©
Таяуда «Білім-инновация» лицейінде ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы сән-салтанатпен атап өтілді.
Білім шыңын бағындырып жүрген лицей мереке құрметіне 12 ақшаңқан киіз үй тігіп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін байқаулар, спорт жарыстар ұйымдастырып, оқушылар мен олардың ата-аналарына қайталанбас әсер сыйлады.
-Мектебіміз жыл сайын Наурыз мерекесін ерекше әрі кең ауқымда тойлауға тырысады. Биылда білім ордасы мейрамды жоғары деңгейде өткізуге барын салды. Оқу үлгерімі озық, талабы таудай оқушылардың білім дейгейін тексеретін республикалық гуманитарлық пәндік олимпиада «Білім-инновация» лицейінде өтуіне байланысты мереке сәл кешігіп сәуір айында тойланып жатыр. Бұл мерекеде бірде-бір оқушы не ата-ана шет қалған жоқ. Барлығы дерлік бір жұдырықтай жұмылып, бір білектей бірігіп Наурызды тойлады. Әсіресе, биыл лицейіміздің табалдырығын аттаған 7-сынып оқушылары үшін бұл үлкен мейрам, үлкен әсер болды,-дейді «Білім-инновация» лицейінің география пәнінің мұғалімі Нұрболат Жалжанов.
Расымен де, той көрігін ұстаздармен бірге оқушылардың ата-аналары да қыздырып, байқауларда бағын сынады. Бірқатар топқа бөлініп, сыныптар қазақтың салт-дәстүрлерін паш ететін көріністер қойды: қыз ұзату, бесікке бөлеу, шілдехана, төркіндету, тұсаукесер, сүндетке отырғызу, тоқым қағар сынды салттарды асқан шеберлікпен көрсетіп, сахна талабына сай киімдері, сөз мәнері, актерлік шеберлігі жоғары деңгейде болды. Әр топ сондай-ақ өздері шаңырағын көтерген киіз үйлердің безендірілуіне, өрнектелуіне, ішіндегі дастарханына, ас мәзіріне жауап берді. Олардың еңбегін лицей директорының орынбасарлары Гүлшарат Досаева, Омар Дамир, ата-аналар комитетінің төрағасы Самат Бейсенов, «Достық» білім беру орталығының директоры Үміт Горук бағалады. 9 «д» мен 9 «с» сыныбының тізе қосып қойған «Қыз ұзату» қойылымы барша жиналғандардың жүрегін баурап, жанарларын сулатты. Тіккен киіз үйі мен жайған дастарханы көптің көңілінен шықты. Осыған байланысты бас жеңісті қанжығалаған оларға лицей атынан қошқар табысталды. Екінші орынға 10 «д» сыныбы ие болса, үшінші орын 7 «а» сыныбына бұйырды. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар берілді.
Бүгінде «Білім-инновация» лицейінде 40 мұғалім қызмет етсе, 365 оқушы біліммен сусындап жатыр. Білім ұясынан биыл 60-тан астам түлек қанат қағып, үлкен өмірге жолдама алмақ.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