Ақтау қаласында Каспий маңы мемлекеттерінің 1-пәнаралық эндохирургиялық Конгресі өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан, Франция, Италия, Украина, Грузия, Оңтүстік Кореяның жетекші хирургтері қатысты. 4 күнге созылатын Конгресс барысында халықаралық сарапшылар сөз сөйлеп, дөңгелек үстелдер, баяндамалар және пікірталастар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Ресей, Әзірбайжан, Франция және Қазақстанның жетекші эндоскопиялық хирургтерінің қатысуымен шеберлік сыныптары өткізіледі. Маңғыстау өңірінде өтіп жатқан Конгресс—хирургияның, гинекологияның, онкологияның, балалар хирургиясының, әсіресе әртүрлі ауруларды хирургиялық емдеудің өзекті мәселелерін талқылау үшін тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар, шараның Каспий маңы елдерінің хирургиялық қауымдастығы өкілдерінің ынтымақтастығын нығайтуда маңызы зор болмақ. Конгресті кіріспе сөзін алған Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев аймақта жасалатын оталардың 70% астамы қазіргі заманғы эндохирургиялық технологияларды пайдаланумен өткізілетінін атап айтты. Маңғыстаулық хирургтер елде алғашқылардың бірі болып жетекші шетелдік клиникаларда эндоскопиялық хирургия бойынша тағылымдамадан өткен. Өңірдің бас дәрігеріалдағы жылдан бастап елімізде жүзеге асырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы да айтып өтті. Басқосуда сөз алғандар қатарында Конгрестің құрметті төрағасы Серік Тоқпанов, еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев бар. Конгрестің алғашқы күнінде колоректалды хирургияның болашағы, онкологиядағы лапароскопия, балалардағы қолқа және оның тамырларындағы эндохирургиялы оталар, қазіргі замандағы эндоскопиялық хирургия, қателер мен асқынуларды алдын-алу, еліміздегі транспланттауды үйлестіру қызметі, ұйқыбезінің жылауық неоплазиясын оптималды емдеу, егіздерге трансфузия синдромын фетоскопиялық емдеу мәселелері талқыланды. Төрт клиникалық базада, атап айтқанда Маңғыстау облыстық ауруханасы, перинаталдық орталық, балалар ауруханасы және онкологиялық диспансерде отандық және шетелдік жетекші эндоскопиялық хирургтер қазіргі заманғы эндохирургиялық жабдықта құрсақ қуысы, кіші жамбас және ішперде артындағы кеңістік ағзаларында 3D, HD, ICG, 4K форматтарында визуалдаумен жоғары технологиялық операциялар жасау жоспарланған. Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының директоры Жамал Жаманбаеваның айтуынша, ғылыми-практикалық сессия барысында жатыр мойыны обыры хирургиясындағы лапароскопияның мүмкіндіктері мен шектеулері, онкогинекологиядағы инновацияларға көбірек көңіл бөлінбек. - Гинекология саласындағы лапароскопиялық операциялар жасауда әр дәрігердің өз тәжірибесі болады. Ал операцияларды трансляциялау кезінде аналық без обырының таралған түрі кезіндегі лапароскопиялық толық бірінші циторедукцияның дүниежүзіндегі алғашқы тәжірибесі, лапароскопиялық жамбасты лимфодиссекцияс және енгізу кезеңдеріне мән беріледі. Сонымен қатар, электрохирургияның физикалық негіздері, репродуктивтік жастағы әйелдерге жатыр мойыны патологиясын емдеудің қазіргі заманғы әдістері, бастауыш эндоскописттің дағдыларын дамытудағы Wetlab рөліне де ерекше мән берілмек, - деді ол. Конгресс қорытындысы бойынша ғылыми материалдар жинағы шығарылмақ. Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табысталады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85192,85191,85190"]