Иә, Абай атамыздың осынау ұлағатты сөзі жақын күндерде жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен ғылыми жобалар конкурсында тағы бір мәрте дәлелденді. Республикамыздың барша дарынды ұландары бағын сынаған ғылым додасында Жаңаөзен қаласының №18 орта мектептің 11-сынып оқушысы Рамазан Есқуатов бірінші орынды қанжығасына байлап қайтты.
Республика бойынша 584 оқушының басын қосқан сайысқа Рамазан «Ғылыми-техникалық прогресс - экономикалық өрлеудің түйінді буыны ретінде» физика пәні бойынша қатысып, 29 оқушының ортасында өз жобасының заманауи ұтымды қырларын дәлелдей білді. Маңғыстаулық ұланның жұмысына жоғары бағасын берген әділ қазылар сумен жүретін гелендваген көлігінің базасына, жан-жақтылығымен, барынша қолайлы талаптарға сәйкес жинастырылғанына ризашылықтарын білдірді.
Рамазанның өзінің айтуынша, ол жасаған көліктің басқа сумен жүретін көліктерден айырмашылығы осыған дейін атаулы салада берілген патенттердің бір де бірінде қайталанбайтын ерекшелігінде екен. Жоба бастапқыда электромобиль әдісін сынап көруден басталып, ұтымды шешім ретінде сумен жүретін көлікке айналдырылған. Гелендваген көлігін таңдауындағы себеп, оның сумен жүретінін не жүрмейтінін дәлелдемек болған.
- Жалпы атаулы жобаны кез-келген көлік маркасына қатысты қолдануға болады. Егер жобам дәлелденіп жатса, макетті патенттеп, қазақстандық маркаға көшеміз, - дейді Рамазан.
Өнертапқыш ұланның техникаға деген қызығушылығы 5-сыныптан басталған. Оған түрткі болып негізгі бағыт-бағдар берген алдымен жанұясы, мектептегі ұстаздары. Өз заманында атасы да техникалық жобалар дайындап, Кеңес Одағы кезінде Мәскеудегі түрлі көрмелерге жіберіп тұрған. Атасының сол әуестігі немересінің бойына қонып, Рамазанның ғылыми жобалары бірнеше жылдан бері қалалық, облыстық сайыстарда топ жарып келеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігі 25 жылдығын атап өттіҰстаздары Байрамбай Шораев, Бекқали Шоқайевтың ой тастап, көмектесуімен жыл сайын шыңдалып келе жатқан Рамазан осы жобасы барысында гелендваген көлігінде есіктердің қиын ашылып жабылуы сияқты кемшіліктердің орнын толтырып, толық жабдықтаған. Оған қоса жобасын жетілдіре отырып, бір құйылған сумен 4-5 жыл шамасында жүретін үлгісін жасаған. Оның айтуынша, көлікте 45 арнайы су құйылатын ыдыс қойылып, әрқайсысына 5 мл. су толтырылып, солардың тоқ бөлуімен көліктің қозғалысы жүзеге асады.
Жалпы жабдықталуына 300 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалған жобаға мектеп директоры Қожа-Ахмет Дүйсенбаев демеуші тауып, «Жанарыс» ЖШС-ы директоры Жаңбырбай Дәрменов ақшалай қолдау көрсеткен. Ағалар қолдауына ие, мақсат-мұраты биік Рамазан 28 ақпанда Алматы қаласында өтетін халықаралық байқауға дайындық үстінде. Ендігі ойы ауамен жүретін көліктің жобасын байқап көрмекші. Оған қоса наурыз айында өтетін «Елім менің, жерім менің» атты республикалық сайыста көліктің жалпы шығынын есептеп, бизнес-жоспарын қорғау ойында бар.
Болашақта инженер-конструктор болуды армандайтын Рамазанның талабы таудай. Өзі қолға алып бастаған жобаларына жанын сала отырып, олардың діттеген мүддеден шығуы үшін аянбай тер төгуге әзір. Бүгінде барша әлем цифрлық басқару табалдырығына көшкелі тұрған кезеңде, Рамазандай жастарға қарап, Елбасымыздың үнемі айтатын «Мен жастарға сенемін» деп, үміт артуының сырын түсінгендей боламыз.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП