Маңғыстаулық жастар облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Lectorium» жобасы аясында айтыскер ақын Нұрлан Мұсаевпен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. ⠀ Атамұра өнердің өкілі ретінде өлең сөзді қастерлеп жүрген Нұрлан Мұсаев өз шығармашылығындағы жағымды жаңалықтардан бастады. Жақында ғана ақынның «Он сегіз мың ғаламнан мені іздесең…» атты жинағы жарық көрген болатын. Жинаққа А.Бұлғақов, Т. Әділов, Д. Кәпұлы, Б. Имаш, А. Қалиев, А. Тұрсынбаева, Ж. Болтанова, М. Қуандықов, Е. Қайназар, А. Ізтілеу, М. Ниязов, С. Тоқтамыс, Қ. Әубәкірова, Ш. Ізбасаров сынды әріптес аға, үзеңгілес құрдастарымен бірге өткен 16 айтысы енген. ⠀ Ақынның әзілдері ел ішінде айтылып жүр. Осы ретте Нұрлан Мұсаев қағытпа қалжыңдардың шығу тарихын баяндап, оқырман қауымға астарлы әзілдерін айтып берді. ⠀ Нұрлан Мұсаев өлеңді өміріне айналдырса да, спортқа жаны жақын азамат. Себебі бала Нұрлан спортшы болуды армандаған екен. Ол оқушы кезінде спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізгенін сағынышпен еске алды. ⠀ Кездесу барысында жастарға армандау қажет және сол арманға жету жолында алға мақсат қою керек екендігін түсіндірді. ⠀ Сөз өнерінің қадір-қасиетін ұғатын жастарды «Жыр жебе» мектебіне жинап, ұстаздық етіп, тәлім беріп жүрген Нұрлан Мұсаев бүгінде шәкірттерімен мақтануда. Ақындықты Алланың берген сыйы деп бағалайтын азамат 13-14 жастағы балаларды қара өлеңнің қадірін түсінуге баулып жүр. ⠀ Сондай-ақ жастардың тарапынан қойылған «Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?» деген қызықты сұраққа ол: «Мерейтойда бір дастарқанда отырдық. Қарасам алмаға қолы жетпей отыр екен. Содан мен «қолыңыз жетпесе айтпайсыз ба?» - деп ұрсып алманы алып берген едім. Кейін есімін сұрадым, солай әрі қарай таныстығымыз жалғасып кетті», - деп әзілмен жауап берді. ⠀ Шара соңында жастарға Қадыр Мырза Әлі және Сабыр Адайдың кітаптарын оқуға кеңес беріп, өлеңдерінен сыр шертті.
Маңғыстау облыстық жастар орталығының баспасөз қызметі