Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру – Жастар керуені» өз мәресіне жетті. Бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында ұйымдастырушылар екі аптаға созылған керуеннің қорытындысымен таныстырды.
«Рухани жаңғыру - жастар керуені» облыстың 1 қаласы мен 5 ауданына қарасты 56 елді мекенді, оның ішінде ең шалғай ауылдардағы жастарды қамтып, тұрғындар арасында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын мақсат-міндеттерді, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
- Жастар арасындағы бірінші мәселе – жұмыссыздық. Жастардың білім алуын, жұмысқа тұруын Маңғыстау облысының өңірлік бағдарламасы – «Жаңа серпін» бойынша жүзеге асырудамыз. Мәселен, керуен барысында 60-қа жуық жас Көкшетау қаласы «Новопэк» мекемесіне оқуға және әрі қарай жұмыспен қамтуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, 172 жастың түйіндемесі түсті, олардың алдағы уақытта жұмысқа тұруына жұмыс істейтін боламыз. Бұл керуеннің ерекшелігі – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арнайы науқан ұйымдастырды. Біз барған жерлерде тұрғын үй алуға тегін шоттар ашып отырдық. Сонымен қатар, 2 адам баспаналы болды. Сондықтан бұл өте жақсы бағдарлама болды. Дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады деген ойдамыз, - деді МО Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов.
Керуен аясында 6 мыңға жуық жас қамтылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық аудан жастары пікір алмасып, сұрақтарын ортаға салып, белсене қатысқан.
- Халықпен кездесіп, түрлі бағытта кеңестер бердік. Жастар шығармашылық бағытта, мәдениет, өнер, спорт және ғылым бағытындағы жобаларын әкеліп, қалай жүзеге асыру керектігін сұрады. Мен шамам келгенше, құжаттастыру жағынан көмегімді беруге тырыстым. Олар болашақта бізбен бірлесіп қызмет ететінін жеткізді. Әр өңірге барған сайын қатарымыз артып отырды. Осыған қарап біз керуеннің жұмысы нәтижелі болды деп есептейміз, - «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің сарапшысы Бақтыбай Жайлау.
15 қараша күні облыс орталығы Ақтауда «Жастар керуенінің» жұмысы қорытындыланып, эстафета Батыс Қазақстан облысы жастарына табысталды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА