Ақтауда Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде облыстық Жайдарман ойындарының финалы өтті. Бар жанарды жаулаған Жайдарманда Мұнайлыдан келген «Татьяна» құрамасы жеңіске жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Дәстүрлі түрде өтетін жайдарман ойынын Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы, Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының қолдауымен Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ Маңғыстау облысы бойынша филиалы ұйымдастырды. Жарысқа «Жалын» жайдарман командасы, «Есенов құрамасы», «Татьяна» жайдарман командасы, «Маңғыстау.KZ» және «МГК құрамасы» қатысты. Олар «Сәлемдесу», «Командалық жамбы ату» және Жұлдызбен көрініс» кезеңдері бойынша сынға түсті. Әзіл алаңында өнер көрсеткен құрамаларға Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев, Дәулет Сағынтаев, Абылай Фазылбек, Арғынбек Қалбаев, Ақылбек Үсенов қазылық етті. Ал ойынды «Боранқұл» жайдарман командасының ойыншысы Нұрбол Сағидулла жүргізді. Ойын соңында қоғамдағы өзекті мәселелер мен келеңсіз оқиғаларды астарлы әзіл, қағытпа қалжың арқылы жеткізе білген «Маңғыстау.KZ» жайдарман тобының қатысушысы Ғалымжан Жексенов «Үздік ойыншы» атанса, мұнайлылық «Татьяна» жайдарман тобы жеңіске жетті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы ұсынды