Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері екі күннің ішінде заңсыз ауланған 541 келі бекіре тұқымдас балықты тәркіледі. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің табиғат қорғау полицейлері мен жол полициясы инспекторларымен бірге «Браконьер» жедел шарасы кезінде, 2018 жылдың 19 қазан күні бекіре тасымалдаған «Лада Гранта» автокөлігін маңғыстаулық полицейлер 22 шағынаудан 6 үйдің жанында тоқтатып, ұстаған. Көліктің жүксалғышынан салмағы 223 келі болатын 79 дана бекіре балығы шыққан. Бұл факт ҚР-ның Қылмыстық Кодексінің 339-бабының 1-бөлігі бойынша (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтiн жерлерін жою) Ақтау қаласының ІІБ Бірыңғай сотқа дейінгі тергеу тізіліміне тіркелген. Қазіргі таңда алдын-ала тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәл осындай факт 2018 жылдың 21 қазанында тіркелген. "Ақтау-Форт Шевченко" тас жолында зулап бара жатқан «Тойота» маркалы автокөлігін тоқтатып, жалпы салмағы 318 келі болатын 110 дана бекіре балығы тауып, тәркіледі. Аталған факт Түпқараған ауданының ІІБ-нің Бірыңғай сотқа дейінгі тергеу тізіліміне тіркелген. ҚР Қылмыстық кодексінің 329-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдауға тыйым салынады.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Асылзат Өсерқызы
Суреттерді МО полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64032,64033"]