«Ақ жол – жастар» жастар қанатының əуесқой əртістері «Елім деп өткен ер Жалау» атты тарихи қойылымынан үзінді сахналады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тарихи қойылымның авторы – жазушы, ұстаз, драматург Өтен Ахмет. Қойылым 1919-29 жылдар аралығындағы күрделі қоғамдық-саяси жағдайдағы қазақ ауылын бейнелеген. Ауылға Иса ақын келіп, жаңа Үкімет басшысы Жалау Мыңбайұлы қазақ ұлтына ата-бабадан мирас болып жеткен ұлттық мерекені тойлауға рұқсат бергенін қуанышпен хабарлайды. Мәре-сәре болған ауыл халқы қуанышты жаңалықтан кейін мерекені ашық тойлауға кіріседі.
«Қойылым арқылы Жалау Мыңбайұлының ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен нағыз ұлт жанашыры екенін, жастарға Наурыз мерекесін тойлаудың қалай жеткенін жеткізгіміз келді. Келешегін ойлаған ұлт қайраткері Иса Байзақов көрініс тапқан қойылымның қазіргі жастар үшін маңызы жоғары екені даусыз», - дейді «Ақ жол – жастар» жастар қанатының жетекшісі Гүлмайса Шаңбаева.
Қойылым соңы жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Наурыз мерекесінің тарихы тамырынан сыр шертер қойылым бүгін Қарақия ауданында сахналанады. Айта кетейік, шығарма «Mangystau Nauryz Fest-2021» жастар фестивалі аясында сахналанып отыр.