Туған елге, туған жерге тағзым ету, оқып, білім алған алтын ұя - мектебіне, ұлағатты ұстазына құрмет көрсету - әр адамның қасиетті борышы. Оның үстіне мамыр-тамыз айларында өтетін «Мектебіме тағзым!» акциясы ауданымызда сәтті жалғасын табуда.
Құрықтағы 1 мектепті 1998 жылы бітірген 20-түлектер өткен сенбіде игі істерімен танылды. Әуелі аудан әкімдігіне жиналған түлектерді құттықтаған ауыл әкімі Қ.Құсайынов ардақты ұстаз Жеміс Ишбатыроваға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Ал түлектер ұстазына құттықтау хатпен бірге бағалы сыйлық ұсынып, алғысқа толы ақжарма тілектерін жеткізді. Сондай-ақ ұшқан ұя – мектебіне арнап алған 75 келілік аквариумды директоры О.Шәтеновке табыс етіп, ұстаздар қауымына Алғыс атты естелік-хат тапсырды. Бұдан соң аудандық мешітке барып бақилық болған ұстаздары мен құрдастарына құран бағыштатты. Өздері оқыған 1 мектепке барып, естелік сабаққа қатысып, мектеп ауласына ағаш отырғызды. Түлектерді мектеп директоры О. Шәтенов, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Л.Дүйсенбаевалар құттықтап, алғыс айтса, әнші ұстаздары М.Аринова әсем ән арнады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаулықтар ҰОС тұтқынға түскен туыстары туралы мәлімет ала аладыМектеп – киелі білім ордасы. Талай жақсылар мен жайсаңдар, ақындар мен әкімдер, жетістікке жеткен кәсіпкерлер – барлығы да мектептен түлеп ұшқан. «Тарыдай болып келіп, таудай болып шыққан» алтын ұясына келген әр түлек қара шаңырағына бас иіп, қызығы мол балалықтың бал күндерін еске алатыны анық. Осы мектептен 20-рет түлеп ұшқандар арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарақия аудандық бөлімін біраз жыл басқарып, бүгінде облыста жемісті қызмет атқарып жүрген Шаған Оғланбаев, табысты қаржыгерлер: Нұрлыбек Жарылғапов, Нұргүл Төлегенова және Гаухар Айбергенова, Шынар Төлесін сынды ұстаздар мен кәсіпкерлер ел игілігіне еңбек етіп жүр. Өздері әр қиырда жүрсе де жиырма жылдық мерекені туған ауылынан, ұшқан ұясынан бастаған түлектерге құтты Құрық қашан да сәт сапар тілейді!
Шынар КЕНДІН