Маңғыстау облысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг өңіріміздің өрт қаупсіздігіне арналды. Онда журналистер сауалдарына жауап берген облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов биылғы бірінші тоқсанда 68 төтенше жағдай тіркелгенін айтты.
Оның айтуынша, бұл төтенше жағдайлардан 8 адам зардап шегіп, 3 адам қаза болған. Өткен үш айда тіркелген төтенше жағдайлардың 65-і—өрт оқиғалары. Бұл осы мерзімде болған төтенше жағдайлардың 96 пайызы деген сөз. Өрттің 38 пайызы тұрғын үйлерден, ал 39 пайызы автокөліктерде тұтанған. Өрт жалынынан барлығы 102 адам құтқарылды және көшірілді. Сондай-ақ құны 5 миллион теңгелік тауарлық-материалдық құндылық құтқарылды. Тілсіз жаудан 1 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алған. Ал өткен жылы 2 адам өрттен қайтыс болған, бірақ жарақат алғандар тіркелмеген.
Облыстың өрт сөндірушілері жыл басынан бері 271 рет дабыл бойынша аттанған. Бұлардың 56-сы өртті сөндіруге, 50 рет апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, 159 мәрте жануды жою үшін, ал 6 рет жалған шақыртумен жолға шыққан.
Рамиль Фаткулович өңірімізде тұрғын үйлердің барлығы дерлік тастан салынғандықтан бұл көрсеткіштің еліміздің өзге аймақтарындағы жағдайлардан анағұрлым төмен екенін атап өтті. Өйткені, бізде ағаш сияқты тез жанатын материалдардан салынған үйлер жоққа тән.
Тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың өртке орануының алдын алу мақсатында шаралар жүріп жатыр. Қауіп деңгейі жоғары, бақылаудағы нысандарда өрт шығу мүмкіндігін төмендету мақсатында жоспар бойынша 40 нысанның өрт қауіпсіздігі жағдайына тексеру жүргізілді. Тексеру барысында 316 өрт қауіпсіздік нормалары мен ережелерінің бұзылғандығы анықталып, 41 өндіріс басшысына 1 миллион 418 мың 125 тенге айыппұл салынды. Сонымен бірге, мамандар үш ай бойы 16 223 тұрғыны бар 2 095 тұрғын үйді аралап, барлығы 6 889 адам қатысқан 239 жиналыс және тұрғындармен кездесу өткізді. 466 адаммен 21 түсіндірме жұмысы, 1 283 адаммен 26 дәріс және әңгімелесу ұйымдастырылды.
Маңғыстау автокөліктерінің барлығы болмағанымен, көпшілігі бензин және газбен жүретіні белгілі. Екі бак жұмыс істеп тұратындықтан мұндай автокөліктерде өрт шығу мүмкіндігі басым. Осы орайда департамент қызметкерлері облыстық жергілікті полиция өкілдерімен, қалалық және аудандық автокөлік бөлімшелерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен автокөліктерде өрттерді болдырмау мақсатында рейд өткізді. Рейд кезінде жүргізушілерге автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөніндегі 300-ден астам жадынамалар таратылды, қоғамдық және жүк автокөліктерінің 300-ден астам жүргізушілері мен жолаушылары арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, әркімнің өмірі де, мүлкі де өзіне қажет, оны қорғауға ең алдымен өзі мүдделі десек, әр адам өрт қауіпсіздігі ережесіне селқос қарамаса керек.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА