлерін білдіретін. Сол кісінің ұсынысы бойынша Меңдекеш 1952 жылы өлеңдерін «Лениншіл жас» газетіне жіберді. Бастапқы жіберген 1-2 өлеңіне газеттен хат келді. Өлеңнің қандай кемшілігі барын көрсетіп, ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ақындық талантының бар екенін, өлеңдері болса газетке үзбей жіберіп тұруын сұрап жазған екен. Сол хаттан кейін бір топ өлеңдерін жіберген-ді. Сол өлеңдерінің бірнешеуі газетке басылыпты.
Сондағы Меңдекештің қуанғанын айтсаңшы. Газетті ала сала жүгіріп, өзінің көңілі жақын достарына көрсетіп, екі езуі екі құлағына жетіп мәз. Онымен бірге достары біз де, ұстазымыз Қабиболла ағай да қуанышына ортақтасып, тырнақалды еңбегіне құтты болсын айтқанбыз. Содан кейін-ақ Меңдекештің өлеңдері «Лениншіл жас» газетіне шығып тұрды.
Сол кезде қазір СССР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Аманқос Ершуов Меңдекештің қасынан шықпайтын кішкентай ғана бала еді. Мектептің бастауыш класында оқитын-ды. Кейіннен бақсақ талант талантқа үйір екен-ау! Қалай болғанда да әйтеуір кішкентай қарадомалақ баланы үнемі Меңдекештің жанынан көретінбіз.
Меңдекеш жолдасқа қайырымды, білгенін айтып түсіндіруден жалықпайтын. Кластағы сабақ үлгерімі нашар балаларды жетекке алуға мұрындық болатын-ды. Ол кезде оқу құралдары мен оқу кітаптары жетіспейтін. Сондықтан кейбір сабақтан конспекті жазатынбыз. Бірақ программадағы тақырыпты үлгеру үшін шапшаң айтылғандықтан, көпшілігіміз жазып үлгере алмайтынбыз. Жазып үлгермегеніміздің орнын ашық қалдыратынбыз. Міне, осы конспекті жазуда Меңдекеш айырықша қабілетті еді, кейін одан бәріміз көшіріп алатынбыз. Ол тазалықты, ұқыптылықты сүйетін. Конспекті дәптерін бүктеп, не болмаса бір жеріне белгі салсаң іренжіп қалатын. Соны білетін біздер оның дәптеріне ұқыпты болуға тырысатынбыз. Меңдекеш қолындағы барын үнемі жолдастарымен бөлісіп отыратын қайырымды, адамгершілігі мол, сонымен бірге өте сезімтал еді.
Меңдекеш үй шаруасына да тындырымды еді. Отын-су тасу, шай қойып, тары мен құмаршық қуырып, оны түйіп талқандау бәрі-бәрі оның атқаратын жұмысы еді. Иә, уақыттың көбін әжесіне көмектесіп, отын-су тасыса да ол сабаққа алғыр еді.
Жазғы демалыста балалар колхоз жұмысына көмектесіп, жаз бойы тыным таппайтын, атқаратын жұмыстары да әр алуан. Меңдекеш тапсырылған жұмысты шабытпен, көңілді жүріп жеріне жеткізе орындайтын. Оған басшылардың сенетіндігі сондай, бригадирлер оның істеген жұмысын тексермейтін.
1951 жыдың күзінде комсомол ұйымының бұрынғы секретары өзге мектепке ауысып кетті де секретарлыққа Қ.Бөлекбаев деген жігітті, орынбасарлығына Меңдекешті, бюро мүшесі етіп мені сайлады. Мен бұл кезде пионер вожатый едім. Жалпы біздің мектептегі пионер және комсомол ұйымдарының жұмысын нығайтуда Қабиболла ағаның еңбегі зор еді. вожатый болғаныма үш ай болған жоқ. Алғашқы кезде бір-екі рет жиын өткізгенім болмаса, ештеңе істеп жарытқан жоқ едім. Бір күні комомол жиналысында «Пионер ұйымының жұмысы туралы Жұмажан Басшиевтің есебін тыңдаймыз», - деп тұр.
Ауызға аларлықтай тындырған ештеңем жоқ, оның үстіне комсомолдар сұрақты үсті-үстіне жаудырып есімді шығарды. Ең жанды жерге тиетіні, әрі көп сұрақ қойған да Меңдекеш болды. Ол сөйлегенде де қателіктерім мен кемшіліктерімді жіпке тізгендей айтып шығып: «Қолынан іс келмейді емес, келеді, бірақ пионер ұйымының жұмысының маңыздылығына жете мән бермейді. Жұмысын түзеуге бір ай мерзім берілсін»,-деп тұжырымды ұсыныспен сөзін бітірді. Міне, Меңдекеш осындай дос, көңілі жақын жолдас деп қарамайтын, кім болса да кемшілігін бетіне тура айтатын еді...
Меңдекештің кәрі әжесі екі сөзінің бірінде: «Осы қарағымды адам қылып жеткізсем, арманым болмас еді», - деп отыратын. Бұл арманына жете алмай Меңдекешті 15 жасында тұлдыр жетім қалдырып, дүниеден ол да өтті. Бұл кезде Меңдекеш жеті жылдық мектепті бітірген-ді. Жазда «нағашысының ауылына кетті» дегенді естідік...
Содан кейін Меңдекешті арада 8 жылға жуық уақыт өткенде 1960 жылдың ақпан айында Гурьев қаласында облыс ауылшаруашылығы еңбеккерлері озаттарының кеңесіне қатысқанымда көрдім. Сол жиынның соңында Меңдекеш ақындар айтысына қатысты. Бұл ақындар айтысында Меңдекештің сөз саптауы мен қарсыласының ауданындағы кемшіліктерін өткір сынауы тыңдаушыларын аса риза етіп, жүлделі орынға ие болған...
Мен сахнаға шыққанда оның жүзінен көзімді алмадым. Жүзі бал-бұл жанған аса жадыраңқы еді. Өзіне-өзі сенген адамның әдетімен еркін отырды. Өзіме таныс, баяғы бір партада отырып, маған қырындай қарап, сөз бастардағы қуақы күлкісі көз алдыма елестеген... Иә, бұл бұрынғы парталас достардың ең соңғы кездесуі еді...
Жұмажан БАСШИЕВ
Суретте: 1967 жыл. 11 апрель. Гурьев қаласы. Облыс әдебиетшілерінің жиынынан: (оңнан солға) Меңдекеш Сатыбалдиев, Жұмекен Нәжімеденов, Әзірбайжан Қонарбаев, Амангелді Қазтуғанов, Фариза Оңғарсынова, Сапарбек Сәрсенов, Амандық Сасаев, Берік Қорқытов, Айтуар Өтегенов (20 жас).