Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың бірінде (анық қайсы жылы екенін ұмытып қалыппын - автор) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлау кезі болатын. Сайлауға депутаттыққа кандидат болып Маңғыстау облысынан жазушы Әбіш Кекілбаев пен Сағидолла Төленов деген жастар ұйымының өкілі тіркелген. Осы науқанға орай депутаттыққа кандидаттардың өз сайлаушыларымен кездесулерінің қызу жүріп жатқан шағы.
Сол қарсаңда Бейнеу ауданына депутаттыққа кандидат Әбіш Кекілбаев келіп, ауыл-елді аралап, сайлаушыларымен кездесулер өткізді. Сапар барысында Әбекең Сыңғырлау совхозына келіп, кездесу өткізеді деген хабар құлағыма тиген соң кездесу болатын мезгілде совхоздың кеңсесінде өтетін кездесуге баруға дайындалдым. Қасыма баламды ертіп, қолтығыма Әбекеңнің «Ұйқыдағы арудың оянуы» деген кітабын қысып, кеңсеге келдік. Әбекеңнің бұл кітабын 1980 жылы Ақтау қаласына бір барғанымда дүкеннен сатып алғанмын. Қолыма жиі алып оқып, Маңғыстаудың арғы-бергі тарихынан көп мағлұматқа қаныққан едім. Біз барсақ, жиын болатын клуб халыққа лық толған екен. Әзер дегенде кейінгі жағынан орын тауып отырдық. Бір кезде есіктен 5-6 адам кіріп, төрге барып жайғасты. Әбекеңді кітаптан көріп жүргеніміз болмаса, мынадай жақын жерден көргеніміз жоқ еді. Міне, бұйра шашты, алып денелі атақты жазушымыз алдымызда отыр. Ғажап!.. «Қандай бақытты жанбыз, Әбекеңдей жазушымен жүздесіп, сөзін тыңдағалы отырмыз» деген ерекше сезім қуанышқа кенелтіп, бойымызды билегені жасырын емес еді сол сәтте. Жиынды совхоз директоры Наурыз Балмұханов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегінде депутаттыққа кандидат Әбіш Кекілбаевтың сенімді өкілі деп таныстырылған РАЙПО-ның төрағасы Табылды Қалменов ел аралап келген сапарларының мән-жайын айтып, Әбекеңнің өмір жолынан баяндап берді. Содан соң сөз кезегі Әбекеңе берілді. Қаратаудай алып денесімен балпаң басқан Әбекең мінбеге көтеріліп, сөйлегенше, залдағы қол соққан қошамет толастаған жоқ. Әйтпегенде ше?!.. Әлемге әйгілі болған сөз зергері, атақты жазушы, жерлесіміз Әбіш Кекілбаевпен жүздесіп, оның сөзін өз аузынан тыңдау әрбір ойлы оқырманның, өнер жанашырының көптен күткен арманы емес пе?!.. Мен де осындай сезімде болғаным рас. Байыппен сөз бастаған Әбекең, Қаратаудың бұлағындай көмейі бүлкілдеп, ақтарыла берді. Зал тып-тыныш. Төңірегіме көз салып едім, жұрттың назары Әбекеңе ауған екен. Үнсіз тыңдап, ұйып қалыпты. Сол кездегі елдің жағдайы мен саяси өмірінен тоқтаусыз толғады кеп... Өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының бағыт-бағдары жайлы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған саясаты мен мақсаттарынан хабардар етті. Көсіліп сөйлеген Әбекең, жүргізіліп жатқан сайлау науқанының мән-маңызына тоқталып, депутаттыққа кандидат ретінде халықтың сенімін орындау үшін өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, оны іске асыруға жан-тәнімен кірісіп, үлесін қосатындығын айтты. Өлара шақта халқына қызмет етуді мақсат етіп, ел аралап жүргенін жеткізді. Бұл жылдар ел жағдайы қиындап бара жатқан кез еді. Жұрт жалақысы мен зейнет ақысын уақытында ала алмай, «Япырмай, заман қалай болып кетер екен?» деген күдікпен жүрген. Ертеңіне алаңдап, екі ойлы болып отырған халықты Әбекең басу айтып, сабырға шақырды. Сонда Әбекеңнің сөзі құлаққа жағып, көңілдерге сенім ұялатқаны да шындық. Бір сағатқа жуық сөйлеген Әбекеңнің сөзінен ешкімде жалыққан жоқ. «Енді не айтар екен?» дегендей жиналғандар құлағын түрумен болды. Жиын аяқталған кезде жұрт Әбіш отырған төрге қарай жылжыды. Сағынып, көруді