Елбасы бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан жастар саясатының басым бағыты - кәсіби білім-білігі әлемдік стандартқа сай, жаһандану үрдісінің сын-талабына төтеп бере алатын жас мамандар буынын қалыптастыру. Заман үрдісіне сай әлеумет-экономика саласына тиесілі мамандықтар легі де жыл санап толығып келеді. Сан түрлі секторда кәсіп иелерінің қабілет-дағдылары үздік бағалау деңгейімен бағамдалып, кәсіби білім сапасы озық критерийлермен саралануда. Бұл – жаңа заман талабынан туындаған дүние. Бұл орайда, Елбасы ұстанған көреген саясат жемісін тілге тиек етпеске болмас. Жалпы Еңбек қоғамын құру, жұмысшы мәртебесін арттыру, еңбек адамының қабілет-қарымын халық арасында кеңінен насихаттау, кәсіптік-техникалық білім беру саласына аса көңіл бөлу, халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау сынды Елбасының нақты тапсырмалар осы саясатқа кеп саяды.
Әлемдік деңгейде де жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру, жастар арасында кеңінен насихаттауды мақсат тұтатын ауқымды жобалар бар. Соның бірі – «WоrldSkills International» кәсіптік шеберлік халықаралық чемпионаты.
Халықаралық жоба 1946 жылдан бері әлемнің 72 мемлекетінде өткізіліп келеді. Қазақстан мемлекеті 2014 жылы халықаралық қозғалыстың ресми өкілі ретінде танылды. Екі жылда бір мәрте ұйымдастырылатын әлемдік деңгейдегі ауқымды шара 2015 жылы Бразилия елінде өтіп, ал биыл БАӘ астанасы Әбу-Даби қаласында ұйымдастырылды. Биылғы жұмысшы кәсіптерінің әлем чемпионатына дүниежүзі бойынша 77 ел қатысып, құрылыс, ІТ, өнер және дизайн, халыққа қызмет көрсету сынды 52 кәсіп бойынша бақ сынасты. Қазақстан елі биылғы жылы қатысушылар тізімінде 24-орында тұрақтап, жоғары бағаға ие болды. Қазақстандық жас мамандар жүк автокөліктеріне қызмет көрсету, дәнекерлеу ісі, бетон технологиясы, электроника, сантехника мен жылыту, графикалық дизайн, суыту және желдету техникаларына қызмет көрсету, мейрамхана сервисі, сылау және декоративті жұмыстар, флористика, мехатроника, визуальды мерчандайзинг және витринистика, кірпіш қалау, инженерлік графика сынды мамандық түрлерінен өз қарым-қабілетін сынға салды.
«WоrldSkills AbuDhabi» чемпионатына қатысқан Қазақстан құрама командасының 25 мүшесінің қатарында маңғыстаулық Тілектес Әлқуатова мен Еркебұлан Сұлтанғалиев те бар.
Еркебұлан Сұлтанғалиев - Бейнеу политехникалық колледжінің түлегі. Ол «Инженерлік графика» мамандығы бойынша «WоrldSkills Kazakhstan» өңірлік кезеңінде үздік танылып, кәсіптік шеберліктің ұлттық чемпионатына жолдамаға қол жеткізді. Елорда төрінде өткен ұлттық байқауда бас жүлдені қанжығасына байлаған білікті маман Ресейдің Краснодар қаласында өткен жарыста топ жарды. Осылайша, Еркебұланға араб елінде өтетін айтулы додада бақ сынасу бақыты бұйырады. Білікті маманның жетекшісі Елмұрат Аяповтың бұл орайда сіңірген еңбегі зор.
«Мектеп жасымнан ЗД-үлгілер құрастыруға қатты әуестендім. Компьютерлік ЗД-үлгілердің шынайылылығын арттыру, инженерлік графика мүмкіндіктері зор қызығушылығымды оятты. Ең алдымен, осы жарысты ести сала өзімді үміткер ретінде ұсындым. Жарысқа кезең-кезеңімен қатысып, жоғары деңгейлі кедергілерді еңсердім. Әлемдік деңгейге дейін жеттім. Бала кезден армандаған мамандығым компьютермен байланысты болатын. Халықаралық тәжірибелерді өз білімімді жетілдіру жолында пайдалансам деген мақсатым бар. «WоrldSkills» чемпионатында мамандықтар тізімі жыл сайын жаңарып отырады. Сұранысы төмен, заман талабына сай емес кәсіп түрлері ығыстырылады. Әлем цифрлық кезеңге аяқ басты. Қазіргі таңда веб-дизайн сынды ғаламтор желісімен байланысты мамандықтар алдыңғы қатарға шықты. Әрине, кірпіш қалау, нан технологиясы, сәулет және дизайн сынды кәсіп түрлері әркез зор сұранысқа ие», - дейді Еркебұлан Сұлтанғалиев.
