©
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының мәжіліс залында «АИТВ инфекциясының бизнеске іскерлік әсері және «ҚР-да МӘМС енгізу туралы» тақырыбында орта және ірі бизнес өкілдерімен облыстық семинар өтті.
Семинарда орталық директорының ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемиологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Ақнұр Тасболатова басқосудың мақсаты–қатысушыларға АИТВ жұқтырылғандардың бизнес жүргізуге қалай әсер ететіндігі туралы, АИТВ/ЖИТС алдын алу мәселелері бойынша және МӘМС жүйесін кезең-кезеңмен енгізу туралы қолжетімді ақпарат беру екенідігін айтты. Сондай-ақ ол «АИТВ инфекциясының бизнеске іскерлік әсері», «Қазақстан Республикасындағы және Маңғыстау облысындағы АИТВ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай» туралы баяндады.
-АИТВ/ЖИТС проблемасы республикада және облысымыздағы ең ауыр медициналық-әлеуметтік проблемалардың бірі,-деді А.Тасболатова.-Қазақстан Республикасында және біздің өңірімзде АИТВ/ЖИТС жағдайы тұрақсыз және өсу үстінде. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік экономикалық форумы (ДЭФ) жыл сайын ұлттық экономикалар рейтингісін өткізетіндігін және елдердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі туралы Есеп түзіп, баяндама жасайтындығын хабарлады. «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша Қазақстанның 2050 жылда әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуі көзделген. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ЖБИ) елдердің даму индикаторларының бірі ретінде қарастырылады. ЖБИ 119 көрсеткіштен тұрады. Бұлардың бірі—«Денсаулық» бөлімі. ЖБИ рейтингісіне АИТВ бойынша 2 көрсеткіш енгізілген: 1.АИТВ/ЖИТС бизнес жүргізуге әсері. 2.АИТВ инфекциясының 15-49 жастағы тұрғындар арасында таралуы. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есеп Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы баяндамасы болып табылады. Бірінші баяндама 1979 жылы шығарылған. 2004 жылдан бері Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есеп бойынша «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» негізінде елдер сараланып, бөлінеді. Қазақстан ЖБИ рейтингісіне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Бірінші индикаторды бағалау үшін орта және ірі кәсіпорындар басшыларынан жыл сайын анонимді түрде сауалнама алынады. Сұрақтар жұмысшының өлімі, еңбекке қабілетінің төмендеуі, медициналық және жерлеуге байланысты шығындар, еңбек өнімділігі, жұмысшыны жалдауға және оқытуға жұмсалатын шығындар секілді мәселелер төңірегінде болады. Кәсіпкерлер үнемі жұмысбасты болғандықтан және туберкулез, АИТВ/ЖИТС мәселелерінен жеткілікті ақпаратқа қанық болмағандықтан сауалнамаға дұрыс жауап бере алмай жатады.
АИТВ бойынша эпидемиологиялық жағдайды талдау жасаған Ақнұр Ханайқызы инфекция жұқтыратындардың басым көпшілігі 20-49 жас аралығындағы жастар екендігін айтты. Және жұғу анықталғандардың көбісі ер адамдар, арақатынасы 2,5:1 болып тұр. Олардың 70 пайызы еліміздің азаматтары.
Орталықтың ұйымдастыру-әдістемелік бөлімі эпидемиологының көмекшісі Зулфия Ишмаева «Қазақстан Республикасындағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» мәселесін жан-жақты тарқатып айтты. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС)—денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі екендігін атап өтті. МӘМС сақтандырылған Қазақстан азаматтарының барлығына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрған жеріне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікке кепілдік береді. МӘМС моделі
50-ден астам елдің тәжірибесін зерттеп, кейбір жайттар ескеріле отырып жасалды. Қазақстандық модельге әлемнің ең озық тәжірибелері енгізілді. Бұл денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, медициналық қызметтің жоғары сапасы мен қолжетімділігін, медициналық көмектің кең пакетін қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру–бұл халықтың ауырған, жарақаттанған, жүкті болған және босанған, мүгедек болған және қартайған кезіндегі жағдайда денсаулығын қорғау мүдделерін әлеуметтік сақтандыру нысаны. Көптеген дамыған елдер емдеуді аз қажет ететіндерден емді көп қажет ететіндерге қаржыны қайта бөлуге мүмкіндік беретін осы МӘМС-ті таңдап отыр.
Барлығы ашық болады. Сақтандырылған азамат өзінің жеке кабинеті арқылы көрсетілген медициналық қызмет, төленген жарна, электронды денсаулық сақтау жүйесіндегі басқа да ақпараттарды ала алады.
Семинарда кәсіпкерлер қойған сұрақтарға жауап берілді. Сондай-ақ талқылау барысында тараптардың алдын ала өзара келісімі бойынша ақысыз негізде кәсіпорындарда АИТВ/ЖИТС-тың алдын алу мәселесі бойынша семинар сабақтарын өткізу мәселесі көтеріліп, оның шешімі де табылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА