ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, республикамыздың әр аймағында тазалық шараларын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Республикалық чэлленджге министрлікке қарасты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері қатысты. Жалпы республикалық деңгейде өтіп жатқан акция қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Маңғыстау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК филиал директоры Ербол Байжігіттің айтуынша, маңызды экологиялық шараны мемлекеттік корпорацияның барлық аймақтағы филиалдары мен ҚР ЦДИАӨ министрлігіне қарасты мекемелер қолдады. «Бүгін біз әріптестерімізбен 15 шағынаудандағы теңіз жағалауы аймағын тазартудамыз. Қызметкерлеріміз туған жерді көркейтуге өзіндік үлес қосып жатыр. Ғасырлар бойы ыдырамайтын пластик сияқты қоқысты жинау – өте маңызды. Өңір тұрғындарын осындай тазалық акциясын қолдауға ғана емес, айналаны таза ұстап қалдықтарды тастамауға шақырамын», – деді ол.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Маңғыстау облысы «Азаматтарға арналған үкімет» МК филиалының баспасөз қызметі ұсынды