Үстірттің дархан даласы мұндай елдік мерейлі Ас, ұланғайыр ұлағатты да тағылымды, іргелі істі көптен бері бастан өткермеген де болар. Ақ қанат үйлер тігіліп, сән-салтанаты жарасқан сайын далада ата-баба рухына құран бағышталды. Қаз-қатар тізілген қалың жұрт екі қолын жайып, сауапты істің қабыл болуын Жаратқаннан тіледі. Содан кейін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов пен Сисем ата және қауымдағы ата-бабалар рухына арналған асты ұйымдастырушылар алқасының төрағасы Самат Мұсабаев сөз сөйледі. «Бүгінгі беріліп жатқан ас – мызғымас бірліктің айшықты үлгісі. Ойы ортақ мүдде арнасында тоғысқан ел азаматтарының жемісті жобасы. Іргелі істің басы-қасында жүрген барша ұлтжанды азаматтарға, мұнайшылар мен кәсіпкерлерге риясыз алғысымды білдіремін. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуі сіздердің табанды еңбектеріңіздің нәтижесі деп білемін. Бірлік пен берекеге бастау болар игі шара бұдан әрі де өз жалғасын табарына сенімім мол», - деп атап өтті аймақ басшысы Серікбай Трұмов. «Ойға алған іс орындалған кезде бойыңды бір қанағат пен шүкіршілік сезімі билейді екен. Әуелі Алла, содан кейін ас хабары шыға салысымен қамшы салдырмастан қолдап жүрген ағайынға алғыс айтамын. Әулие-әмбиесін әспеттеген бабалардың ұрпағымыз, бұл жолда тастүйін тұтастық көрсеткеніміз өткенге деген шексіз құрметтің белгісі деп ұғамыз. Ағайын, ас – өліге құрмет қана емес, тіріге бірлік. Ас – әруаққа құрметпен қатар азаматқа абырой. Ас – тарихқа тағзыммен қатар болашаққа бағдар. Күнделікті күйбең тірлікпен жүргенде көп азаматтың кемел ісін көре бермейтініміз рас. Ал айтулы астарда жұмыла қызмет ету-шынайы елдіктің нышаны. Бүгін осы міндетімізді атқарып тұрмыз, ағайын», - деп жылы лебізін білдірді Самат Мұсабаев. Асқа алпыс үй Адай, екі үй Беріш, бір үй Таз, содан кейін Сисем атаның ұрпақтары үй тігеді деп жоспарланған екен. Алайда ел бірлігінің арқасында 130 киіз үй тігілді. Бұл – халықтың татулығы мен ынтымақтастығының айқын көрінісі. Сөз бен ой түйініне келсек, осы өлкеде туып- өскен, ауасын жұтып, суын ішкен әрбір перзент "Сисем Ата" басында болмай, өзін осы өлкенің перзентімін деп атауы әбестік болары сөзсіз! Алла Тағала бабалар рухына арнап берілген ас-садақаны қабыл еткей!
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85252,85254,85253,85248,85247,85249,85251,85250,85230,85234"]