15 қыркүйек күні елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогы үшін жайдарман ойындары өтті. Қазақстанның әр аймағынан 15 команда қатысты. Әзіл алаңында жаңаөзендік "Жалын" жайдарман командасы чемпион атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынған ойында бабы мен бағы қатар шапқан жаңаөзендіктер 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің мәдениет және жастар ісі жөніндегі орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы тапсырып, құттықтау тілегін жеткізді. Ал ойынға қазылық еткен қазақ сатирасының асқары Көпен Әмірбек әзілкештерді жоғары бағалады. «Жалын» Жайдарманда өзіндік стилін қалыптастыра білген ерекше команда. Бүгінгі ойында да тапқырлық межесінен шығып, Жаңаөзенде болып жатқан жағдайларды астарлы әзілімен керемет көрсете білді», - деді ол. Айта кетейік, бас қала әкімінің кубогы - жыл сайын Астана күні мерекесінің аясында ұйымдастырылатын дәстүрлі фестиваль. Биыл маңғыстаулық жастар жайдарманшылар тарихындағы екінші кубокқа қол жеткізіп отыр. Алғашқысын 2009 жылы ақтаулық «Барыстар» командасы алған болса, араға 10 жыл салып жеңісті жаңаөзендік «Жалын» командасы қайталады. "Жайдарман ойыны өте жоғары деңгейде өтті. Барлық облысты қамтыған әзіл алаңында өзекті мәселелер айтылды. Біздің команда Жаңаөзен қаласында болып жатқан келеңсіз жайттарды және қоғамдағы өзгерістерді қағытпа қалжың арқылы жеткізе білді. Астарлы әзіл арқылы көрерменге ой тастап әрі жүздеріне күлкі ұялатқанымыз үшін қуаныштымыз", - дейді "Жалын" жайдарман командасының мүшесі Берік Сұңғатов. «Жалын» жайдарман командасы 2013 жылы құрылған. Қалалық, облыстық, аймақтық лигаларда ойнаған тәжірибелі команда. 2018 жылдан бері Есен Елеукен жетекшілік ететін Жайдарманның жоғары лигасында өнер көрсетіп жүр. Қазіргі таңда командаға «Өзенмұнайсервис» ЖШС демеушілік етеді.
Айжан НАСЫРОВА
Суреттерді "Жалын" жайдарман командасы ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85307,85308,85311,85312"]