Маңғыстауда республиканың басқа аймақтарынан келген оқушылардың қатысуымен «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеушілік экспедициясы басталды. 21 қазан күні басталған шараға Астана және Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 24 оқушы қатысып жатыр. Осымен екінші рет өткізіліп отырған саяхат бұл жолы «Маңғыстау кереметтері» деп аталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Астаналық және көкшетаулық оқушылар бір апта ішінде Маңғыстау облыстық ботаникалық бағына, облыстық тарихи-өлкетану және «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің мұражайына барып, өлкенің флорасы мен фаунасы, тарихы жайлы ақпарат алады. Ақтау қаласында экскурсия ұйымдастырылып, Маңғыстаудағы ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіші саналатын Шақпақ ата жер асты мешітіне барады. Сондай-ақ аймақтағы ең көркем орынның бірі Ақеспе жырасының (алқап) сұлулығына куә болады. Кезінде халықты жау шабуылынан қорғауға шақырған Отпантаудағы «Ұран отын» көріп, оның бүгінгі бейбіт өмірдегі маңызымен танысады. Өлкенің визитті картасына айналған Шерқала тауына барып, аңыз-әңгімелер тыңдау жоспарланған.
Маңғыстау тылсым жерлерімен ғана емес, ерекше тұлғаларымен де танымал. Түбектің тарихи тұлғалары Иса-Досан батыр ескерткішін көріп, Форт-Шевченко қаласындағы этнографиялық мұражайынан жергілікті халықтың тұрмысы туралы мәлімет алады. Сонымен қатар, суретші, украин ақыны Тарас Шевченконың музейіне барып айдаудағы өмірі туралы біледі, басқа еш жерде кездеспейтін мәліметтер мен экспонаттар қорын көреді.
- «Туған елге тағзым» жобасына қатысатын балалар өздері көріп қана қоймай, оны санасында қорыту мақсатында, күнделік толтырып, алған әсерін, мәліметтерін тізіп отырады. Бұл - баланың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, алған мәліметтерді жадында сақтауға жақсы мүмкіндік, - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Өлкетану-зерттеушілік экспедициясы бойынша қорытынды кеште әбіштанушы ғалым Жанбибі Дүйсенбаевамен кездесу ұйымдастырылып, зияткерлер өңірдегі құдықтар туралы, жер-су атаулары туралы, Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген зерттеулерді тыңдайды.