Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Маңғыстау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Маңғыстау облысында «Caspian StartUp 2018» стартаптар байқауы өтеді. Жарысқа 7-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатыса алады.
Байқаудың басты мақсаты – жаңа жобаларды таныстыру алаңын құру, инновациялық бірлестіктің әлеуетін көрсетіп, оны қолдау.
- Қазіргі таңда оқушылар мен студенттердің арасында бизнес бастасам дейтін немесе дайын бизнес жобасы, идеясы бар жастар көп. Көп жағдайда олар өз жобаларын кімге және қалай ұсынуды білмей жатады. Осындай кәсіпкерлікке бейімі бар жастарды қолдап, оларға бағыт-бағдар көрсетіп, жобасы бизнес бастауға тиімді болып жатса, кәсіпкерлермен тілдесуге жағдай жасауды жоспарлап отырмыз дейді, - Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов.
Байқау үш кезеңнен тұрады. Жоба қатысушысы ең алдымен бастағысы келетін бизнес туралы екі минуттық видео түсіруі тиіс. Содан соң жобаның маңыздылығы, сұранысы, тиімділігі туралы презентация дайындап, www.caspianstartup.kz сайтына 7-сәуірге дейін тіркелуі міндетті. Ал 14 –сәуір күні байқаудың қазылар алқасы келген жобалардың ішінен ең үздік 15 жобаны таңдап, ақтық кезеңге жолдайды. Іріктеуден өткен қатысушылар 21 сәуір бизнес-жобаларын кәсіпкерлер мен қазылар алқасының алдында қорғайды. Байқаудың жеңімпазына жобасын бастау үшін 300 мың теңге беріледі. Ал ІІ орынға - 250 мың, ІІІ орынға - 200 мың теңге қарастырылған.
Стартап жобалар байқауына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облыстық филиалы, «Mediana» ІТ-компаниясы, «Жас Отан» жастар партиясы, «Mangystau» телеарнасы және «Inaktau.kz» қалалық ақпараттық порталы демеушілік етеді.
Сонымен қатар, жарыс қатысушыларының кәсіпкерлікке ынтасын арттыра түсу мақсатында облыстың белді бизнес-тренерлері мен кәсіпкерлері арнайы шеберлік сағаттарын өткізеді.
Байланыс нөмірі: 70 10 66; +7 701 123-08-85- Сауле Бекгалыевна, +7 778 907 16 08 – Рысгүл Мәтжанқызы
E-mail: caspianstartup2018@gmail.com Web site: www.caspianstartup.kz