Бүгінгі таңда Еркебұлан Бейнеу политехникалық колледжінде бағдарламалық қамтамасыз етуші маман ретінде қызмет етеді. Алдағы уақытта Будапешт қаласында өтетін «EuroSkills» чемпионатына қатысып, тағы бір мәрте бағын сынап көрмекші.
Тілектес Әлқуатова - Маңғыстау облыстық туризм колледжінің түлегі. Он саусағынан бал тамған жас аспаз әр алуан, дәмі тіл үйірер тағам түрлерін жоғары деңгейде жасайды. Батис Алпысбайқызы - Тілектесті әркез алға жетелеп, қолдау көрсеткен ұстазы. Халықаралық додада Тілектес «Нан пісіру технологиясы» мамандығы бойынша сынға түсті. Әрине, әр ұлттың тұрмыс салты, тіптен ас мәзірі жат жұрт ұғына бермейтін құпияға толы. Әлемдік сайыста Тілектес таңсық ас құрамымен тағам әзірлеу тәжірибесінен өтті. Шектеулі уақыт шеңберінде дәмді, тәтті, бедерлі тағам даярлау аспаздық шеберлік, табиғи дарынмен қоса ой ұшқырлығын талап етері сөзсіз.
«Әбу-Даби қаласында өткен сайыс төрт күнге созылды. Алғашқы күндері қиындықтар кездесті. Жарыс толығымыен ағылшын тілінде өтті. Ағылшын тілін еркін меңгермегендіктен түсініп-ұғыну қиынға соққаны рас. Сондай-ақ наубайхана техникасы тілін түсіну, құрал-жабдықтармен жұмыс жасауда кедергілер туындады. Себебі бұрын-соңды қолданбаған пештерде нан пісіру қажет болды. Сайыс барысында киш бәлішін, бидай ұнынан ақ және қара нандарды, тәтті тоқаштарды және өзге де тағамдарды пісірдім. Наннан мүсін жасап пісіру бойынша сайысқа түстік. Байқау қорытындысы бойынша Швеция, Қытай, Франция жүлделі орындарға ие болды», - дейді Тілектес.
Тілектес - бүгінде облыстық туризм колледжінің қызметкері. Болашақта жеке кәсібін дөңгелетіп, наубайхана ашсам деген жоспары бар. Наубайхана ісі - елімізде дамуы кенже қалған саланың бірі. Оны түрлендіру, әртараптандыру, өнім түрлерін жетілдіру қажет-ақ.
«WorldSkills» жобасына 18-22 жас аралығындағы мамандар қатыса алады. Қатысушыларды «Кәсіпқор» Холдинг» Ақ Басқармасы іріктеуден өткізіп, алдын-ала даярлайды.
«2016 жылы Ұлттық чемпионатта Маңғыстау облысынан 1 алтын, 1 қола, 1 күміс алсақ, 2017 жылы 2 алтын, 1 қола, 1 күміс жүлдесін иелендік. Бүгінгі таңда әлем бойынша кәсіптік шеберліктің халықаралық чемпионатында 24-орында тұрақтадық. Алдағы жылы маңғыстаулық жас мамандар ұлттық чемпионатта 35 номинация бойынша бақ сынасады. Сонымен қоса 27-29 қараша аралығында «Batis Skills1 аймақтық жобасы жүзе асады деп жоспарланған. Аталға жобаға 80-ге жуық маман атсалысады деп күтілуде»,-дейді Маңғыстау облыстық техникалық кәсіптік білім беру оқу-әдістемелік кабинетінің директорының міндетін атқарушы Кабира Қадірбекқызы.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
[gallery ids="41384,41394,41395"]