Бұл күнде есімі көпшіліктің есінде қалып, саналы ғұмырын жас ұрпақтың білім алуына арнаған «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз марқұм Мұханмеди Насухаев — Бейнеу ауданының өсіп-өркендеуде із қалдырған абзал азамат.
Өмірінің көп жылында ұстаздық жолында еңбек еткен Мұханмеди Насухаев кезінде, яғни еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда аудан әкімшілігінде жұмыс жасап, аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған, ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуына өз үлесін қосқан ел азаматтарының бірі болатын.
Кейінгі жылдарда кезең талабына сай елдің өндірістік саласына ауадай қажет болған кәсіби мамандарды оқытып, дайындайтын, алғашқы кезде Бейнеу кәсіптік лицейі болып жұмысын бастап, одан соң Бейнеу политехникалық колледжі, аталып құрылған оқу ордасының ұйымдастырушы-басшысы қызметінде жүріп, зейнеткерлікке шыққан ардагер еді.
Ұлағат иесі — жастарды оқытып-тәрбиелеу ісінде ұстаздық қызметінен бірден қол үзіп кете алмай, өмірінің соңғы сәтіне дейін еңбек етуден жалықпаған жан.
Мұханмеди Насухаевтың осындай ізгілік қасиеттері мен колледжге сіңірген еңбегін естен шығармаған ұжымы білікті басшы, ұлағатты ұстазға деген шынайы құрметтерінің айқын көрінісіндей, колледждің осы заманғы озық технологиялық оқу құралдарымен жабдықталған оқу-зертханалық кабинетіне Мұханмеди Насухаевтың есімін беріп, тақта орнатты.
Бұл шараға М.Насухаевтың отбасы мен туыстары, онымен қызметтес болған оқытушылар және студент жастар қатысты.
Ұстазға құрмет көрсетіліп, оның өмір деректері мен еңбек жолдары бейнебаян арқылы қатысушылар назарына ұсынылған шараны колледж директоры Нұрбол Бурин ашты. Ол іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, жас мамандарға ақыл кеңесін аямаған қамқор азаматтың жан-жақты қызметтері жөнінде айта келіп, абзал азаматқа, ұлағатты ұстазға құрмет көрсету мақсатында жастарға өнеге болсын, осы кабинеттен заман талабына сай мамандық алған жастар бәсекеге қабілетті болып, өмірге қанат қақсын деген ниетпен ашылып отырғанын жеткізді. Және көпшілік құрметіне ие болған ұстаздың отбасына жақсылықтар тілеп, ризашылық білдірді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қиыр шығыста — ата рухына тағзымСодан соң сөз сөйлеген колледж оқытушылары Ербек Мұрынов, Еркінай Қибасқызы, Қуан Мансұров оқу-зертханалық кабинетіне есімі беріліп отырған М.Насухаевтың арнайы пән мұғалімдері мен өндіріс шеберлеріне деген қамқорлығын, жас мамандарға ақыл-кеңесін аямайтын тәлімгерлігін, заман талабына сай оқу процесіне заманауи әдістемелерді енгізген жаңашылдық, парасаттылығы мен адамгершілік қасиеттерін айта келіп, аталып отырған білім ордасының іргесін қалап, алдыңғы оқу орындарының қатарына қосқан еңбектерін алға тартып, еске түсіріп өтті.
- Бар өмірін жас ұрпақтың білім мен тәрбие алуына жұмсаған ұстаздың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгіөнеге болады, сондықтан осындай құрмет көрсету лайық, - деді сөйлеушілер.
Ұстаздық жолдағы елеулі еңбегі ескеріліп, «Халық мұғалімі» атанған М.Насухаевқа колледж ұжымы тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке зайыбы, ардагер ұстаз Ажар апа бастаған отбасы мен туыстары ризашылықпен алғыс айтып, кәсіби мамандарды оқытып дайындауда ұжымға жақсылық пен табыстар тіледі.
Кәрісбай ӘДІЛ