армандаған жұрт Әбекеңді қаумалап, есен-саулық сұрасып, мәре-сәре болып жатты. Бірқатары қолдарына Әбекеңнің кітаптарын ала келген екен, қолтаңбасын алуға ілгері ұмтыла түскен. Біз де бір шетінен Әбекеңе әзер дегенде жетіп, қолында кітабы бар баламды ілгері оздырып, Әбекеңнен қолтаңба алғанымызда жасыратын несі бар, бір бақытқа қол жеткізгендей әсерде болдық. Әбекең кітаптың алдыңғы бетіне маржандай сөздермен «Серік, биік самға!» деп жазып берді. Қуанышымызда шек жоқ, бір арманымыз орындалып, үйге қарай беттеумен болдық. Әбекеңнің қолтаңбасы бар сол кітап әлі бар. Құнды дүниеміздің біріндей сақтап жүрміз. Қолымыздан түспейді. Маңғыстау тарихына немесе аңыздарына қатысты ұмытқан жерлерімізді осы кітаптан оқып, танымымыз ды ұштаумен келеміз. Сол кездегі Әбекеңнің батасы іспеттес бұл қолтаңба бізге, соның ішінде балама шапағаты тиіп,жігер бергендей болды. Балам мектепті бітірген соң жоғарғы оқу орнына түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша Ақтау мемлекеттік университетінен сапалы білім алып шықты. Қазіргі кезде ауылдың жас ұрпақтарына білім мен тәрбие беруді мақсат етіп, білім саласында абыройлы еңбек етіп жүрген жайы бар. Отбасылық өміріміздегі мұндай жақсылықтарды Әбіштей ғұламаның берген қолтаңба-батасының қабыл болғаны деп білеміз. Әлқисса, сол сайлауда Әбекең сайлаушылардың басымдықпен қолдауының нәтижесінде жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғанын ақпарат құралдарынан естіп білдік. Одан соң да, ұмытпасам, Семей облысынан бір ауыздан халықтың қалаулысы болып, Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланып, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы қызметінде болғаны да елдің есінде шығар. Төраға болып тұрған кезінде Өмірзақ Озғанбаевпен бірге Бейнеуге тағы да келіп, Сарға ауылында кездесу өткізгенін білемін. Оған барудың маған сәті түспеді. Аудандық газеттің редакторы Сали Адайдың өзі қатысып, хабар дайындап еді. Осылайша Әбекең, тәуелсіздік алған Қазақстанның алғашқы жылдары, яғни өтпелі кезең-өлара шақта, елдің қоғамдық-саяси өміріне араласып кетуінің себебін «Мен жазушы болмасам, саясатқа араласпас едім...» депті. Бұдан Әбекеңнің қолынан келіп, қабілет-қарымы жетіп тұрған соң тартыншақтамай елге, Отанға адал қызмет етсем деген ыстық ықыласы мен ақниетінің болғанын аңғару қиын емес. Бұл мансап қуғандық емес, сол бір алмағайып, қиын кезеңде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бейжай қарамайтын, жанашыр жан екенін ағынан жарылып айтқаны емес пе?! Мен Әбекеңді осыдан кейін 2001 жылы Бекет атаның 250 жылдығына арналған, Сұмса жеріндегі аста тағы да көрдім. Қара ормандай халық жиналған салтанатты жиында ең алдымен Әбекеңе сөз кезегі берілген еді. Сонда да Әбекең Бекет атаны жан-жақты сипаттап, жұртты білгірлігімен, шешендігімен тәнті еткенін құлағыммен естіп, көзіммен көргенім бар. Мінберде, Әбекең сөйлеп тұрғанда ұшқан шыбынның даусы естілмейтін тыныштық орнады. Жұрттың ықыласы Әбекеңе ауып, тым-тырыс тыңдады. Расын айтайын, Әбекеңнен кейін сөйлеген кісілердің сөзі дұрыс естілмеді. Бағана Әбіш сөйлегенде үнсіз тыңдаған жұрт, кейін қозғалысқа түсіп, соңы күбір-сыбыр әңгімеге ұласты да кетті. Ештеңені естіртпеді. Жасыратыны жоқ, бұл Әбекеңнен кейін сөйлегендердің сөзінің мәні болмағаны шығар деген ойда болдық. Міне, бұл, шешен Әбіштің, дана Әбіштің,сөз зергері Әбіштің, мемлекет пен қоғам қайраткері болған сұңғыла саясаткер Әбіштің менің қарапайым оқырман ретінде,оның сан алуан қырының көзім көріп, куәсі болған тұстарынан аз-кем түйгенім еді.К. БӨКЕНБАЙТЕГІ